Жаңа оқу жылы: Оқушы сөмкесі қандай болуы керек?
Оқушының омыртқасына салмақ салмайтын рюкзактықалай таңдау керек? Бастауыш сынып оқушыларының сөмкесінің салмағы қанша болғаны дұрыс? Ал жоғары және орта буын оқушыларының сөмкесінің салмағы ше? Оқулықтар мен дәптерлерге қойылатын талаптар қандай?
Фото: nolga.ru
1. Оқушы сөмкесі қандай болуы керек?
Рюкзактың арт жағы анатомиялық болуы қажет. Материалы берік, тығыз болса, ол ішіндегі құрал-жабдықты мыжымай берік қорғап тұрады, ал ішіндегісі баланың арқасын қорғап тұрады. Арт жағы ауа өткізетін және торлы материалдан болғаны дұрыс.
Иықбауының жалпақтығы 4-5 см-ден кем болмай, біркелкі әрі екеу болсын. Ол йығынан аспайтын, мойнын қажамауы керек.
Рюкзактың асты (табаны, түбі) пластиктен немесе резеңке, бастысы, мықты және су өткізбейтін болсын.
Материалы мықты және су өткізбейтін болуы тиіс. Әдетте ол полиэстер немесе нейлоннан жасалады. Дегенмен кейбір ата-ана рюкзакты қосымша су өткізбейтін материалмен қаптап алады. Сонда шашыраған батпақ, фломастердің сиясы, шырынның дағын сүрту жеңіл.
Суреті. Балаңыз мектеп табалдырығын енді аттап жатса, онда өзінің сүйікті кейіпкерінің суреті болғаны жақсы. Бұл баланың өзін жалғыз сезінбей, қатты толқымауына септігін тигізеді. Ал ересектеу бала мульфильм кейіпкерінің суреті бар рюкзакпен жүрсе, ол сыныптастарының алдында мазаққа ұшырауына әкелуі ықтимал. Жалпы, сөмкедегі суретті баланың өзі таңдағаны жөн. Ересек балаларға графикалық сурет дұрысырақ. Және де суретті сүртіп, жуғанда жапсырмасы жыртылмағанын назарға алыңыз.
Сырғытпа ілгектері металдан болғаны дұрыс. Әдетте бір тоқсан біте салысымен-ақ сөмкенің жапсырмалары (липучка) істен шығып, пластмасса ілгектері жарамсыз болып қалады. Сондықтан артық жапсырмасыз, ұсақ, көп қалтасы жоқ, ал сырғытпа ілгектері жалпағырақ темірден жасалған рюкзакты таңдаңыз.
Рюкзактың ішіне бір-екі бөлімше жеткілікті. Ұсақ-түйек қалталардың қажеті жоқ. Ол кітап-дәптер салғанда кедергі болып, құрал-жабдықтың бұрышын тоздырады.
Сөмкенің сыртқы түрі: тігістері түзу болсын. Ешқандай салбырап тұрған жібі болмасын. Негізінен сөмкелерде жарық шағылыстыратын жапсырмалары болуы керек.
Рюкзактың сыртында су ішетін құтыға арналған резеңкелі қалта болса, қатып кетеді.
Айтпақшы, сөмке сатып алғанда ішін иіскеп көріңіз. Жағымсыз иіс – сапасыздықтың белгісі.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова:
«Баланың сөмкесін дұрыс таңдау болашақта бірқатар аурулардың алдын алады. Оның ішінде сколиоз, остеохондроз, көк еттің жыртылуы деген сияқты аурулар бар. Сөмкенің арқасы ортопедиялық әрі қатты болуы тиіс. Қатты каркас омыртқаға түсетін жүктемені біркелкі етеді. Сонда баланың омыртқасына қатты күш түспейді. Мектеп сөмкесі баланың жасы мен бойына сәйкес болғаны абзал. Бастауыш сынып оқушыларының сөмкесінің салмағы 700 граммнан аспағаны жөн. Жоғары және орта буын оқушыларының сөмкесі 1 келіден аспауы керек. Оқулықтар мен дәптерлерге қойылатын талаптар:
Қағаз сүзгі сияқты ар жағын көрсетпеу тиіс. Кітаптағы мәтіндерге де сондай талап қойылады. Кітаптардағы таңбалар қара түсті, анық болады. Оқулықтар баланың оқуына ыңғайлы болғаны жөн:
Бір кітаптың салмағы:
1-4 сыныптар үшін - 300 грамм;
6 сыныптар үшін - 400 грамм;
7-12 сынып оқушылары үшін 500-600 грамм».
Сонымен, балаңызға рюкзак таңдап алдыңыз. Енді оны кигізіп көріңіз. Егер рюкзак кигенде бала тасбақадай болып, сөмкенің артынан көрінбей қалса, ақшаңыздың желге кеткені. Сондықтан мектеп сөмкесін алғанда балаңыздың дене бітімін ескеріңіз. Рюкзак баланың иығынан аспай, иығынан, белінен төмен болмау керек. Айтпақшы, бәленбай ақшаға сатып алынған деп тықшамсыз сөмкені тықпалап әуреленбеңіз. Жоғарыда аталған кеңесті ескеріп, таңдап алған сөмкені балаңыз киіп алып, секіріп жүгіріп кетсе...
Құтты болсын, балаңыз мектепке дайын!
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жылжымайтын мүлік: Күзде пәтер бағасы қандай болады
Пәтер жалдау: Ерекше ескеретін нәрселер
МЕКТЕПТЕГІ БЫЛЫҚ: «БАСТАУЫШ СЫНЫПҚА МҰҒАЛІМ БОЛУ ҮШІН 2 МЫҢ 200 ДОЛЛАР ӘКЕЛЕСІҢ»
ЕРСАЙЫН ЕРҚОЖА: «ӨЗІНІҢ АТА-ТЕГІН ДҰРЫС ЖАЗА АЛМАЙТЫН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫ БАР»
ӘР КҮННІҢ НЕСІБЕСІ БҰЙЫРСЫН ДЕСЕҢІЗ...