Павлодарда «Тұрғын үй» бағдарламасына бөлінген 70 млн. теңге алаяқтардың қалтасына кетті.
Шенеуніктер бітпеген құрылыстың ақысын мердігер компанияның есеп-шотына алдын-ала аударып қойған. Енді құзырлы орындар жұмыстарын аяқсыз қалдырып, қашып кеткен алаяқтармен бірге шенеуніктердің үстінен де қылмыстық іс қозғап жатыр.
Автор: Ғабит Бөкенбайұлы
10.11.2008
Қала әкімшілігі өткізген тендерде жеңімпаз атанған мердігер компания 10 қабатты тұрғын үйді өткен жылы тұрғызып беруі тиіс еді. Тапсырыс беруші заң бойынша, қаржының 30 пайызын ғана алдын-ала төлеуге міндетті екенін ескерсек, қалалық құрылыс бөлімінің бұл жомарттығы түсініксіз.
МАРАТ ЗЕЙНУЛЛИН, Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің бастығы:
-Былтыр біз бұл нысанға бюджеттен 125 млн. теңге, яғни 100 пайыз қаржыны бөлдік. Себебі, бұл Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы болатын, оны игере алмасақ, ақшаны кері қайтарып алушы еді.
10-қабатты үйдің есік-терезелері мен шойын батареяларын ұры-қарылар әлдеқашан тасып әкеткен. Қараусыз құрылыс қазір балалардың ойын алаңына айналды.
АСҚАР БАХРАЛИНОВ, Павлодар қалалық Мәслихатының депутаты:
-Тендерді жеңіп алған «Амира-ПВ» компаниясының қазір қайда кеткенін ешкім білмейді. Олардың не кеңсесі , не қаржысы жоқ. Есеп-шоттарының қай банкіде тіркелгені де белгісіз. Бұл фирма қаржыны қолма-қол ауыстырумен айналысатын алыпсатар компания ма деген күдік бар.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті, алаяқ құрылысшылар мен бюджеттің ақшасын оңды-солды шашқан қалалық құрылыс бөлімі басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл іс қаржы полициясы қызметкерлерінің қарамағында.
МАҚҚҰРЖАН МӘКІШЕВ, Павлодар облыстық қаржы полициясының тергеушісі:
-Қалалық құрылыс бөліміндегі қызметкерлер қылмыстық кодекс бойынша 5-жылдан 10-жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Немесе дүние-мүлкі тәркіленіп, 3 жыл көлемінде лауазымды қызмет атқара алмайды.
Қала әкімшілігі бұл құрылысты келесі жылдың көктемінде пайдалануға береміз деп отыр. Бірақ мұны қандай қаржыға тұрғызатыны белгісіз. Құрылысты аяқтау үшін, қосымша тағы 50 млн. теңге қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!