Борышкерлерге арналған банкроттықтың үш рәсімі
Өзін банкрот деп кім жариялай алады? Қарызы барлар қалай тексеріледі? Банкроттыққа кімдер өтініш бере алады? Өтініш қай кезден бастап қабылданады? Берешегін төлей алмаған, қарызы бар азаматтардың бәрі банкрот болып санала ма? Банкрот болып табылса, азаматтың төлей алмаған несиесін есептен шығарып бере ме? Банкрот деп қалай таниды? Оның тәртібі бар ма?
Автор: Заира Сабитова
3 наурыздан бастап қарызын өтей алмайтын азаматтар аталған Заң бойынша банкроттық туралы өтініш бере алады, деп жазады Қазақпарат.
Қазақстандықтардың несие қарызы 14 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде тұтынушы несиесі – 8 трлн теңге. 1,5 млн адам қаржы институты алдындағы қарызын төлей алмай жүр. Бір басында бірнеше несиесі барлар да көп.
Заң жобасын әзірлеуде рәсімдердің 3 түрі енгізілді:
- Соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру
Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитордың борышкерді банкрот деп жариялау жайлы өтініш беруге құқығы болмайды.
Соттан тыс банкроттықтың шарты:
Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздармен қолданады. Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы бұл 5 млн 520 мың теңге) аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы мына талапты сақтауы керек:
· борыш 5,52 млн теңгеден (1600 АЕК) аспайды;
· несие 12 ай бойы өтелмеген болса;
· меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
· мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредит шартымен орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуға тиіс;
Бұған АӘК алу 6 айда және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азамат жүгіне алады. Соттан тыс банкроттық «электрондық үкімет» порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.
Соттан тыс банкроттық «Электронды үкімет» порталы арқылы жүргізіледі. Азамат банкроттық туралы өтінішті «Электронды үкімет» порталы, «E-salyg Azamat» мобильді қосымшасы және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы бере алады. Содан соң ақпараттық жүйеде борышкердің критерийлерге сәйкестігін анықтау үшін мүдделі мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.
- Сот банкроттығы
Азаматтар аталған рәсімді 1600 АЕК-тен астам борышпен (2023 жылы – 5 млн 520 мың теңге) және кредиторлар алдындағы борыштың барлық түрі бойынша қолдана алады. Сот арқылы банкроттық барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады. Алайда бұл жерде ескеретін тұстары бар. Кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы. Қалған өтелмеген сома борышкердің мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат ұсыну белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады.
Бұл рәсімді қаржылық басқарушылар жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.
Қаржылық басқарушылардың көрсететін қызметтері ақылы болып келеді. Олардың қызметтеріне ақы төлеу борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі (бір айдағы 1 ЕТЖ, 2023 жылы – бұл 70 мың теңге).
- Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру
Мұнда тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолдана алады, ол борышты 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін сот арқылы алуды көздейді. Жалғыз шарт – қарыз көлемі борышкер мүлкінің құнынан аспауы тиіс. Бұл рәсім де сот арқылы жүзеге асырылады. Яғни, азаматтар өзі тұратын жердегі жергілікті сот органдарына жүгінуі керек.
Қалпына келтіру шараларына мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату, құны төмен тұрғын үйге айырбастау және басқа да шаралар жатады.
Бұл рәсім жоғарыдағы екі түрлі рәсімнен тиімдірек, себебі салдары жеңіл, тіпті жоқ деуге де болады. Мұндай азаматтарға «банкрот» деген мәртебе берілмейді. Несие алуға шектеу жоқ, қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілмейді. Қарызын 5 жылға дейін бөліп төлей алады. Төлем қабілетін жақсарту үшін қаржы кеңесшісінің көмегіне жүгіне алады. Қарызының бір бөлігін есептен шығаруға мүмкіндік алады. Егер сот борышкерге төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаса, қаржы менеджері бір ай ішінде борышкермен бірге төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын жасауы керек. Жоспар бес жылдан аспайтын мерзімге жасалуы тиіс. Содан соң сот жоспарды қарап, оны бекітеді немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату туралы шешім қабылдайды. Айта кетерлігі, мұндай рәсімдерге борышкердің өзі ғана бастамашы бола алады.
Банкроттықтың нәтижелері
Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышкер мынаны білгені дұрыс:
-5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады (ломбардтардың микрокредиттерін алуды қоспағанда);
-қайта банкрот болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады;
-банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады.
Заң аясында азаматтарды міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өткізу көзделген. Бұл шаралар азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Қарызы барлар қалай тексеріледі
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Қарызы бар адамдар өтініш бергеннен кейін, мемлекеттік органдарға сұрау жолданады. Осы орайда тиісті мәлімет алу үшін 22 бағыт бойынша сауал жібереміз. Оның арасында 7 мемлекеттік орган мен 6 ұйым бар. Бұл мекемелермен арада ақпарат алмасу ретке келтірілген. Осы деректерге сүйене отырып, заң аясындағы талаптарға сай келуін тексереміз. Егер адамдар осы тексеруден өтсе, онда 15 күн ішінде оның өтінішін мақұлдап, реестрге қосамыз. Бұл тұрғыда банкроттық аясында өтінімді қарастырудың келесі сатысына өтеді. Біздің порталда өтініш нұсқалары орналастырылған. Адамдар онымен танысып, 8 ақпанға дейін ұсынысын айта алады. Жалпы, осы саладағы жұмыс егжейтегжейлі пысықталды және ақпарттық жүйе де дайын тұр.
Жеке адамдардың банкроттығы туралы заң көмегін алу үшін 10 мыңнан астам адам өтінім берген.
Ержан Біржанов, Қаржы вице-министрі:
- Осы заң аясында 1 млн 100 мың адам қамтылуы мүмкін, яғни олар өтініш бере алатынның жалпы саны. Атап айтқанда, банкроттық жайында өтінішті адамдар ерікті түрде береді. Сондықтан азаматтардың көбісі «банкрот» санатының кері тұстарын ескере отырып, алдағы уақытта жан-жақты зерделенген шешім қабылдайды деген ойдамын. Себебі банкрот деп танылған адамдар 5 жыл несие ала алмайды. Сонымен бірге, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп тануға жатпайды». Ал банкроттық рәсімін қолдануға өтініш беретін адамдардың нақты санын айта алмаймыз. Қаңтар айындағы 25 күн ішінде келіп түскен өтініштерге тоқталсақ, 10 мыңнан астам адам жүгінген. Олар банкроттық рәсімін қолдану жөнінде шешім жасаған. Наурыз айына қарай олардың саны артуы мүмкін.
Банкроттық рәсімін қолдана алатын ипотекасы бар адамдар туралы.
Нұрлан Әбдірахманов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
- Банкроттық рәсімін пайдалана алатын ипотекалық қарыз алушылардың саны шамамен 6,5 мың адам. Қазір барлық ипотекалық несие портфелі шамамен 4,7 трлн теңге. Және 449 мыңға жуық қарыз алушы тіркелді. Баспананы сақтап қалу үшін тұрғындарға мерзімі өткен несиені қайтаруға мүмкіндік беретін сотқа дейінгі реттеу тәртібі қарастырылған. Бұл тәртіп былтыр күшіне енген. Оған сәйкес қарыз алушы төлем мерзімі кешіктірілгеннен кейін, 30 күн ішінде өтініш береді және банк несиені қайта құрылымдау туралы өтінішті 15 күн ішінде қарауы керек. 2022 жылы ипотекалық несие алушылардың құқықтары заңнамалық тұрғыда күшейтілді. Агенттік әлеуметтік жағынан осал санаттағы қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бойынша қосымша әрекеттерді іске асырып жатыр. Олар үшін 2015 жылдан бастап ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасы ескерілген. Оның аясында қазір 9,5 мыңға жуық азаматтың қарызы бойынша ауыртпалығы жеңілдеді. Біз бұл бағдарламаны биылғы шілде айына дейін ұзартуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы 967 мыңға жуық қарыз алушыға қосымша қаржылай қолдау жасамақпыз.