Анна Коробейникова: Баланы емес, алдымен оның ата-анасын емдету керек ...
Баламен қалай сөйлесу керек? Ата-ана өз баласында озбырлықты қалай тудырады? Бала тәрбиесіндегі ең басты қателік және ата-аналар тарапынан жіберілетін басқа да әбестіктер туралы «Без фильтров» студиясында балалар психологы Анна Коробейникова айтып берді.
Автор: Заира Сабитова
Анна Коробейникова «Без фильтров» бағдарламасының жүргізушісі Камила Жүсіповамен әңгімесінде кез келген баланың мектепке қарумен келуге бейім болатынын, ал «жұрттың баласы» немесе «көршінің баласы» үлгісіндегі салыстыру мүлдем жігерлендірмейтінін айтады.
Қазақстанда мектептергі барлық психологтардың біліктілігі жоғары деп айту — қиын.
Психологқа профилактика үшін бармайды. Психологқа — басқа түскен жағдайға, душар болған күйге байланысты, қиындыққа тап болғанда барады.
Баланың кез келген проблемасының 96 пайызы тек отбасынан шығады. Бауыр еті балаңның мәселесін шешкің келсе, ең алдымен, өз психикаңды түзет, өзіңе көңіл аудар.
Соңғы жылдары еліміздегі жасөспірімдер арасында өз денесіне жара салу және депрессияға түскендер саны артқан.
Балаңның әлеужелідегі парақшаларын бақылау еш жақсылыққа әкелмейді. Оның месенжердегі сізге жақпайтын хаттарын кездейсоқ көріп қалсаңыз, ешқашан бетіне басып ұрсуға болмайды. Егер ол компьютерде, гаджетте көп уақыт өткізетін болса, ендеше оны қызықтыратын басқа да балама дүние ойлап тапқан жөн. 14 жасқа дейін, балаңның гаджет-уақытына өзімен келісіп барып шектеу қойған дұрыс.
Мессенжерде хат алмасу баланың өмірде адамдармен көзбе-көз қарым-қатынас жасауға бейім екенін білдірмейді.
Озбырлық тек жасөспірімдерге емес , барлық жастағы адамдарға тән. Ал жасөспірім ішіне толған эмоциясын шығару үшін агрессияға барады.Бала бір күнде озбырға айналмайды. Озбырлық біртіндеп дамиды. Ал оның алғышарты өз үйінен басталады. Қыздардың озбырлығы ұл балаларға қарағанда күрделірек. Ұлдар агрессиясын демде шығарып барып тынышталса, қыздар кек алудың жолын ұзақ уақыт ойлаумен болады. Балаңыз айқайлап қыңырлық көрсетсе, уақыт беріңіз. Тынышталған соң жайлап әңгімелесіңіз. Айқайға айқайлап жауап беруге болмайды. Баланың жат ортаға кіріп кетуінің басты себебі: ата-анасы тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбеуі.
Үйінде мейірімге бөленіп өскен бала ешқашан біреуге қатыгездік танытпайды.
Ата-ананың жіберетін ең басты қателігі: баласы өз ойымен, ішкі тебіренісімен бөліскісі келсе, бар ықыласын беріп тыңдамай, бірден сұрақ қояды.
Балаң мектептегі буллинг жайлы ағынан жарылып ақтарылып айтса, оны жабық күйінде қалдырмай, сынып жетекшісіне айту керек. Егер одан нәтиже шықпаса, мектеп басшылығына хабар берген жөн. Мектепті, сыныпты ауыстыру дағдарыстан шығармайды.
«Жұрттың баласымен» салыстырғанды тоқтату керек. Балаңыз қандай жаман болса да, кем дегенде, біреу болсын, жақсы қасиеті болады. Сол қасиетін айтып, мақтап отырыңыз.
Ата-ана тарапынан айтылатын «бар тапқан-таянғанымды жұмсаймын, үмітімді ақтамадың, өмірден қызық көрмедім» — бұл баланы жазықсыз айыптау, қолдан «қылмыскер» жасаумен тең.
«Балаңмен дос болыңыз» деген кеңес дұрыс емес. Бала ол — бала, ал ата-ана ол — ата-ана. Баланың деңгейіне түсіп жақын әңгімелесуге болады, бірақ баланы өз деңгейіңе тартуға болмайды.
«Бала тәрбиелеуге уақытым болмады» — қисынсыз әңгіме. Қал-жағдайын сұрауға күніне10 минут та жеткілікті.
«Кішкене кезінде балама көп уақыт бөле алмадым» деп уайымдамаңыз — әлі де кеш емес. Балаңыз қанша жасқа келсе де, одан кешірім сұрап, уақыт бөліп, бар пейіліңізбен жылы сөйлесіңіз.
Сұхбаттың толық нұсқасын орыс тілде мына жерден көруге болады.