{metadescription}
Болашақ мамандық: Таңдау. Сұранысқа ие. Жұмыс орындары

Болашақ мамандық: Таңдау. Сұранысқа ие. Жұмыс орындары

Қазақстанда қай мамандықтар жиі таңдалады? Болашақта қандай мамандық сұранысқа ие болады? Қай салада жұмыс орны көп? Қай салада грант саны артты? Болашақта қандай мамандарға сұраныс артады? Мамандықты қалай дұрыс таңдау қажет? ЖОО бітіргендердің 60%-ы неге өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді?

Мектеп түлектеріне кәсіптік бағдар беру қалай жүргізіліп жатыр? Болашақ мамандық таңдауда нені ескеру керек? Сарапшылардың пікірін білейік.

Мектеп түлектерінің тегін оқу үшін өзіне сай емес  мамандықты таңдауға мәжбүр. Ақыры оқыған мамандығымен емес,  мүлдем басқа салаға кетіп жатады. Ендеше биылғы түлектерге қажет, мамандық таңдауға қажет материалды қараңыздар.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:

PISA зерттеуінде жасөспірімдер арасында қай мамандықтарға қызығатынын айтты. Зерттеудің барлық үш циклінде мамандық таңдаудың алдыңғы қатарында дәрігер мамандығы тұр. Тәжірибелік дәрігер 2022, 2015, және 2018 жылғы зерттеулер барысында ең жиі таңдалған. Сондайақ зерттеу нәтижесінде жеткіншектердің педагог мамандығына да қызығушылық артқаны анықталды.

Бұл – біздің мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған жұмысымыздың нәтижесі. Зерттеудің үш циклі ішінде осы мамандыққа қызығушылық танытқан оқушылардің үлесі екі есеге немесе 5%-ға өсті. Атап айтқанда, осы мамандықты таңдау бойынша PISA 2015 зерттеуінде 7-орында болса, ал PISA-2022-де 2-орынға дейін көтерілді. 2022 жылы оқушылардың 9%-ы «Жалпы білім беретін мектептегі мұғалім» мамандығын болашақ мамандығы ретінде таңдады.

ТОП-10 жиі таңдалатын мамандықтар

  • Дәрігерлер;
  • Педагогтар;
  • Стоматологтар;
  • Тауарлар мен киім дизайнерлері;
  • Ғимарат, құрылыс сәулетшілері;
  • Спорт жаттықтырушылары, нұсқаушылары, спорт саласындағы мамандықтар;
  • Психологтар;
  • Косметология;
  • Жарнама, маркетинг саласындағы мамандықтар;
  • Графикалық және мультимедиа дизайнерлері.

Жасөспірімдерге кәсіптік бағдар беру қалай жүргізіледі?

Оқушылар арасында «профориентация» жұмысы тек колледждер мен университеттер өз оқу орнын жарнамалағанда ғана жүреді. Соның салдарынан оқушыларға кәсіптік бағдар беру жүйесі дұрыс қалыптаспауының әсері елдегі нарық жүйесін бұзып, кей мамандықтың тапшылығына әкеліп соғады. Осыған байланысты елге қанша кадр қажет екенін болжауға, түлектер мен олардың отбасына болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік беру жұмысы мектептерде қалай жүзеге асырылып жатыр?

Аятжан Ахметжан, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназия директоры:

Мектептерде кәсіптік бағдар беру міндеттелмейді, әр білім мекемесі бұл жұмысты әрқалай жүргізеді. Ол жасөсіпірімдерге кәсіптік бағдар беру жұмысымен белгілі бір деңгейде университеттер де айналысуы керек екенін жеткізді.

Кей мектептер кәсіби бағдар беру мақсатында әр саланың мамандарын шақырып кездесулер өткізеді. Ал кей мектептер мүлде жүргізбейді. Көбіне оқушылар кәсіптік бағдарды интернет арқылы алады деп ойлаймын. Кәсіби бағдар беруге университеттер де мүдделі болу керек. Алайда көп оқу орындары мемлекеттік грантқа сеніп алған. «Онсыз да студентке грант беріледі, біздің қоржынымыз толық» деген түсінік бар. Грант мамандыққа бөлінеді. Университет мамандықтардың насихатын жасайтын болса, онда ол өтімдірек болатын еді. Ол университеттердің PR бөлімінің жұмысы оқушыға бағытталмаған. Сала бойынша мамандарды даярлаумен айналысатын университет болғандықтан, бұл маңызды істің елеусіз қалып жүргенін ескертті.

Мектеп директоры ретінде білетінім, Ресей университетінің қызметкерлері бүкіл Қазақстан мектептерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал елордадағы университеттер тіпті осы қаладағы мектептерді де араламайды. Бұның өзі - үлкен олқылық.

Мәнсия Сапарғалиқызы, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор:

-  Жоғары оқу орындары мен мектеп жұмысын біріктіретін мүмкіндік жасау қажет. Кәсіби бағдар беру жұмысы жүріп жатыр. Алайда оны жаңа сатыға көтеру керек. Мәселен, арнайы мамандықтарға байланысты сайттар ашу, хабарлар жүргізу, университет жанынан абитуриенттерге мамандықтарды таныстыру. Бұл жұмыс жүріп жатыр, бірақ кең көлемде емес. Осы тұста жоғары оқу орны мен мектеп жұмыстарын біріктіретін мүмкіндіктер жасау керек деп ойлаймын.

Мамандықты қалай дұрыс таңдау қажет?

Мәнсия Сапарғалиқызы, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор:

Қоғамға кез келген саланың білікті мамандары қажет. Қоғамда экономиканың дамуы, технологиялық процестердің енуіне байланысты бір мамандық жойылып, жаңа мамандық ашылып отыратынын ескеру қажет.

Қазір цифрландыруға өту барысында электрондық құжатарға көшуге байланысты IT жүйелерінің мамандары қазір де, болашақта да керек болады. Сонымен қатар дәрігерлер мен мұғалімдер қай уақытта да сұранысқа ие. Педагогикалық сапаны көтеруге көп көңіл бөлініп жатыр. Пандемия кезінде медициналық мамандардың тапшылығына куә болдық. Медицинаның белгілі бір саласына маманданған білікті дәрігерлер қажет екені де көрініп қалды. Әсіресе, вирусолог мамандардың маңызын вирустық аурулар тараған кезде жете түсінгендей болдық. Сондықтан да адам жанының арашасы білікті де білімді дәрігерлердің көп болуына жағдай жасау керек.

ЖОО бітіргендер неге өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді?

Мәнсия Сапарғалиқызы, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор:

- Жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрмайды. Оған бірнеше себеп бар. Кейбірі грант үшін өзі қаламаған мамандықта білім алуға мәжбүр болады. Кейін оқу бітірген соң ол бағытта жұмыс істемейді. Міндетті түрде кәсіби бағдарды саналы түрде, дұрыс жасау керек. Жастар мамандықты беделі мен жалақысы үшін таңдаса, тиісінше тек диплом алу үшін ғана оқиды. Сондықтан да кәсіби білім сапасының деңгейі жеткіліксіз болады. Мамандықты материалдық құндылықтар үшін ғана емес, жүрек қалауымен таңдау кәсіби шебер мамандардың көбеюіне алып келеді. Сол үшін мамандықты мектеп бітірер сәтте ғана емес, бірнеше жыл бойы саралап, ойланып таңдау керек.

Аятжан Ахметжан, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназия директоры:

Әр бітіруші түлек өзіне «мамандық таңдауда қателеспеу үшін қай салаға барсам, білікті маман болып шығамын?» деген сұрақты қоюы керек.

Тек техникалық мамандар керек, гуманитарлық мамандар қажет емес деу дұрыс емес. Заңгер көп, бірақ білікті заңгер аз, бізде экономист көп, бірақ білгірі аз. Сондықтан ең алдымен білікті маман керек. Бізде осы біліктілік жетіспейді. Мына салада маман жетіспейді екен деп бара беруге болмайды. Мәселен, ақпараттық технология мамандығын бітірген, алайда компьютердің не екенін білмейтін қаншама маманды көрдім. Сол үшін басты нәрсе қай салаға барсаң да, үздік маман болуды ойлау керек. Мұғалім болсаң - үздік мұғалім, дәрігер болсаң - үздік дәрігер болуың керек. Ал көптің бірі болудың пайдасы шамалы.

Қай салада жұмыс орны көп?

Ұлттық статистика бюросының мәліметі:

2021 жылы республика бойынша барлығы 36 976 бос жұмыс орны тіркелген.

  • Басшылық лауазым және мемлекеттік қызметтегі орын саны – 1 464.
  • Өндіріс және арнайы сервистік қызметтер саласындағы корпоративтік сектордағы мамандандырылған бөлімшелердің басшылары.
  • Мұнай-газ ісі инженерлері жетіспейді, 5 773.
  • Денсаулық сақтауда - 2 495;
  • Білім беруде 1 344 бос жұмыс орны тіркелген.
  • Қызмет көрсету;
  •  Сауда саласының жұмыскерлері, 5 559 орын;
  • Күзетші – 2 114 орын;
  • Сатушы мен сауда саласы жұмыскері – 2 099 орын;
  • Жүк көлігі, автобус және троллейбус жүргізушілері – 2 236 бос жұмыс орны тіркелген.

Қай салада грант саны артты?

Былтыр 51 мыңнан 56 мыңға көбейген еді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 73 мыңға жетті. Колледждерде білім алу үшін білім беру гранттарының саны да рекордтық көрсеткішке, яғни 31 мың грантқа дейін ұлғайып отыр. Гранттың басым бөлігі техникалық мамандықтарға беріледі.

Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына, педагогикалық және жаратылыстану ғылымдарына ерекше көңіл бөлінеді.

2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, техникалық кадрларды даярлау және техникалық бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыс үлесі 60%-ға дейін артқан.

Грант санын көбейту дипломы бар жұмыссыз жастардың артуына әкеле ме?

Кей мамандар «бірінші – сан, кейін - сапа» десе, біздің сарапшылар грант санының өсуі дипломы бар жұмыссыз жастардың артуына әкеледі.

Аятжан Ахметжан, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназия директоры:

- Керек мамандықтар үшін грант санын көбейте беру деген нәрсені мен түсіне алмаймын. Мәселен дамыған мемлекеттерде мемлекеттік грантты бөлмейді. Кейбір елдерде 6-7 мың ғана грант бөлінеді. Ал бітіретін түлектер саны бізбен салыстырғанда 10 есе көп, ал бөлетін грант саны бізден 10 есе аз. Бірде-бір грант бөлмейтін мемлекеттер де бар. Менің ойымша, үлкен компаниялар өзіне керек маманды өзі оқытып алуы керек. Оған не үшін үкімет қаржы бөліп оқыту керек?!

Мәнсия Сапарғалиқызы, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор:

- Грантты көбейте беретін болсақ, болашақта ол мамандықтарды бітірген мамандар арасында жұмыссыздық пайда болуы мүмкін. Сондықтан жақын болашақта, яғни 4-5 жылдан кейін осы мамандық бойынша бітірген түлектерге еңбек нарығында жұмыс бола ма, жоқ па, соны жоспарлай отырып қана грант бөлген дұрыс.

Аятжан Ахметжан, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназия директоры:

- Мемлекет тек әлеуметтік салаларға, соның ішінде медицина мен педагогикаға ғана грант бөлуі керек. Бізде ұлттық компаниялар грант бөлмейді. Оқушы компаниялардың грантына таласуы керек. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» грант бөлсе, мектеп бітіруші түлек болашақта сол компанияда жұмыс істейтінін, істемеген жағдайда сол қаражатты қалтасынан төлеу керек екенін нақты біліп, жауапкершілік алады. Мәселен, биотехнология деген мамандыққа мемлекет грант бөледі. Ал бітірген маман биология пәнінің мұғалімі болуға жұмыс іздеп жүреді. Бұл - үлкен қателік. Ал мемлекеттік грантты жаппай көбейте беру дипломы бар жұмыссыздарды көбейткеннен басқа ештеңе бермейді.

Ал техникалық мамандықтарға грант санын арттыру үшін ең алдымен зертханалық база болу керек. Бір ғана мысал айтайын, бізде былтырға дейін «Мұнай-газ» деген мамандыққа докторантураға 50 грант бөлініп тұрды. Ал ол докторант ғалымдарды даярлайтын бізде база бар ма? Өкінішке қарай, жоқ. Тіпті 5 докторантты дайындайтын университет базасы болса, қуанар едім. Грантты көбейте салу оңай, ал 70 мың студентті оқытатын университеттің базасы, қадрлық жағдайы жеткілікті ме деген сұрақ бірінші ойландыру керек. Жалпы қанша маманды даярлауға жағдайымыз жетеді, сонша грант бөліну керек. Себебі саннан сапа маңызды. Мемлекеттік грант - қомақты қаржы. Егер университеттерге мемлекеттік грант берілетін болса, соған сай талап болу керек. Әйтпесе пайдасы жоқ.

Болашақта қандай мамандарға сұраныс артады?

Жаңа мамандықтар атласын құрастыруда 9 сала бойынша 463 мамандық анықталған. Оған 52 жетекші сарапшы мен 2000-нан аса салалық сарапшы атсалысқан. Ұсынылған мамандықтар атласының материалдары технологиялық форсайт негізінде болашақты болжау әдістемесін пайдалануға негізделген. Технологиялық форсайт бізге алдыңғы қатарлы технологиялар мен инновациялардың дамуына байланысты қандай жұмыс дағдыларына сұраныс көп болатынын анықтауға мүмкіндік береді.

Жалпы атлас экономиканың 9 басым секторына бағытталған. Оның ішінде, тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс саласы бар.

Елімізде өнеркәсіп, құрылыс, көлік саласында мамандар саны жетіспейтінін байқаймыз. Алайда сарапшылар тек жоғары көрсетілген салаларда ғана емес, жалпы білікті де білімді, кәсіби әрі мамандығын жақсы меңгерген азаматтар саны кез келген секторда аз екенін алға тартып отыр. Демек, «саннан сапаға» көшетін уақыт жеткен секілді. Мемлекет жыл сайын гранттар санын көбейтіп қана қоймай, университет пен колледждердегі білім сапасына қатысты талаптарын да күшейтуге тиіс.

Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде