Енді пойызға билетсіз жолаушылар тасымалдаған жолсеріктермен инспекторлар күреседі.
Жемқорлыққа жол беріп, пойызға билетсіз жолаушылар тасымалдаған жолсеріктермен күресу үшін жаңа қызмет түрі жасақталады. Олар бұрынғы ревизорлардың орнын ауыстырып, “инспектор” деген атпен жұмыс істейді.
Автор: Ғабит Ұзақбай
10.11.2008
Бұл туралы бүгін “Жолаушылар тасымалы” мекемесінің басшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, бұрынғы ревизорлар жалақыларын азсынып, жолсеріктермен бірге жемқорлыққа жол берді. Енді жаңа лауазым бойынша жұмыс істейтін инспекторлардың айлығы, атқарған еңбектеріне қарай еселеніп отырады. Жаңадан жасақталатын бұл қызметкерлер алдағы бір-екі айдың ішінде өз жұмыстарына кірісуі тиіс.
Байдалы Дәрімбетов, “Жолаушылар тасымалы” Акционерлік Қоғамының басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
-Бұл инспекторлар өздерінің істеген жұмыстарына байланысты ғана ақша алатын болады. Содан кейін, егер жолаушылар тасымалынан түскен 50-60 пайыз ақша - акт жасаған инспектордың ақысына қосымша көтерме ретінде төленіп отырылатын болады.
Ал, билет тапшылығы билетті қолдан жасап отырғандармен қанша күрес жүргізсе де, сол күйінде қалуда. Он жылға жуық билет кассалары жеке меншіктердің қолында болған.
Бұлардың барлығы жуырда ғана “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының құзырына өтті. Бірақ заңсыз билет сатып, қолдан тапшылық жасап үйреніп қалған сол ұжымды бақылауда ұстау мүмкін болмай отыр. Тіпті, жолаушылар тасымалымен айналысатын үш компания өз еріктерімен тарифті көтеріп, қыруар пайдаға кенелген. Атап айтсақ, “Тұран экспресс”, “Құнан Транс” және “Батыс Транс Ақтөбе” мекемелері жолаушыларға билеттерді 20-30 пайызға қымбат сатып, жалпы көлемі 58 млн. теңгеден астам қосымша пайда тапқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!