Шетелдік сарапшылар Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын бір сатыға төмен түсірді.
Қазақстандық банктердің қаржылық дағдарыс пен шикізат бағасының құлдырауына байланысты рейтінгісі төмендеді. Таяуда елімізде экономикалық зерттеулер жүргізген әлемге белгілі «FITCH» агенттігінің мамандары осындай қорытындыға келді.
Автор: Дина Төлепбергенова
10.11.2008
Бұл жағдай қаржылық дағдарыс пен әлемдегі шикізат бағасының құлдырауымен байланысты. Мамандардың пікірінше, Қазақстан Үкіметінің қабылдаған көптеген шараларына қарамастан, банктердің қаржылық қоры кеміп барады. Мұндай пікірмен «Moody's» агенттігі де келісіп отыр. Дегенмен, Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов халықаралық рейтингілік агенттіктердің есебінде қателіктердің болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.
Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджетті жоспарлау министрі:
- Ол обьективті жұмыс. Бірақ, Ұлттық қордан алып жатқан қаражат несие саясаты бойынша берілетін ақша, менің ойымша, келесі жылы экономикамыздың тұрақты өсуіне жақсы әсерін береді.
Дағдарысқа төтеп беріп, халықаралық рейтингілік агенттіктердің көзқарасын өзгерту үшін, Қазақстан Үкіметі банктерді қайта капиталдандыру бағдарламасын қабылдамақ. Премьер-министрдің пайымдауынша, аталған құжат осы айдың соңында дайын болады. Жаңа бағдарламаға сәйкес, шағын және орта бизнес өкілдері несиені жылына 12,5 пайыздан аспайтын үстеме ақымен алады. Үкімет банктеріміздің жағдайын түзеу бағытындағы жұмысты шетелдің білікті мамандарымен бірлесе отырып жасап жатқанын айтады. Мәселен, «Credit Swiss» және «JP Morgan» банктері кеңес беруде.
Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:
-«Credit Swiss» банкі осы мәселе бойынша Ұлыбритания үкіметінің кеңесшісі, ал «JP Morgan» - АҚШ қаржы министрлігінің кеңесшісі болған. Демек, бұл бағдарламаға біз әлемдегі ең таңдаулы халықаралық тәжірибені енгізіп отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!