«Ұлттық қор – балаларға» — СҰРАҚ - ЖАУАП
2024 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі барлық балаға жеке жинақтаушы есепшот ашылады. Қаражат жылына бір рет келесі жылдың басында 18-ге толмаған барлық балаға тең мөлшерде аударылады. Ол жинақты мерзімінен бұрын есепшоттан шешіп алуға рұқсат етілмейді. Жинақталған қаржыны баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға мүмкіндік бар. Тағы не білеміз?
Автор: Заира Сабитова
Ұлттық қор табысынан балаларға қаражат қашан аударыла бастайды?
Алғашқы аударым 2024 жылдың 1 ақпанында түседі. Бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарында іске қосылады. Одан кейін есептеулер жүргізу үшін бір балаға соманы анықтау қажет болады. Бұл қарапайым арифметика, 18 жылдағы инвестициялық кірістің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың санына бөлінеді. Сол арқылы бір балаға берілетін сома анықталады. 1 ақпаннан кейін 18-ге толған балалар электронды платформа арқылы ақшаны шешіп алуға өтінш беруге құқылы.
Қаражат аударылғанын қалай білуге болады?
Балалардың ата-аналары шотқа ақша түскенін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан тексере алады. Ол үшін баланың ЖСН-ін енгізіп, қаражат түскенін, не түспегенін тексеру қажет. Ол жерде 2024 жылға ғана түсетін қаражат болады. Ал бірнеше жылға түсетін қаражатты көру үшін Egov-тағы жеке кабинетке кіру керек.
Бір отбасы перзенттерінің қаражатын біріктіруге бола ма?
Бір отбасы балаларының бәрі 18 жасқа толғанда ғана олардың қаражатын біріктіруге болады. Соңынан ерген бауырларының жасы 18-ге толған сәтте ғана қаражат біріктіріледі, яғни үйдегі кенже баланың жасы 18-ге толған сәтте ғана. Бұл жағынан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы зейнетақы қорынан ақша алу тетігімен бірдей болады. Бұл заңда көзделген.
Ақша қай валютада сақталады?
Ұлттық қордан қаражат бөлініп, арнайы шотта доллар түрінде сақталады, яғни қордың кірістілігі доллармен есептеледі. Базада баланың деректері бар, сондықтан БЖЗҚ деректердің сәйкестігін жүргізеді және соманы есептейді. Ал инфляция мәселесі заң жобасында қарастырылған. Бала 18 жасқа толған кезде ақшаны доллармен алады. Қандай да бір инфляциялық ауыртпалық болмайды.
Бұл қаражат жай жатпайды. Келесі жылдан бастап есептелетін барлық қаражат инвестицияланады. Сондай-ақ оларға инвестициялық кіріс түсіп, олар да доллармен сақталып отырады.
Бала қайтыс болса, жиналған қаражат мұраға беріле ме?
Бала 18 жасқа толғанға дейін қайтыс болған жағдайда Ұлттық қордың табысынан аударылған жинағы ата-анасына беріледі, не бауырлары арасында бөлінеді. Бастапқыда әзірленген тұжырымдамада қаражатты Ұлттық қорға қайтару туралы норма болған еді. Дегенмен кейіннен ақша ата-анасында қалады немесе өзге балаларының арасында бөлінеді деп шешілді. Сонымен қатар Ұлттық қорда жинақталатын қаржыны бала 18 жасқа толғаннан кейін қалай пайдалана алады.
Шоттағы қаражат қанша сақталады?
Ұлттық қордың инвестициялық табысынан аударылатын қаражат бала 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл шотында сақталады. Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген.
Қазақстан Республикасының азаматтары 18 жасқа толғанға дейін – «Қатысушылар» болып есептеледі, кәмелетке толғаннан кейін – «Алушылар» санатына көшеді. 18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторларға өтініш бергеннен және шот ашқаннан кейін жинақталған қаражат көрсетілген шотқа аударылады.
Алушылар ретінде заңды өкілдер мен мұрагерлер де бола алады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар. Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жойылады.
18 жылда қанша ақша жиналуы мүмкін?
Бұл сұраққа 2013 жылы туған балалардың жолы одан бұрын дүниеге келген балаларға қарағанда көбірек болды.
«Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады.
Баланың жинағына салық салына ма?
- Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жинақтар салықтан босатылады.
- Ата-аналар ешқандай құжат жинамайды, өйткені процесс тұтас автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, тиісті интеграциялық жұмыс жүргізіп отырады.
- Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражаты 10 жыл сақталады. Осы 10 жыл ішінде шоттағы қаражат талап етілмеген жағдайда сол адамның зейнетақы шотына аударылады.
- Бала шотындағы ақша доллармен сақталып, 18-ге толғаннан кейінгі 10 жыл ішінде талап еткен уақыттағы бағам бойынша теңгемен аударылады.
- Ақша аудару жолымен ғана пайдаланылады, қолма-қол берілмейді.
Аударылатын ақшаны қайда, қандай мақсатқа жұмсау керек?
18 жасқа толған соң бала Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, оның ішінде шетелде білім алу мүмкіндігіне жұмсай алады. Білім алу бағыты бойынша қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді. Тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға да мүмкіндік беріледі. Яғни баспананы тек Қазақстан аумағынан сатып алуы керек. Демек, шетелден үй сатып алса, оған Ұлттық қор ақшасын пайдалана алмайды.
Қаражатты қай оқу орындарында пайдалануға болады?
Ұлттық қорда шоты бар 18-ге толған қазақстандық ол ақшаны техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына жұмсай алады. Бұл жоба оқу гранты болып есептелмейді. Сондықтан шот иесіне «Болашақ» бағдарламасы мен өзге де мемлекеттік гранттардағы сияқты оқу бітіргеннен кейін Қазақстан аумағында қалып бірнеше жыл жұмыс істеу міндеттелмейді.
Балаға ақша аудару қандай жағдайда тоқтатылады?
- Ұлттық қор төлемін аудару бала қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Бұл жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Ондай баланың мұрагері кім бола алатыны Азаматтық кодекстің айрықша бөлігінде көрсетілген, яғни әр баланың мұрагері нақты жағдайы бойынша анықталады. Ал заңды мұрагер баладан қалған ақшаны өз қалауынша пайдаланады. Ата-ана болсын, заң аясындағы басқа да мұрагерлік құқығына ие адам болсын, қайтыс болған баладан қалған Ұлттық қор ақшасын өз қалауына қарай пайдалана алады.
- Бала Қазақстан азаматтығынан айырылған кезде тоқтатылады.
Баланың шотына түскен ақшаны қайдан тексереміз?
Бұл мәліметті тексерудің негізгі екі көзі болады.
Біріншісі — электронды үкімет порталы (egov.kz).
Екіншісі — Бірыңғай жинақтаушы қорының порталы (enpf.kz).
Осы екеуінің де мобильді қосымшасынан көруге болады. Мысалы, БЖЗҚ-да ол жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы көрінсе, электронды үкімет порталында әрбір ата-ананың жеке кабинетінде көрініп тұрады. eGov-тегі әр ата-ананың бүкіл балалары, олардың қандай мектепке баратыны, балабақшадағы кезегі, денсаулығы туралы барлық мәліметтер жиналған. Соның ішінде Ұлттық қордан жасалатын төлем туралы қосымша мәлімет орнатылады. Ол қосымша әр ата-ананың eGov-тегі жеке кабинетінде 2024 жылдың 1 қаңтарынан пайда бола бастайды.
eGov-тан балаңызды таппасаңыз не істеу керек?
Егер балаңыздың деректері eGov-та жоқ болса, платформада «баланы қосу» деген батырма бар. Соны басып, баланың ЖСН нөмірін енгізу арқылы тіркеуге болады. Ал тіркеу кезінде ақпарат шықпай жатса, «түзету» батырмасына өтіп, өз құжатыңызды, балаларыңыздың туу туралы куәлігін енгізесіз.
Бұл ақшаны неге ем-домға жұмсауға болмайды?
Заң жобасын талқылау кезінде ақшаны І және ІІ топтағы мүгедектердің өздерінің ем-домына алу мүмкіндігі қаралды. Бұл санаттағы азаматтарға арналған жеке бағдарлама бар, тиісті жәрдемақы аударылып жатыр. Сондықтан ол ұсыныс заңға енгізілмеді. Ал басқа азаматтардың МӘМС және зейнетақы шотындағы қажетті шектен артылған сома есебінен емделуге мүмкіндігі бар.
Ұлттық қордан балаға түсетін ақша көлемі мұнай бағасына байланысты ма?
Ұлттық қорға түсетін кіріс көзі бірнешеу. Оның басым бөлігі шикізат, минералды өнім экспорттаудың есебінен түсетін түсімдерден тұрады. Мұнайдан, жалпы металлургиялық өнімдер экспортынан түсетін табыс артқан сайын, Ұлттық қордың да кірістілігі артады. Ұлттық қордың кірістілігі инвестициялық операциялардың қалай басқарылғанына да байланысты. Бұл операциялардың бәрін Ұлттық банк жүргізеді. Ұлттық қор Үкіметтің иелігінде болғанымен, Ұлттық банкке сенімгерлік басқаруға берілген. Оның бүкіл кірістілігіне, табысы қандай деңгейде болғанына, активтері қандай инвестиция құралдарына салынғанына Ұлттық банк жауап береді.
Баланың ата-анасы шот ашу үшін қандай құжат жинауы керек?
«Ұлттық қор – балаларға» жобасына ата-аналар ешқандай құжат жинамайды. Барлық бала қатысады. Ешқайда барудың қажеті жоқ, тұтас процесс автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы қор Әділет министрлігімен бірлесіп, тиісті интеграциялық жұмыс жүргізеді. 18 жасқа дейін қаражат Ұлттық қорда сақталады. 18 жасқа толғаннан кейін ғана бұл сома шоттарға аударылады. Содан кейін бұл қаражатты бірнеше мақсатта пайдалануға болады.
18-ге толмаған баласы бар ата-ана нені ескеруі керек?
Балаңыздың eGov-тегі деректерін ретке келтіріңіз. Ұлттық қорды басқару Ұлттық банктің құзырындағы шаруа болғанмен, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының үйлестірушісі – Қаржы министрлігі. Ал оператор – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. Әділет министрлігінің базасындағы дерек негізінде 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 18-ге толмаған балалардың тізімі жасақталады. Сол тізім негізінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысын неше балаға теңдей бөлу керектігі белгілі болады.
Ата-аналар балаларының жеке құжат мәселесіне жіті назар аударуы керек. Қандай да бір себеппен құжаты болмай жатса, кейінге қалдыра бермей жасату қажет. Тіпті қандай да бір адами факторлардың себебінен балаңыздың мәліметі базадан түсіп қалған күннің өзінде де бала қаражатсыз қалмайды. Мысалы, биыл мәліметтер базасында болмай қалса, келесі жылы өткен жылдың төлемі қоса аударылып отырады. Ондай мүмкіндік көзделген. Сондықтан ешбір бала Ұлттық қор қаражатынан шет қалмайды.
Ұлттық қордың ақшасы қайда инвестицияланады?
Ұлттық қорда сақталатын ақшаның 10 млрд доллардан астамы тұрақтандыру портфельдеріне салынған. Бұл портфельдегі қаражатты қандай да бір шетін қажеттіліктер туындаған кезде жылдам шешіп алып, республика бюджетіне аударып ала қойып, ел экономикасына бағыттауға болады. Тұрақтандыру портфельдеріне салынады деп отырғанымыз да сондықтан. Бұл қаражат көбінесе дамыған мемлекеттердің қысқа мерзімді, бірақ өте сенімді саналатын, табысы төмен болса да құбылмайтын бағалы қағаздарына салынады. Жаһандық қаржылық дағдарыстар кезінде, COVID-2019 пандемиясы кезінде мемлекет осы тұрақтандыру портфеліндегі қаражатты алып, экономиканы сауықтырып, әлеуметтік жағдайды бірқалыпты ұстап тұруға салған.
Ұлттық қордың жинақтаушы портфелінің 29%-ы дамыған елдердің облигацияларына, 21%-ы дамушы елдердің облигацияларына, 30%-ы дамыған елдердегі компаниялардың акцияларына, 10%-ы корпоративтік облигацияларға, 5%-ы балама құралдарға, 5%-ы алтынға салынған.
Инвестициялық кірістің 50 пайызы деген қанша ақша?
Әзірге бұл сұраққа қолмен ұстатқандай нақты жауап берілмей келеді, яғни дәл қазір әрбір кәмелетке толмаған қазақстандыққа жыл сайын Ұлттық қордан қанша ақша аударылатынын есептеу мүмкін емес.
Оның себебі мынада:
Әр жылда Ұлттық қордан балаларға аударылатын қаражат мөлшері қанша болатыны сол жылдағы инвестициялық кірістің көлеміне байланысты. Мысалы, мұнай бағасы күрт төмендеп, қаржылық дағдарыстар белең алса, инвестициялық табыс төмен болуы мүмкін. Мұндай кезең 5-6 жылға созылып кетсе, осы аралықта 18-ге толатын балалардың Ұлттық қордан алатын «еншісі» экономикалық жағдай тұрақты кезеңде 18-ге толған буынға қарағанда аз шығып қалуы ықтимал. Осындай жайттардың салдарын барынша жеңілдету үшін мемлекет инвестициялық кіріс мөлшерлемесін алдыңғы он сегіз жыл ішіндегі орташа жылдық мән негізінде айқындау туралы шешім қабылдаған. Мысалы, 2024 жылы балалардың Ұлттық қордан алатын «еншісі» 2005-2022 жылдар аралығындағы инвестициялық кірістерден есептеледі. Осы жылдар кезеңіндегі инвестициялық кірісті қосып, оны 18-ге бөледі. Содан шыққан соманың 50%-ы әр балаға теңдей бөлінеді.
Осылайша, 2025 жылы 2006-2023 жылдар аралығындағы, 2026 жылы 2007-2024 жылдар аралығындағы инвестициялық кірістердің орташа мәні есептеліп, тең жартысы кәмелетке толмаған балаларға теңдей бөлініп отырады.
Ұлттық қордан аударылатын ақшаны кім қадағалайды?
«БЖЗҚ арнайы жинақтаушы шоттардың операторы болады деп жоспарлануда. Өйткені бүгінде ол – жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша шоттарды ашу және есепке алуды жүргізуге қажетті техникалық және кәсіптік мүмкіндіктері бар бірыңғай инфрақұрылымдық есепке алу орталығы.
Конституцияға жер мен оның жер қойнауы халыққа тиесілі екендігі туралы норма енгізілді және оны іске асыру мақсатында осы бағдарламаға бастама жасалды. Екіншіден, бастама әлеуметтік-экономикалық саясаттағы әділеттіліктің практикалық көрінісі ретінде қызмет етеді. Ең бастысы, қазақстандықтар елдің ұлттық байлығының игігілін тікелей сезіне алады.
2023 жылғы инвестиция аударымы неше балаға тең бөлінеді?
Қазақстанда 7 миллионнан астам бала бар. Ал нақты сан 31 желтоқсанда тағы бір рет нақтыланады. Ұлттық қордан ақша аударылатын шоттар осыдан кейін барып ашыла бастайды.
Бала санын нақтылау деген:
- әр есепті жылда неше бала туып, неше бала қайтыс болғанын;
- неше бала Қазақстан азаматтығын алғанын және одан бас тартқанын;
- неше бала кәмелетке толғанын тексеру деген сөз.
Басқа елдерде балалар қорына қанша қаражат құйылады?
Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарының отбасында дүниеге келген адам ғана Араб Әмірліктерінің азаматы бола алады. Бұл елдегі жалпы тұрғындар санының 20%-ын ғана құрайды. Сәйкесінше, оларға ерекше қаржылық артықшылықтар беріледі. Мәселен, үйлену тойына дейін жастар БАӘ неке қорынан пайызсыз несие ала алады. Шамамен әрқайсысына 20 мың доллар. Ал оны өтеу міндетті емес. Себебі отбасында бала дүниеге келген кезде несие автоматты түрде жабылады. Сондай-ақ мұнай мен газдан түсетін кірістерді пайдалана отырып, мемлекет жаңа туған нәрестенің болашағын қамтамасыз ету үшін депозиттік шот ашады. Әр баланың шотында 18 жасқа толғанға дейін шамамен 100 мың доллар жиналады. Алайда ел азаматтарының 15%-ы бала туғанда берілетін несие, жәрдемақы және депозиттерді пайдаланбайды. Бұл өз кірістерінің жеткілікті болуымен түсіндіріледі.
Кувейтте де дүниеге келген әрбір нәрестенің атына автоматты түрде банкте шот ашылады. Оны пайдалануға есепшот иесі ғана құқылы. Шот ашылғанда мемлекет тарапынан салынатын алғашқы сома 3 мың АҚШ долларына тең. Әрі қарай жыл сайын өсіп отырады. Сонымен қатар ата-аналар да шотты толықтырып отыра алады.
Ирландия балаларға депозит түрінде ақша төлейді. Мұнда мемлекет әр бала үшін 2 500 доллар бөледі. Баланың ата-анасы ақшаны үшке бөліп алады. Алғашқы аз бөлігі нәресте туған кезде беріледі. Ал екінші бөлігін бүлдіршін төрт жасқа толғанда ала алады. Қалғанын бала 12 жасқа толғанға дейін алуы керек. Мұның сыртында бала жеті жасқа толғанша ай сайын 150 доллар жәрдемақы төленеді.
Сингапурда да әрбір сәбиге дүниеге келген сәтте банктен шот ашылады. Оған мемлекет 3 мың сингапурлық доллар (шамамен 2 мың АҚШ доллары) қаржы салады. Ал отбасындағы келесі балаларға бұл ақша 6 жастан бастап төленеді.
Аустралияда әрбір жаңа туған нәрестеге 4 мың аустралиялық доллар сыйақы беріледі (бұл 3 мың АҚШ долларынан сәл асады). Алғашқыда бұл осы соманың тек 30%-ын ала алуға болады. Ал қалған бөлігін одан кейінгі екі жыл ішінде алуға мүмкіндік бар. Бірақ айта кету керек, сыйақы ата-аналар балаға қажетті барлық екпені алса ғана беріледі.
Статистика:
2021 жылы инвестициялық табыс 4,2 млрд доллардан асты. 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша, 17 жасқа дейінгі балалар саны 6 325 950 адамды құраған. Ұлттық Банк пен Үкіметтің есептеулері бойынша, балалар 18 жасқа толғанда жеке шотына шамамен 3 мың доллар жинақталатын болады.
Жоба арқылы Ұлттық қор шын мәнінде ұлттық мәртебесіне сай болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді.