{metadescription}
Қоян жылы қобалжыған ... 2023 жылы елімізде болған шулы оқиғалар

Қоян жылы қобалжыған ... 2023 жылы елімізде болған шулы оқиғалар

2023 жыл қазақстандықтардың есінде несімен есте қалады? Қылмыстық істер, Мәжіліс сайлауы, су тасқыны, халықаралық іздеу, зорлық-зомбылық, орман өрті, жарылыстар, Аза тұту, жаппай улану және тағы басқа да түрлі оқиғалар. Өмірде не болмайды. Адамның көбі ойлана бермейтін ақиқат. Тіршілік күйбеңіне түсіп кеткен соң, ненің не екеніне мән беруден қаламыз. Бір сәт тоқтап, айналаға көз салайықшы... Өткенге көз салып, сабақ алсақ ...

Қаңтар

Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істер бойынша негізгі айыпталушылар ретінде Кәрім Мәсімов, «Дикий Арман» және бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов аталды. Бас прокуратура Мәсімовтің нұсқауымен ҰҚК қызметкерлері қару-жарақ қоймаларын қараусыз қалдырғанын, кейін ұйымдасқан қылмыстық топтар, оның ішінде «Дикий Арман» ұйымдасқан қылмыстық тобы жиналғандарды бақылауға алғанын мәлімдеді. Ал Қорғаныс министрі Бектанов стратегиялық нысандарды армия бөлімшелерін қорғаусыз қалдырған.

Мемлекет басшысы Парламенттің төменгі палатасын таратып, мәслихат депутаттарының өкілеттігін тоқтатты және 19 наурызға Мәжіліс сайлауын белгіледі.

Ақпан

Толассыз жауған қар мен жаңбырдан соң күннің күрт жылуынан Түркістан облысында су тасқыны болды. 17 елдімекен су басу аймағында қалды. Кейбiр жергiлiктi мектеп онлайн оқуға көштi, ал балабақшалар жабылды.

6 ақпанда Түркия мен Сирия шекарасында магнитудасы 7,5 жер сілкінісі болды. Табиғи апат Түркияда 50 500-ден астам адамның өмірін қиды. Түркияда төтенше жағдай және жеті күнге қаралы күн жарияланды. БҰҰ 1,5 ​​миллионға жуық адам баспанасыз қалды деп есептейді.Наурызда Түркияда 6,8 мың шетелдіктің қайтыс болғаны белгілі болды, арасында отандастарымыз Әділ Қадырбеков пен Мірболат Құрмашев бар.

Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балтамен келіп оқушыларға шабуыл жасады. Үшеуі жараланды. Жасөспірім арнайы есепте тұрған және оны психиатрлар бақылаған. Қараша айында ол алты жыл тоғыз айға бас бостандығынан айырылды. Сотталған оқушы жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа тәртіптегі колонияда  өтейді.

Наурыз

Қазақстанда Мәжіліс сайлауы өтті. Парламенттің төменгі палатасындағы орындар 6 саяси бірлестікке бөлінді. «Аманатта» Мәжілісте 40 орын. Парламентке алғаш рет келген «Ауыл» партиясында 8. Мандат саны бойынша келесі орында «республикашылар» мен ақжолдықтар. Әрқайсында алты орыннан бар. Қазақстан халық партиясы мен ЖСДП 5 пен 4 орынға ие болды.

Тұрмысы нашар ақтөбелік отбасы қайтыс болған баласын жерлемей, үйінде ұстап, табыттың қасында ішімдік ішумен болған. Үйдегі төрт жасар ұл бала інісін «оятуды» сұрай берген. Марқұм болған бүлдіршінді бесінші күні өзге адамдар жерледі. Әке-шешесі есін жимастан іше берген.

Наурызда Ақтөбені кісі өлімі туралы екі қылмыс дүр сілкіндірді. Түнде пәтерлердің бірінде 37 жастағы әйел мен оның 16 жастағы ұлын айуандықпен пышақтап өлтірген. Марқұмның 13 жасар қызы да көптеген пышақ жарақатын алғанымен, аман қалып, полиция шақырған.  Күдікті 10 сәуірде ұсталды. Көп ұзамай ол Ақтөбедегі уақытша ұстау изоляторындағы камераның әжетханасында асылып өлді.

Сәуір

Алматы облысы полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды. Ол үкім шығарылғанға дейін елден Түркияға қашып кеткен. Бірақ сәуір айының соңында ұсталып, Қазақстанға қайтарылды. Кейін Күдебаев шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға бас бостандығынан айырылды. Жазаны ішінара қосу арқылы экс-генерал ақыры 10 жыл 3 айды түрмеде өткізеді.

Алматыда жантүршіктіретін жағдай. Бетперде киген бәзбіреу адамның басы салынған пакетті базарға тастап кеткен. Шұжық дүкенінің сатушылары затын ұмытты екен деп, ер адамның соңынан сыртқа шықса, ол ізім-ғайым жоғалған Көңілдесінің көңілінен шығу үшін алдын ала айуандықпен өлтіруді жоспарлаған ер адам ұсталды. Ол өлтірілген әйелдің басын адам көп жиналатын жерге – шұжық пен ірімшік дүкеніне апаруды ұйғарған. Осылайша ол сатушы әйелден көңілін қалдырғаны үшін «кегін алған». Істі алқабилер қарады. 61 жастағы сотталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жаңаөзенде газ баллоны жарылып, екі қабатты үйдің кіреберісі опырылып құлады. Қаза тапқандар тізімінде төрт адам бар. Тағы төртеуі қиранды астынан шығарылды. Ауруханаға 13 адам түсті, оның ішінде сегіз бала мен жүкті әйел бар.

Мамыр

Мамыр айының соңында Абай ауданының билігі қарағайлы орман өртеніп жатқан аймаққа төтенше жағдай енгізді. Орман өрті Алтай аймағынан «Семей орманы»  резерватының аумағына ауысқан. Ғарыш мониторингі деректері бойынша ірі өрттен «Семей орманы» қорығының төрт мың гектардан астам жері жанып кеткен. Бірақ маусым айында өрт тағы жалғасты.

Жаңажол кен орнындағы «Ақтөбемұнайгаз» зауытында өрт шықты. Өрт жақын маңдағы 20 тонна пропан цистерналарына тарай жаздады, ол кез келген сәтте жарылуы мүмкін еді. 50-ден астам өрт сөндіруші өртті сөндіріп, қалған резервуарды суытып үлгерді. Зауыттың төрт жұмысшысы қатты күйіп қалды. Екеуі кейін қайтыс болды.

Астанада LRT ісі бойынша кінәлілерге үкім шықты. 6 миллиард теңгеге жуық қаражатты ұрлағаны үшін елорда әкімінің экс-орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Ардан Түркияда, ал Сұлтанбеков АҚШ-та жасырынып жүр деген ақпарат бар.

Маусым

8 маусымда Абай ауданында өрт шығып, 60 мың гектар аумақты шарпыды.

Өрттен «Семей орманы» РМК Новошульбі филиалының 14 қызметкері, сонымен қатар жергілікті тракторшы қаза тапты. Өртті сөндіруге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1500-ден астам адам мен техника жұмылдырылды. 12 маусым Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Өрт 13 шілдеде ғана толық сөндірілді.

Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласында жарылыс болып, ол өртке ұласты. Өрттен бес көлік жанып кетті. Бес адам зардап шекті. Бірнеше күннен кейін ауруханаға ауыр жағдайда түскен екі адам қайтыс болды.

Алматыда вайнер ісі бойынша атышулы сот процесі аяқталды. Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сот алты айға созылды. Олар өздерінің кінәсіз екенін үнемі айтумен болды. Дегенмен судья 12 айыпталушының ешқайсысын ақтамады. Қалған айыпталушыларға әртүрлі мерзімге – сегіз жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырған басты күдікті Алмас Құрманғалиев түрмеде ұзақ отыруы керек.

18 маусымда Астанадағы Kaspi.kz бөлімшесіне қарулы адам шабуыл жасап, қызметкерлерге қоқан-лоққы көрсеткен. Күзет бірден дабыл түймесін іске қосып, полиция оқиға орнына тез жетті. Кепілге алынғандарды босату операциясы екі сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Ұсталған Әлихан Мурадов 7 жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.

Шілде

Алматының Орталық клиникалық ауруханасында ВИЧ жұқтырған үш науқас анықталды. АИТВ жұқтырған үш науқастың да инфекцияны бір жерден жұқтырғаны және бұл ауруханада болғаны анықталды. Дәрігерлер өз міндетін жауапсыз орындап, санитарлық ережені бұзған. Клиниканың  бас дәрігері жұмыстан уақытша шеттетілді. Төрт қызметкер жұмыстан шығарылды.

Түркістан облысындағы қылмыс. Сарыағаш ауданында бес жасар Еркежан Нұрмаханды зорлап, аяусыз өлтірген. Пышақ жарақатын алған қыздың мәйіті көршісінің сарайынан табылды. Еркежанды өлтірген педофилге химиялық кастрация, моральдық шығынды өтеу және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Тамыз

 Алматыдағы көпқабатты үйдегі ірі өрт. Өрттен бас сауғалаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырып, артынан өздері секірген. Лифт шахтасындағы электр кабельдері де жанып кетті. Өрттен бір адам қаза тауып, 49 адам зардап шекті. Құтқарушылар көптеген заңбұзушылық болғанын айтты: үйдегі түтіннен қорғау жүйесінде ақау болып, апат кезде  шығатын есіктер тас бекітілулі болған.

Бір әулеттің 11 адамы бір мезетте Сырдарияға суға кетті. Түркістан облысындағы Сырдария өзеніне суға түсуге келген туыс 20 адамның 11-і суға кетті. Арасында екі әйел мен тоғыз бала бар. Бір бала суға тайып құлап кеткенде, құтқару үшін бәрі жаппай суға секірген.

Қыркүйек

Табиғи газ импорттауда ұрлық жасағаны үшін сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаев 120 млрд теңгенің мүлкін мемлекетке өз еркімен қайтарды. Ол алты жылға сотталған. Кесілген жазаның өтелмеген бөлігі тұрғылықты жері бойынша бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Боранбаев 2023 жылы 6 қарашада босатылды. Әйгілі кәсіпкер бір жарым жылдан астам уақытын қамауда өткізді.

Қазан

28 қазан күні таңертең «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде метан жарылысы болды. Апат кезінде жер астында 252 кенші болған, оның 208-і өз бетімен жер бетіне шыққан. 46 кенші қаза тапты. 29 қазан Қазақстанда шахта апатында қаза тапқандарды Аза тұту күні болып жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Костенко атындағы шахтадағы апатты Қазақстан тәуелсіздігінің бүкіл тарихындағы құрбандар саны бойынша ең ірі өндірістік апат деп санауға болады.

Қараша

Жамбыл облысында мектеп оқушылары жаппай уланды. 44 бала мен екі мұғалім ауруханаға түсті.  Республика және облыстан анестезиолог, педиатр, токсиколог, инфекционист мамандардан комиссия құрылды. Оқиғаға стафилококк себеп болған. Бактерия тамақ өнімдерінен және асхана қызметкерлерінен табылған.

9 қарашада Астана мейрамханаларының бірінде әйелін өлтірді деген күдікпен полиция  экс-министр Қуандық Бишімбаевты ұстады. Бұл оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі «Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бойынша тергеу жүріп жатыр. Бишімбаев аталмыш баппен 15 жылдан бастап, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазақстан Президенті Ішкі істер министрлігі басшылығына бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Алматыда үш қабатты үйдің жертөлесінде орналасқан хостел өртеніп, 13 адам қайтыс болды. Олардың төртеуі шетелдік. Жатақхана заңсыз жұмыс істеген. Прокурорлар хостел қожайынын ұстады. Ол өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деген күдікке ілінді.

Қараша айында Қазақстанның тұңғыш президентінің інісі Болат Назарбаев ұзаққа созылған науқастан кейін қайтыс болды. Ол 70 жаста еді.

Қараша айында қазақстандықтар ерекше құбылыстың куәсі болды. Бірнеше минут бойы аспан кемпірқосақ түстеріне боялды. Солтүстік шұғыласы тұрғындарды таңдандырып қана қоймай, шошытқаны рас. Аспанның қан қызылға болғанын көбі ақырзаман хабаршысы деп ойлады.

Желтоқсан

Астанада аялдаманың бір бөлігі ерлі-зайыптылардың үстіне құлады. Оқиға көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Зардап шеккен екеуі де ауруханаға түсті.

Қостанайда техникалық базада жарылыс болды. Оқиға орнында үйінді астынан қаза тапқан үш адамның денесі шығарылды. Алдын ала болжам бойынша, жарылысқа газ-ауа қоспасы себеп болған.

Алматыда автобус көшедегі адамдарды жапырып өтті. Сұмдық апатта үш адам тіл тартпай кетті.  Төрт адам ауруханаға жеткізілді. Автобустағы жолаушы жүргізуші әйелдің басынан бірнеше рет ұрған, жүргізуші есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалған. Ақыры автобус аялдама маңындағы адамдарды мыжып өткен.  Жолаушы қамауға алынды. Ол 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Нұрсұлтан Назарбаев «Менің өмірім. Тәуелділіктен бостандыққа дейін» атты естелік кітабын жазды. Кітабында ол қазіргі дүниежүзі тарихының бетбұрыстарына баға беріп, КСРО-ның ыдырауының жай-жапсарын ашып, тәуелсіз Қазақстан құрылысының ауқымды бейнесін берген. Назарбаев саяси аренада жолығуға мүмкіндік алған әрбір адам туралы жеке естелігін айтып ағынан жарылған.

 

Кеше

08 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде