{metadescription}
Бір пәтерді қалай екіге бөледі

Бір пәтерді қалай екіге бөледі

Бір пәтерді бөліп, екеу жасауға бола ма? Неден бастау керек және олардың құжатын қалай рәсімдейді? Қандай пәтерді бөлуге болады? Өзгерген жоспарды қалай рәсімдейді?

Қандай пәтерді бөлуге болады?

Пәтерді екіге бөлу жоспар ауыстырудың күрделі түрі саналады, өйткені орынжайдың шекарасы өзгеріп, есік орнатады. Одан бөлек коммуникация желілері мен инженерлік жүйелердің орны ауысады.

Пәтерді бөлгенде екеуінде де санитарлық торап болу керек екенін ескеру қажет.

Екінші пәтерге кіретін есік те маңызды. Баспалдақ жақта оны ашып-жабуға мүмкіндік беретін орын болуға тиіс. Орнатқан есік өртке қарсы нормаларға сай болуы керек, яғни көрші пәтерлерден шығуға, жеделсаты, баспалдақ не шатыр астына өтуге кедергі болмау керек.

Пәтерді бөлген соң тұрғын бөлмелерде терезе болғаны аса маңызды. Бұл рұқсат алу үшін міндетті талап.
Ал санитарлық торап, дәліз, қойма және гардеробқа күн көзі түспесе ештеңе етпейді.

Сондықтан пәтерді бөлу мүмкіндігі көп жағдайда оның ауданына емес, жоспарына, құрылымы мен ғимараттың материалына байланысты.

Бөлуге екі санитарлық торабы бар, баспалдақ тұрған жағы кең пәтер жақсы жарайды.

Панель үйде орналасқан пәтерді бөлу мүмкін емес, өйткені қабырғаға есік орнату қажет. Ал ондай үйде бұлай істеуге қатаң тыйым салынған.

Пәтер бөлгенде мынадай әрекеттерге рұқсат берілмейді:
— көтергіш қабырғаға ойық жасау;
— көтергіш қабырғаларды бұзу, жылжыту;
— балкон не лоджияны тұрғын бөлмеге қосу;
— балконға не лоджияға орталық жылу тарту;
— пәтерге жертөленің, шатыр астының не баспалдақ алаңының бөліктерін қосып алу.

Кеңес алу үшін жоба жасайтын ұйымға хабарласыңыз. Ондағы мамандар жоспары ауысқан пәтерді заңдастыруға бола ма деген сұраққа жауап береді.

Өзгерген жоспарды қалай рәсімдейді?

Пәтерді заңды түрде бөлу процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтсақ: техникалық құжаттар алу, сәулет органдарынан рұқсат алу, содан кейін әр пәтердің мекенжайы мен құжатын алу.

1-қадам. Техникалық жоба

Ең алдымен техникалық жоба алу қажет. Бұл істі сертификаты бар кез келген жоба бюросына тапсыруға болады. Өзіңізбен бірге пәтердің техникалық паспортын, құқық беретін құжаттар мен мүлік иесінің жеке куәлігін ала барыңыз.

Техникалық жоба әзірлеу мерзімі компанияның «деңгейіне», пәтердің ауданына және жұмыс көлеміне байланысты.

Орташа бағасы — әр шаршы метр үшін 100 теңге.

Дайын техникалық жобаға мыналар жазылады:

  • Жалпы деректер: бүкіл үйдің құрылымдық жүйесі, техникалық көрсеткіштері, т.б.
  • Пәтердің өзгеріс алдындағы жоспары.
  • Жөндеу барысында атқарылатын жұмыстар көрсетілген жоспар мен схемалар.
  • Жоспары ауысқаннан кейінгі орынжай жоспары.

Техникалық жобаға инженерлік коммуникацияның техникалық шарттары (сумен қамту, электр желісі және т.б.), сонымен қатар техникалық тапсырма қоса беріледі.

Алматыда техникалық жобадан бөлек сейсмикалық қорытынды алу қажет.

Онда пәтер жоспарын ауыстырудың бұл түрі қауіпсіз және үй құрылымына әсер етпейді деп жазылуға тиіс.

Оны да арнайы сертификаты бар ұйымдар береді. Техникалық жоба жасаумен айналысқан компаниядан алуға да болады.
Бастапқы бағасы — 15 000 теңге (қызмет құны пәтердің көлеміне байланысты).

2-қадам. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын алыңыз

Келесі қадам — сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) алу. Ол үшін өтінім жазып, оны elicense.kz порталы арқылы (ЭЦҚ керек) жібересіз.
Порталдан «Құрылыс және қалпына келтіру жобаларын әзірлегенде шығын материалдарын ұсыну (жоспар ауыстыру және қайта жабдықтау) қызметін таңдаңыз.

Өтінімге қоса мына құжаттарды жолдау қажет:
1) пәтерге құқық беретін құжаттар;
2) техникалық паспорт;
3) техникалық жоба (сейсмикалық қорытынды алған Алматы тұрғындары үшін);
4) сауалнама парағы.

Пәтер жоспарын өзгерту процесінің көршілердің мүддесіне қатысы болса, онда нотариус куәландырған келісім алу керек.

СЖТ тегін беріледі. Ең ұзақ мерзімі — 15 жұмыс күні. Егер жоспарыңызды мақұлдамаса, бас тартқанын растайтын құжат 3-5 күнде келеді.

СЖТ алу мемлекеттік орган пәтер жоспарын өзгертуге келісім бергенін білдіреді. Құжатта өтінім мақұлданды, пәтерді бөлу жұмысын жүргізуге рұқсат берілді деп тұрады.
Сонымен қатар жоспар өзгерту жұмыстарын қандай стандартқа сай жүргізу керек екені жазылады.

СЖТ алған соң ғана іске кірісуге болады.

3-қадам. Мекенжай беру

Бөлінген қос пәтердің мекенжайы да екі түрлі болады және әрқайсысына жеке техникалық паспорт пен құқық беретін құжат керек. Яғни, олар сатуға, сыйлауға болатын екі бөлек орынжайға айналады.

Бөлек мекенжай рәсімдеу үшін ХҚКО-ға жүгініп, пәтерді екіге бөлуге байланысты бөлек мекенжай беру туралы өтініш жазасыз. Өтінішке СЖТ мен шешімді қоса беру керек.

Анықтама тегін беріледі.

Бір апта ішінде өтінім беруші бөлінген пәтерлердің мекенжайы жазылған анықтама алады. Мысалы, № 5 және 5/1.

Содан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесіне тағы пайда болған нысанға ұяшық ашу туралы өтініш жазады. Оны өңдеуге үш жұмыс күні кетеді.

4-қадам. Жаңа техпаспорт

Енді әр пәтерге жаңа техникалық паспорт алу керек. Өтінімді ХҚКО арқылы берген жөн.

Ол үшін мына құжаттардың көшірмесі қажет:
— құқық беретін құжаттар;
— СТЖ және шешімдер;
— мекенжай берілгені туралы анықтамалар.

Осы кезде техник шақырғаныңыз үшін 2 465 теңге төлейсіз. Артынан маман келіп, пәтерді өлшейді.

Жаңа техникалық паспорт 3-5 күн ішінде дайын болады.

Бұл ақылы қызмет. Мемлекет қазынасына түсетін салық мөлшері пәтердің ауданы мен тағы бірнеше параметрге байланысты.

Прейскурант Әділет министрлігінің сайтындағы «Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету» бөлімінде жарияланған.

5-қадам. Жаңа жоспарды заңдастыру

Бұл техникалық жоба жасаған ұйымға қайта жүгінетін сәт. Мамандар пәтер жоспарын ауыстыру бойынша жұмыстарды қабылдап, мүлік иесінің өз бетінше қолданысқа беруі туралы акт рәсімдейді.

Актіде ұйымның мөрі, оның басшысы мен пәтер иесінің қолы болуға тиіс.

6-қадам. Тіркеу

Енді пәтер құжаттарын тіркейтін уақыт келді. Процесс екі кезеңнен тұрады:
— сәулет органдарында,
— әділет органдарында.

Екі жағдайда да құжаттарды ХҚКО арқылы тапсырасыз.

Сәулет басқармасында тіркеу үшін ішінде сканерден өткен мынадай құжаттар бар флеш-тасығыш ала барған абзал:
— қабылдау актісі;
— жаңа техпаспорттар;
— мекенжай беру туралы анықтама;
— СЖТ.

Тіркеу бір күн уақыт алады.

Мүлік иесі мекенжай алған пәтерлер сәулет органдарының есепке алу журналына тіркелді деген ресми хат алады.

Келесі кезең — әділет органдарында тіркеу.
Оған қажет құжаттарды да ХҚКО-ға өткізесіз:
— сәулет басқармасы жолдаған ресми хаттың көшірмесі;
— құқық беретін құжаттардың түпнұсқасы;
— техпаспорттардың көшірмесі;
— қолданысқа беру актілерінің түпнұсқасы;
— мекенжай беру туралы анықтаманың көшірмесі.

Жылжымайтын мүлікті тіркеу үшін әр пәтерге 1 202 теңге салық төлейсіз.

Бес жұмыс күні өткен соң пәтер иесі әр бір-бір мөрі бар қолданысқа беру туралы екі акт алады.

Мөр екі пәтер де бірыңғай базаға енгенін растайды.

Бұл бәрі ресми рәсімделгенін және мүлік иесі пәтерге қатысты кез келген мәміле (сату, сыйлау, кепілге қою және т.б.) жасауға құқылы екенін білдіреді.

Материал дайындауға септескені үшін жобалық компания менеджері Сунай Тенге алғыс айтамыз.

Материалдар Krisha.kz сайтынан алынды.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде