{metadescription}
Білім беру саласындағы 13 өзекті мәселе

Білім беру саласындағы 13 өзекті мәселе

Елордада республикалық педагогтер съезі өткені мәлім. Ұстаздар күнінде болған педагогтер съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы бірнеше мәселеге назарын аударды. Ендеше әрқайсысына тоқталып, санамызға түйіп алсақ. 

Елімізде 5 мың педагог жетіспейді

Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.

Мектептерді қауіпсіз орынға айналдыру

Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс. Мектепте балалар өзін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады.

Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ, жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс.

Заман талабына бейімделу

Балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазір еңбек нарығы өте жылдам өзгеруде. Көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жылдан жылға қарқын ала беретіні сөзсіз. Бүгін жоғары сұранысқа ие мамандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам айтып отыр. Сондықтан, азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұл – өте маңызды міндет.

Диплом мәңгі азық болмайды, өмір бойы оқы және үйрен

Бұрын «алған дипломың өмір бойы азық болады» деген түсінік бар еді. Енді оның орнын «Өмір бойы оқы және үйрен» деген қағида басуы керек. Қазір жұмыс берушілер үшін ең бастысы диплом немесе сертификат емес. Олар іздене білетін, жаңа талапқа икемделе алатын, тәртіпті және ұқыпты жас мамандарды бағалайды, яғни қызметкердің қолындағы қағазға емес, қарым-қабілетіне мән береді. Сондықтан, әр азамат үздіксіз оқуы керек. Осындай білімге құштарлықты баланың бойына мектептен бастап сіңіру қажет, яғни балаларымыз білікті маман болсын десек, ең алдымен, орта білім сапалы болуы керек.

Білікті мамандар жетіспейді

Еліміздің білім беру саласында кадр тапшылығы, оның ішінде білікті мамандардың жетіспейтіндігі анық сезіледі. Мәселен, жыл сайын мектептерде 5 мыңнан астам педагог тапшы. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса бермек. Өйткені елімізде орташа есеппен 400 мың бала дүние есігін ашады. Демек, әр 6-7 жыл сайын білім алушылар қатарының қалыңдауына байланысты кадр тапшылығы үнемі арта түспек. Оның үстіне, жылына педагогикалық білім алған түлектердің 20 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істеуге бармайтындығы тағы бар. Ал балаларға сапалы, заманға сай озық білім беру үшін мықты кадрлар қажет.

Мектептегі орын тапшылығын жою

Мектептердегі оқушы орны тапшылығы мәселесі де өте өзекті болып тұр. Бұл проблеманы шешу үшін өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет «Жайлы мектеп» жобасын қабылдаған. 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушыға арналған 401 жаңа, заманауи, жайлы мектеп ашылмақ. 218 мектеп – қалада, 183 мектеп ауылдық жерде бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мектеп пайдалануға беріледі.

Мектеп ең қауіпсіз орын болуға тиіс. Буллинг мәселесі

Еліміздің бірқатар өңіріндегі мектепте келеңсіздіктер болды. Оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі де тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өз-өзіне ол жұмсауға, яғни суицидке дейін барады. Буллинг те балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізіп жатқаны жасырын емес. Соңғы уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсуде. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады. Мен Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз.

Қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою

Елімізде 7 500 мектеп бар. Оның 6 мыңы – ауылдық мектеп. Осы ауылдық мектептің 4 мыңы – толыққанды 1 200-ден 3 600 балаға дейін оқитын ірі білім ошақтары, қалғаны – шағын мектептер. Ауыл мектептері мен қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтығы ауқымды мәселеге айналып отыр. Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды.

Кітапханаларды дамыту

Кітапханада қажетті кітаптың бәрі болуы керек, яғни әдебиет қала және ауыл оқушыларына бірдей қолжетімді болуы тиіс. Балаларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту қажет.

Білім беру үдерісін цифрландыруды жылдамдату

 Цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен және сабақтарымен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет. Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін.

Мектептерді жоғары интернетке қосу

ICILS-2018 зерттеулері бойынша қазақстандық мектеп оқушылары цифрлық сауаттылықтықтан 14 қатысушы мемлекеттің ішінде ең соңғы 14-орында болған. Оқушылардың 54 пайызы компьютерлік және информатикалық сауаттылық бойынша ең төменгі 1-деңгейге де жете алмаған. Сонымен бірге, еліміздегі мектеп оқулықтарының 20 пайыздан астамында цифрлы баламасы жоқ. Мектептердің тек 18,5 пайызында ғана интернет талапқа сай. Жүйе цифрлы контенттің өте аздығымен, цифрлы орта тиісінше дамымағандығы және цифрлы мәдениеттің төмендігімен сипатталады.

Оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру

 2016 жылы бекітілген оқушылардың мектеп формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан, балалар білім ордасына мектеп формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Бірінші кезекте біз негізгі мақсат пен адамдардың қосымша ойын шатастырмауымыз керек. Бала мектепте сапалы білім мен саналы тәрбие алуға міндетті.

Зайырлы мемлекет қағидасы

Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек.

 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде