{metadescription}
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі

Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтінін жариялады.

 

Ардақты ағайын!

Баршаңызға Ұлттық құрылтайдың ашылуы құтты болсын дегім келеді.

Біз бүгін жалпыұлттық референдумнан кейін алғаш рет бас қосып отырмыз. Ата заңға өзгерістер енгізуге арналған референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысты. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты.

Референдумның қорытындысы баршаңызға белгілі. Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын. Осылайша, ел дамуының тарихи кезеңі басталды. Конституцияға енгізілген өзгерістермен бірге мемлекеттің саяси жүйесі өзгермек. Елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болады. Яғни, біз Екінші Республиканы құруға кірістік.

Алайда, кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар.

Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан

30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе.

Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады.

Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім.

Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.

Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды.

Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз Атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды.

Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды. Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы.

Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым. Бәріміз бабалардың аруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын деп тілейміз.

Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз.

Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады.

Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты.

Енді, Ұлттық Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру мәселесіне тоқталсам.

Оның құрамында ­­­117 адам бар. Құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысып отыр. Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз.

Құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шақырылды. Үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері де шет қалған жоқ. Құрылтай құрамына өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелерін қостық.

Мен Ұлттық құрылтай атына заты сай болып, ел үмітін ақтайды деп сенемін. Бізде түрлі пікірталас алаңдары бар. Бірақ, Құрылтайдың орны бір бөлек.

Құрылтай – кең ауқымды жиын. Бірақ, бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек. Отырыстарды мұқият ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жерде шын мәнінде халықтың үні естілуге тиіс. Кез келген адамды Құрылтайға қатыстыруға болмайды. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек. Бұл ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына кәміл сенемін.

Құрметті қауым!

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы мазмұнды болды деп айтуға болады. Халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылды. Тың ойлар ортаға салынды. Оларға көңіл аударамыз. Ұсыныстарды Құрылтайдың хатшылығы жинақтап, маған береді. Жазбаша пікірлеріңіз болса, жіберіңіздер. Құрылтай жұмысынан сырт қалған адамдардың ұсыныстарына да көңіл бөлеміз. Ой-пікірлердің ешқайсысы елеусіз қалмайды. Оның бәрін зерделеп, маңызды бастамаларды міндетті түрде бірге жүзеге асырамыз. Жалпы, жұмысты жүйелі, ұйымдасқан түрде жүргізуіміз керек.

Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды.

Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің Ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын.

Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз.

Референдум арқылы Ата заңымызға енгізілген түзетулер күшіне енді. Біз басқа да заңдарды Конституцияға сай өзгертуіміз қажет. Халық шынайы жаңғыру болады деп күтіп отыр. Сол үшін референдумда бастамамызды қолдап, сенім мандатын берді. Енді, конституциялық реформаны жедел әрі толық жүзеге асыруымыз керек. Қазірдің өзінде маңызды өзгерістер болып жатыр.

Мен референдумға дейін партия қатарынан шықтым. 5 маусымнан кейін бұл шешім конституциялық нормаға айналды. Мемлекет басшысы барлық саяси күштерден дербес тұруы керек. Президенттің әрбір іс-әрекеті тек мемлекет мүддесіне арналуға тиіс.

8 маусымда үш жаңа облыс құрылды. Өңір басшылары Ата заңның жаңа талаптарына сәйкес тағайындалды. Мәслихат депутаттары дауыс беріп, әкімді мен ұсынған азаматтардың ішінен таңдады.

Конституциялық өзгерістер, осылайша, кезең-кезеңімен қолданыла бермек. Жаңарған Конституция толыққанды қолданысқа енуі үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы және басқа да бірқатар заңдарды өзгертеміз. Бұл елді табысты жаңғырту тұрғысынан өте маңызды. Заңдарды қабылдау үшін бірнеше ай, тіпті, жарты жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ, реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайды. Жұрт нақты өзгерістердің қазір болғанын қалайды. Сондықтан, депутаттарымыз негізгі заң жобаларын осы кезден жинақтай беруі керек. Сосын күзгі сессия басталғанда бірден іске кіріскен жөн. Басты заңдар жыл соңына дейін қабылдануға тиіс. Сонда ғана жан-жақты жаңғыруды жоғары қарқынмен жалғастыра аламыз.

Жалпы, конституциялық реформа саяси жүйенің тепе-теңдігін орнықтырады. Осы іс-шаралар халқымыздың мемлекетті басқару ісіне қатысуына мол мүмкіндік береді. Бұл – өте дұрыс. Мен мұны толық құптаймын. Себебі, сол арқылы жанашыр азаматтар ортақ іске жұмылады. Барлық шешімдер ел мүддесі тұрғысынан қабылданады.

Билік пен қоғамның әріптестігі Әділетті Қазақстанды құру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс. Осы орайда, референдум жаңа қоғамдық мәміленің негізін қалыптастырды. Біз ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет. Бұл – Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті. Сондықтан, мынадай бағыттарға назар аудару қажет деп ойлаймын.

БІРІНШІ. Жалпыұлттық бірлікті нығайту

Біз демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрамыз. Бұл – стратегиялық бағытымыз. Осы бағдарды берік ұстануымыз керек. Соңғы үш жылда бұл салада біраз нәтижеге жеттік. Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идеялар ұсынылды. Митингілер туралы демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз.

Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту.

Біз, ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Халықтың болмысын және қоғамдық сананы жаңғыртпай, түбегейлі өзгеріс жасау мүмкін емес.

Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз.

Демократия дегеніміз – керемет өмір туралы жалпылама ұғым, түсінік емес. Бұл – күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты. Атаққұмарлар мен алаяқтардың жалаң ұраны мен құрғақ уәдесіне алданбау қажет. Еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерді дау-дамаймен емес, ұтымды ой-пікірмен, парасатты пайыммен және саналы көзқараспен шешкеніміз абзал. Біз «түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз қажет. Бір-біріміздің ой-пікірімізді тыңдап, құрметтей білсек, алға қадам басамыз.

Біз демократиялық реформа жасаймыз деп, мемлекетті әлсіретуге еш жол бермеуіміз керек.

Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда еліміздің ең басты құндылығы – егемендік екенін атап өттім. Қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін Қазақстанда саяси белсенділік күрт артты. Жаңа саяси партиялар және қозғалыстар құрылып жатыр. Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде түрлі мәселелерді көтеріп жүр. Шыны керек, кейде мүлде ақылға сыймайтын пайымдар да айтылады.

Жұрт даулы мәселелерге наразылық білдіріп, көшеге шығатын болды. Заңды белден басатын азаматтар да жоқ емес. Біртіндеп демократия жолына түсу кезінде мұндай жағдайлардың болуы – түсінікті. Бірақ, Заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін әрдайым есте ұстау қажет.

Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс.

Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді.

Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек.

Елімізде әлі шешімін таппаған түйткілдер көп. Оған көз жұма қарау қоғамда әділетсіздік жойылмайды деген теріс ой туғызып, әлеуметтік депрессияға әкеп соқтырады. Біз бар күш-жігерімізді салып, осы мәселені шешуіміз керек. Мемлекет пен халық мүддесін бәрінен биік қойғанда ғана, мақсатымызға жетеміз.

Нағыз мемлекетшіл адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауы керек. Мен баршаңызды дәл осындай отаншыл азаматтар деп санаймын.

Ұлтымыз бірлік пен тәуелсіздік мұраттары жолында ұйысуы қажет. Ұлттық құрылтай мүшелері осы мақсатқа бар күш-жігерін жұмсайтынына кәміл сенемін. Сонда ғана озық демократия дәстүрін қалыптастырамыз, Әділетті және Жаңа Қазақстанды құрамыз.

ЕКІНШІ. Реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру

Ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отыр. Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен, референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды.

Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн.

Сіздер еліміздің түкпір-түкпірінен келіп отырсыздар. Тұрғындармен жиі кездесесіздер. Реформаның мән-маңызын елге жан-жақты түсіндіру қажет.

Қазір – интернет дәуірі. Жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек. Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді. Біз не істесек те бәрін ұрпақ үшін істеп жатырмыз.

Әрине, бұл жұмыстан қоғамның басқа өкілдері де тыс қалмауға тиіс. Жаңа қоғам құрып, жаңа сананы қалыптастыру ісіне бүкіл елді ұйыстыру қажет. Осылайша, Құрылтай реформаларды жүзеге асыруға жан-жақты атсалысады. Түптеп келгенде, Ұлттық құрылтай негізгі азаматтық қоғам институттарының біріне айналуға тиіс.

ҮШІНШІ. Жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру

Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін.

Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет.

Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ.

Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады.

Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сондай-ақ, оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады.

Қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болады. Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн. Сонда әрбір азаматымыз ортақ іске атсалысады.

Құрметті Құрылтайға қатысушылар!

Мен елімізді дамытуға қатысты бірнеше маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсу – ең басты міндеттің бірі. Жаңа Қазақстан дегеніміз – ең алдымен, құндылықтардың жаңаруы. Сондай-ақ, қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетінің өзгеруі. Мен осыған дейін де бұл туралы бірнеше рет айттым.

Тағы бір маңызды жұмыс – бұл тарихи әділдік орнату. Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн. Соңғы екі жылда бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылды. Ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының есімі ардақталды. Тарихи даталар қалпына келтірілді. Осылайша, еліміздің шынайы шежіресі жазылып жатыр. Өткенге әділ баға берілмесе, жарқын болашақтан үміт күту қиын. Мұны терең түсінген абзал.

Мен былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бердім. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдарымыз жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Мен өзім де бұл жұмысқа үлесімді қосамын. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керек. Дегенмен, мәселе уақытта емес, сапада. Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырамын. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болады.

Біз – тарихтан тағылым ала білген халықпыз. Бүгін қайта жалғасын тапқан Құрылтайды төл тарихымызға тағзым деуге болады. Осы Құрылтай да ертең ұлт шежіресінің бір белесіне айналатыны анық.

Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн.

Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды.

Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек.

Саяси реформаны мерекелер күнтізбесімен ұштастыруымыз бекер емес. Бұл қадам қоғамды жаңғыртады және ел бірлігін нығайта түседі деп санаймын. Біз ауқымды реформа жүргізу арқылы билік пен қоғамның қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеміз. Яғни, олардың арасында өзара серіктестік пайда болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыздың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырамыз. Әр адамның жетістігі тұтас еліміздің табысты болуына жол ашады.

Біздің қоғамның ынтымақ-бірлігі мүлде жаңа сипатқа ие болды. Алдымызда ауқымды жұмыс бар. Жаңа Қазақстан идеясын іске асырамыз десек, аянбай еңбек етуіміз керек. Шын мәнінде, елді еңбекқорлық қана көркейтеді. Табысқа жетудің ең басты кілті – еңбек.

Ұлы Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп өсиет қалдырды. Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз. Табанды еңбек – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын басты формуланың бірі. Тіпті, бірегейі деуге болады.

Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн.

Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет.

Біздің бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар. Олар Ресейге барып, қара жұмыс істеуге мәжбүр, ал біз, қазақтар, ондай жұмысты істемейміз, бақытты халықпыз деп айтқан.

«Естімеген елде көп», әрине. Бірақ, бұдан өткен сорақылықты ойлап табудың өзі қиын. Еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып, мақтанбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек. Еңбек дегеніміз – бұл қасиетті ұғым. Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Мұндай теріс пікірлер жастарды адастырады, олардың дүниетанымына жағымсыз әсер етеді. Тіпті, кейде жастарымыз жұмыстан қашып, жеңіл табыс көзін іздеп жатады. Ақыр соңында, мұның бәрі бүкіл халықтың абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

Қазақ – қолы ашық, қайырымды, қонақжай халық. Бұған ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймын. Бірақ, әлемде осындай қасиеттерге ие халықтар аз емес. Жастарымыз, ең алдымен, зияткерлік қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, еңбекқор болуы қажет.

Қазір – ақыл-ой және дарын иелерінің заманы. Қазақстан да осы көштен шет қалмауға тиіс. Озық білім мен қажырлы еңбекті ұштастыра білсек қана, еліміз өсіп-өркендейді. Көздеген мақсатына жетеді. Халқымыз қанағатшыл, үнемшіл, өнертапқыш болуға ұмтылуы керек. Осындай жақсы қасиеттер әркімнің мұратына айналуға тиіс.

Қоғамда қызу талқыланып жатқан тағы бір мәселеге тоқталсам. Бұл – кадр саясаты. Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды.

Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті, кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін де бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша.

Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер де бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес.

Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады.

Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр. Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық.

Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады. Сондықтан, менің Жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ, біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады.

Құрылтай мүшелері осы қоғамдық кеселдің бетін қайтаруға белсене атсалысады деп сенемін. Әрине, бұл – бір жылдық шаруа емес. Тиісті түсіндіру жұмысын жүргізіп, тосқауыл қоймасақ, жемқорлар алшаң басып жүре береді. Ал, жұмысына адал нағыз еңбек адамына қоғам, әсіресе жастар менсінбей қарайтын болады. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Мұны баршаңыз жақсы түсініп отырсыздар деп ойлаймын.

Жалпы, әділдік – әрқайсымыздың бойымызда болуға тиіс құнды қасиет. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «әділдік жолы – ең қиын жол» екенін ұмытпауымыз керек. Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді. Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құруымыз керек. Оның бір жолы – тәуелсіз сот жүйесі.

Бабаларымыз «Тура биде туған жоқ деген» деген сөзді тегін айтқан жоқ. Біз қара қылды қақ жарған билер жолын жалғастыруға тиіспіз. Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді. Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет. Мен мықты кәсіби заңгерлерді Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын.

За свою многовековую историю, находясь на стыке цивилизаций, Казахстан впитал в себя многообразную палитру красок различных традиций мира.

Это неотъемлемая часть нашего культурного кода, бесценное богатство и конкурентное преимущество нашей нации.

Неуклонно следуя принципу «единство в многообразии», мы сможем построить подлинно демократичное и справедливое государство.

Ұлттық құрылтай қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімнің символына айналуы керек. Бір ел болып жұмылсақ қана, барлық кедергілерді еңсереміз,

өсіп-өркендейміз. Бізді ұлт ретінде ұйыстыратын құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау аса маңызды.

Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр.

Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Бірақ, бұл жеткілікті емес. Сондықтан, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет.

Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан, тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек. Әсіре радикалдық іс-шараларға, мысалы, тіл патрульдеріне жол бермеуіміз қажет. Олар – нағыз арандатушылар, өзге елдердің мүддесіне қызмет етеді.

Ғылым, оқу-ағарту жүйесінде маңызды өзгерістер, тіпті ауқымды реформалар керек. Қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің тілі болуына үлес қосайық.

Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн.

Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. Мысалы, кириллица графикасындағы қазақ тілінің төл сөздерінде «ы» әрпі жиі кездеседі. Осы әріпті механикалық түрде латын графикасына көшірсе, ағылшын тіліндегі «Ү» әрпі әрбір тиісті сөзде пайда болады. Бұл – дұрыс емес. Бізге және түркітілдес бауырларымызға «Ү» әрпі жиі кездесетін сөздерді оқу қиынға соғады. Мысалы, «тыныштық» («tynyshtyq») деген сөзді алып қараңыздар, үш «Ү» әрпі пайда болды. Сөздің өзі көзге жағымсыз көрінеді. Осындай мысалдар өте көп. Міне, сол себепті, мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым.

Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады. Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ.

Бізге нақты реформа керек. Тіл – ұлттың жаны. Оған немқұрайлы қарауға мүлде болмайды. Сондықтан, біз тіліміздің мәртебесін арттыратын графиканы ғана қабылдаймыз.

Құрметті жиналған қауым!

Ұлттық құрылтай туралы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін.

Біз бүгін құрылтай жұмысының негізгі бағдарын айқындадық. Бұл құрылым демократия құндылықтарын орнықтыруға зор үлес қосары сөзсіз. Құрылтай жұмысы мұнымен шектеліп қалмайды. Біз жыл сайын тұрақты түрде кездесіп тұрамыз.

Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады.

Алдымызда ауқымды жұмыс бар. Ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы керек. Онсыз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мүмкін емес. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың өзегі ел бірлігі екенін есте сақтайық. Халқымыз «береке басы – бірлік» деген.

Қазір әлемдегі ахуал құбылмалы. Оны жақсы білесіздер. Осы күрделі кезеңде ауызбіршілігіміздің мықты болуы өте маңызды. Біз қиындықтың бәрін ынтымақтың арқасында еңсеріп келеміз. Болашақта да осы жолдан таймауымыз керек.

Мен халқымыздың жасампаздық рухына кәміл сенемін.

Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік!

Қазақ елінің мәртебесі биіктей берсін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Баршаңызға шынайы алғысымды айтамын.

Қадірлі ағайын, Құрылтайды барша жұртымыз үшін жағымды жаңалықпен аяқтағым келіп отыр. Кеше даңқты композитор, сазгер Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін білесіздер.

Ол – Әнұранымыздың авторы, ұлт руханиятында ерекше орны бар

аса көрнекті тұлға. Біртуар сазгерге құрмет көрсету – перзенттік парызымыз.

Шәмшіні халқымыз «қазақ вальсінің королі» деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашанда халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды. Шәмші ағамыз әлі күнге дейін халқымыздың өмірінің бір бөлігі деп айтуға болады. Оның ақын Мұхтар Шахановпен бірлесіп жазған әндері елге кеңінен танымал. Әйгілі композитор мен атақты ақынның достығы – барша жұртқа үлгі.

Жақында Шәмшінің іні-досы Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол кісі – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам.

Мен бүгін Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.