Шыңғыс Сабазбеков: Әйелдер пластикалық отаны сүйіктісіне бола жасатпайды
Елімізде күніне қанша пластикалық ота жасалып жатыр? Әйелдер омырауына пластикалық отаны ғашығына бола жасата ма? Еркектер мен әйелдердің жынысына жасалатын пластикалық хирургия елімізде қаншалықты дамыған? «Без фильтров» жобасының жүргізушісі Камила Жүсіпова пластикалық хирург Шыңғыс Сабазбековтен сұхбат алып, біраз мәліметке қанық болды.
Автор: Заира Сабитова
Қазақстанда:
- Пандемияда пластикалық ота жасату көрсеткіш едәуір артқан. Қашықтан жұмыс істеп отырғандар карантин кезінде жаппай косметикалық хирургтардың көмегіне жүгініпті, өйткені наркоздан оянған соң үйіне келіп, жұмысын жалғастыра береді.
- Пластикалық отаға деген сұраныс хирургтар санымен қоса жылдан-жылға артып келеді. Бір ғана Алматының өзінде пластикалық хирург саны 100-ден асады. Әрқайсысы аптасына, кем дегенде, 3-4 ота жасайды екен.
- Қазір пластикалық хирургтардың үшінші ұрпағы қалыптасқан.Бұрын хирургтар барлық отаны жасай алады дейтін. Мысалы, ринопластикамен (мұрын пластикасы) бұрын барлық хирург аналысса, қазір ол тар шеңбердегі мамандыққа айналған.
- Блефаропластика бірінші орында тұр.
- Блефаропластика, маммопластика, абдоминопластика — АҚШ, Еуропадан еш кем емес. Біздің елге келіп, аталмыш отаны жасатып жатқан шетелдіктер баршылық. Яғни бізде олардан кем жасамайды және сапалы материалдарды қолданады.
- Пластикалық ота жасатуда танымал блогерлер, атақты адамдар өзін қарапайым ұстайды, оларға VIP палата да әзірге жоқ.
- Гинекомастияға (еркектің сүт безінің бір жақты немесе екі жақты ұлғаюы — ред.) істелетін отаға да ұсыныс өскен.
- Пластикалық хирургия клиникаларында психолог маман жоқтың қасы. Психологиялық проблемасы бар пациенттер де кездеседі, оларды психолог-мамандарға жіберуге мәжбүр болатын кездер де болады.
- Омырауын үлкейткісі келетін әйелдер өте аз. Әйелдер көбінесе бала туғаннан кейін пішімі өзгерген омырауын бұрынғы қалпына келтіреді.
- Маммопластиканың орташа бағасы 1,400 000 теңге.
- Еркектер арасында абдоминопластика (іштің эстетикалық пропорциясын қалпына келтіру мақсатында жүзеге асырылатын көлемді хирургиялық ота — ред.) және іштің жұмыр бұлшық етін жасату қазір кеңінен қолданылуда. Тек аталмыш отаға семіз немесе семіріп бара жатқандарды алмайды.
- Бойжеткен қыздарға қарағанда, тұрмыс құрған, бала туған әйелдер пластикалық отаға көбірек жүгінеді. Мысалы, 250 ота жасалса, оның тек 10-ы ғана 25 жасқа дейінгі қыздар.
- Зейнетке шыққандар да ота жасатады. Пластикалық хирургияға жүгінгендердің арасында ең жасы үлкені — 65.
- «Тұтынушы терроризмі» сирек кездеседі. Пациент жасалған отаға көңілі толмаса, ақшасын бірден қайтарып бермейді. Пациент сараптама жасатып, отаның сәтсіз өткенін дәлелдеуі тиіс.
- Лабиопластика (кішкентай және үлкен жыныс қабаттарының, вульва айналасындағы тері қатпарларының пішінін өзгертетін пластикалық хирургиялық операция — ред.). елде жақсы дамып келеді және соңғы жылдары жиі жасалады. Аталмыш ота 40-45 минутқа созылады.
Қызық:
Массаттану, масайрау, тоқмейілсу сезімі әр пластикалық отадан кейін болатын құбылыс.
Қымбат ота сапаға кепіл бермейді.
Клиенттерді райынан қайтарып, ойынан айныту — қиын. Хирургқа одан гөрі ота жасаудан үзілді-кесілді бас тартқан оңай.
Пластикалық хирургқа ең басты көрсеткіш — 50 пайыз пациенттің қалауы.
Пластикалық хирургия дені сау адамға жасалынады.
Ағзаға жасалған кез келген пластикалық ота, кез келген бөгде зат адам ағзасының жүйесін бұзуы әбден мүмкін. Омырауға, буынға салынған имплант болсын, оны адам ағзасы қабылдамайды. Импланттың айналасында ақ дәнекер тін құрылады. Бірақ белгілі бір себептермен (вирус, ЖРВИ, коронавирус және т.б.) капсула қатайып, иммунитет бәрімен күресіп, ол жүрекке, буынға әсер етіп, ақыры ревматизмге әкеледі.
Пластикалық ота обыр тудырады деген әңгіме ғылыми түрде дәлелденбеген.
Адам терісіне жасалатын әртүрлі оталарға қатысты ғылыми зерттеу жақында жарық көрді. Онда әр хирургиялық ота қатерлі ісік тудыруы мүмкін делінген.
Маммопластика еркек-хирургтің әйелге деген ынтасын жоймайды. Яғни олардың қызметі жеке басындағы қарсы жынысқа деген құмарлығына ықпал етпейді.
Имплантқа өмір бойғы кепіл берілсе де, омырауына имплант салғандар әр 10 жыл сайын оны ауыстырып тұруға міндетті.
Омырауды үлкейткеннен (эстетикалық хирургия) гөрі, кішірейткен (реконструктив хирургия) өте қиын. Соңғы үш жылда реконструктив хирургияға әйелдер тарапынан ұсыныс едәуір артқан. Аталмыш ота өте күрделі болатындықтан, пациент медициналық тексеруден өткізіледі.
Еркектер пластикалық отаны өзгелер үшін, ал әйелдер сүйіктісіне бола емес, тек өзі үшін жасатады. Яғни әйел өзін әдемі сезініп, өзіне сенімді болып, өзіне көңілі толу үшін жасатады.
Дұрыс жасалмаған отаны түзетуге көбірек уақыт кетеді.
Еркектердің жыныс пластика отасы әйелдерге қарағанда күрделірек. Жалпы ер адамдар психологиялық тұрғыдан әйелдерге қарағанда операцияны ауыр қабылдайды.
Пластикалық ота жасатуға баратындарға кеңес:
- Нені, қандай көлемді қалайтыныңызды нақты біліңіз.
- Ота жасатуға шешімді қабылдауға басқа адам ылпал етпеуі керек. Және бұл ұзақ уақытта пісіп-жетілген шешім болғаны абзал. (Көптеген пациент хиругпен әңгімелескеннен кейін райынан қайтады).
- Пациенттің клиникамен міндетті түрде келісімшарты болуға тиіс.
- Егер хирург сіздің қалауыңыздың бәріне бас изеп, ойланбастан келісе берсе – ол жақсылықтың нышаны емес. Медицина ешқашан жүз пайыз кепіл бермейді. Ешбір клиника, ешбір дәрігер келісімшартсыз жұмыс істемейді, яғни әрдайым пациент пен дәрігердің (клиниканың) арасында келісімшарт болуға тиіс.
- Хирург ота жасардан бұрын, пациентке отадан кейін туындауы мүмкін қиыншылықтарды алдын ала ескертуге міндетті. Егер титтей де болса күдігіңіз болса — жасатпаңыз.
- Көздің қабағына операциясыз жасалтын блефаропластика — қауіпті. Өйткені тері, бұлшық ет соқыр тәуекелмен тігіліп, қайта кіргізіледі. Бұл жерде көздің алмасын бүлдіріп алуы мүмкін. Жалпы, бақылаусыз, жабық түрде жасалған оталардың қаупі өте жоғары.
- Алдаушы, дүмше «хирургтардың» қолына түсіп қалмау үшін, ең алдымен, бірінші — хиругтың лицензиясын, екінші — клиниканың пластикалық ота, косметология қызметіне лицензиясын, үшінші — клиниканың наркоз арқылы ота жасауға лицензиясының бар екенін мұқият тексеріңіз. Осы үшеуі маңызды пункт.
- Хирургтан бәрін, тіпті ғимарат ұнамаса, бір нәрсе күдік тудырса, қысылмай сұраңыз. Хирург өзі ұсына алатын қызметінде сіздің қауіпсіздігіңізге барынша кепіл беріп, жауап беруге міндетті. Ол: анестезиолог, реаниматолог, ИВЛ аппараты, отаға қажет аспаптар. Және әр операция бөлмесінде ИВЛ аппараты екеуден болуға тиіс. Себебі: біреуі істен шықса, екіншісі қосылады.
- Пациент пен хиругтың арасындағы жылы, сыйластық қарым-қатынас өте маңызды. Бірін-бірі түсінбеген кезде отадан бас тартқан дұрыс.
Сұхбаттың толық нұсқасын орыс тілде мына жерден көруге болады.