«Астарлы Ақиқат» тоғыз айдың толғағын ағытпақшы
Бұқпасыз, боямасыз болмыс! 2010 жылдың 18 қыркүйегінде КТК арнасының көрермендерімен алғаш қауышқан «Астарлы Ақиқат" бағдарламасының ұстанымы осындай болатын. Бағдарлама авторы Дина Төлепберген жүргізген апталық-ақпараттық бағдарлама ә дегеннен әлеуметтің көңілінен шықты. Себебі, бағдарлама қоғамдағы өткір түйкілдер туралы ашық айтып, журналистік зерттеу жанрын жаңа деңгейге көтерді.
Автор: Заира Сабитова
Ал 2018 жылы «Астарлы Ақиқат» ток-шоу боп түрленді. Бағдарламаның ауқымы кеңейіп, эфирдегі жиілігі де артты. Дина Төлепберген көрермендері һәм кейіпкерлерімен әр аптаның дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері кешкі сағат 20:00-де қауышады.
Жаңа форматтағы "Астарлы Ақиқат" қозғайтын тақырып барынша ауқымды. Түрлі себеппен тығырыққа тірелген тағдырлар, қиындықтан шығар жол іздеп, көмек сұраған көрермен, ашық күнде адасып, қоғамға қайта қосылғысы келетін, өмірден өз орнын табуға талпынған жандар. Қоғамның бір бөлігі жария түрде айтылмайтын тақырыптардың ашық талқылануын қабылдай алмайды. Бұл жерде жаһандану, әлемдік гендерлік саясат, азаматтық неке институының ықпалымен отбасы құндылықтары мен адам-бойындағы ар-ұят қағидасының да өзгеріске ұшырап жатқаны белгілі.
Ал бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде телевизия қашанда болмысты боямасыз көрсететін айна іспеттес. Сондықтан қалың көрермен «Астарлы Ақиқаттың» әр шығарылымын асыға күтеді. «Әдептен аттады, шектен шықты» деп сынайтындар да бар. Редакция мұндай сынды түсіністікпен қабылдайды. Өйткені телевизиялық өнім үнемі жетілдіруді, көрерменнің талап-тілегін ескеруді, қажет болса, орынды сыннан қорытынды шығара білуді талап ететін аса күрделі процесс.
«Астарлы Ақиқаттың» міндеті — кейіпкерлердің іс-әрекетін немесе олардың моральдық-адамгершілік ұстанымын жұрт арасында насихаттау емес, сол арқылы қоғамға ой тастау. Кім қандай ой түйеді, қандай қорытынды шығарады? Бұл мәртебелі көрерменнің еркінде.
«Астарлы ақиқаттың» негізгі миссиясы — көмек сұрап келген жандарға қол ұшын созу. Олардың әлеуметтік және тұрмыстық түйткілдерін оңтайлы шешуге қолғабыс жасау, құқықтық кеңес пен жәрдем беру, көз жазып қалған туысқан мен бауырды қауыштыру, теріс жолға түскендердің өмірін өзгертуіне септігін тигізуге атсалысатын бірегей жоба. Тығырықтан шығар жол таппай қиналған жанға сарапшылар мен көрермендер көмек қолын созады.
Ток-шоу жүргізушісі Дина Төлепбергеннің тіс қаққан тілшілері әр оқиғаның егжей-тегжейіне терең үңіледі, әр дүниені май-шаммен қарап, ақиқатын ашады.
Назарға іліккені бар, ал ілікпегені қаншама? Ең бастысы, Дина Төлепберген бастаған топтың нәтижелі жұмысын көріп те, естіп те жүрсіз деп сенеміз.
«Астарлы Ақиқат» тоғыз айдан соң эфирге оралып, тоғыз айдың толғағын ағытпақшы.
Бұқараның басындағы түйткіл де өзгермепті.
Ендеше дүйсенбіден бейсенбіге дейін кешкі сағат 20:00-де «Астарлы Ақиқат» ток-шоуын көруге асығыңыздар.
«Астарлы Ақиқат» ток-шоуы жылағанды жұбатып, сүрінгенге сүйеу бола бермек.