Әр қазақстандыққа 10 сотық жер. Мазалайтын сұрақтар
10 сотық — жаңа мемлекеттік бағдарлама ма? Учаскені кім тегін ала алады? Тұрғылықты тіркеуде болу керек пе? Бірнеше аймақта жер алу үшін кезекке тұруға бола ма? Алматыда, Нұр-Сұлтанда қалай алуға болады? Алматының шетінен жер бере ме? Мәңгіге бере ме? Учаскені бірден сата аламын ба? Кезек келгенін қалай білемін, қанша күту керек? Көпбалалы отбасына тезірек беріле ме?
Автор: Заира Сабитова
10 сотық жерді тегін алу үшін онлайн кезекке тұру туралы хабар Қазақстанда біраз шу шығарды. Күніне 100 мыңнан астам өтініш түскен. Адамдар түсінбек әлек. Қандай жер телімін береді, кімге береді, қандай жағдайда береді, кезек жылжи ма? Жермен не істеуге болады, не істеуге болмайды?
10 сотық — жаңа мемлекеттік бағдарлама ма?
Жоқ. Жер учаскесін алу құқығы Заңның «Жер қатынастары туралы» 50- бабымен анықталады.
Учаскені кім тегін ала алады?
Қазақстанның кәмелетке толған әрбір азаматы меншігінде басқа жер телімі, пәтері немесе үйі бар-жоғына қарамастан, 10 сотық жер алуға өтініш бере алады.
Алдын ала болжам бойынша, қазірдің өзінде бірнеше жыл бұрын әкімдікке құжат тапсырғандармен бірге кезекте 1,5 миллионнан астам адам тұр.
Тұрғылықты тіркеуде болу керек пе?
Жоқ. Сіз тұрғылықты жері мен тіркелген жеріне қарамастан Қазақстанның кез келген қаласында немесе ауданында орналасқан жер учаскесіне өтініш бере алады.
Бірнеше аймақта жер алу үшін кезекке тұруға бола ма?
Иә. Бірақ учаскеге кезегі тезірек келетін аймақтан бір-ақ рет беріледі, басқа аймақтардағы кезек автоматты түрде жойылады.
Қалай кезекке тұруға болады және қандай құжат қажет?
Өтініш eGov.kz порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Сізге тек ЭЦП қажет.
Алматыда немесе Нұр-Сұлтанда жер телімін қалай алуға болады?
Мегаполистерде көптен бері бос жер жоқ. Мәселен, елордада кезек 2007 жылдан бері тоқтатылған. Алматыда – 2006 жылдан бері.
2022 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша Шымкентте де бос орын жоқ.
Алматының шетінен жер бере ме?
Алматыға іргелес үш аудан: Іле, Қарасай, Талғар. Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2021 жылы онда 616 жер телімі берілген. Бірақ кезекте тұрғандар саны 70 мыңға таяп қалғанын есте ұстаған жөн. 2022-2023 жылдарға арналған жоспарда 1070 жер учаскесін беру қарастырылған. Бұл қарқынмен кезекті 70 жыл күтуге тура келеді.
Жерді мәңгіге бере ме?
Бастапқыда үй салынып, пайдалануға берілгенге дейін учаске уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы негізінде беріледі. Келісімшартта игеру мерзімі көрсетілген. Оны жергілікті әкімдік анықтайды және көбінесе 3 жыл.
Тұрғын үйді пайдалануға беру актісіне қол қойғаннан кейін ғана меншік иесі бола аласыз.
Жер телімін алған соң оны бірден сата аламын ба?
Жоқ. Уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы жылжымайтын мүлікке билік етуге мүмкіндік бермейді.
Нысанды сату үшін оны мүлік ретінде тіркеу қажет. Мұны үй салу арқылы ғана істеуге болады.
Жер алып, ештеңе салмауға бола ма?
Заңға сәйкес, шартта көрсетілген мерзімде жер телімі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаса, тыйым салынып, мемлекет қорына қайтарылады, ал алушыға айыппұл салынуы мүмкін.
Игеру дегеніміз не?
Заңда нақты тұжырым жоқ, бұл үлкен мәселе.
Әдетте бұл құрылысты ғана емес, сонымен қатар оның алдындағы процедураларды да қамтиды деп есептеледі. Мысалы, геодезиялық жұмыс, жоба әзірлеу және т.б.
Учаскеде не істеуге болады?
Екі тағайындалған мақсаты бар: ЖТҚ (жеке тұрғын үй құрылысы) және ЖҚШ (жеке қосалқы шаруашылық). Бұл учаскеде пайдалануға берілген үй болуы керек дегенді білдіреді. ЖҚШ жағдайында үй шаруашылығын жүргізуге арналған құрылыс та болуы мүмкін.
Үйдің орнына уақытша шағын үй салуға бола ма?
Жоқ. Үй жергілікті әкімдіктегі сәулет органдарымен келісілген жобасы бойынша салынуға тиіс. Кейбір жағдайда (сейсмикалық аймақтағы екі қабатты үйлер) сараптама қорытындысы да қажет.
Кезек келгенін қалай білуге болады?
Кезектің қалай жүріп жатқанын eGov.kz порталында тексеруге болады.
Қанша уақыт күту керек?
Мұның бәрі аймақта қанша жер дайындалғанына және бұл қордың қаншалықты тез толтырылатынына байланысты. Жер учаскелері су құбырымен және электрмен қамтамасыз етілуі керек, ондай жерлер көп емес. Сондай-ақ кезектің реті де маңызды. Елдімекен неғұрлым сұранысқа ие болса, күту де ұзағырақ болады.
Мысал ретінде Алматы облысын қазіргі көрсеткішімен алсақ, онда жағдай мынадай: 160 мыңнан астам адам кезекте тұр, ал 2021 жылы 2,5 мың жер телімі берілген. Осы қарқынмен орташа есеппен 64 жыл күтуге тура келеді.
2022 жылы Алматы облысында 4,9 мыңнан астам, 2023 жылы тағы 2,5 мыңнан астам жер учаскесін беру жоспарланған.
Көпбалалы отбасына жер телімі тезірек беріле ме?
Жоқ. Учаскелер жалпы кезек тәртібімен таратылады, ал өтініш берушінің мәртебесі ескерілмейді.
Материал krisha.kz сайтынан аударылып алынды.