Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының тұрғындары әлеуметтік төлемдерін ала алмай отыр.
Сайрам ауданының 80 тұрғыны 4 айдан бері тиісті әлеуметтік төлемдеріне қол жеткізе алмай келеді. Тұрғындардың зейнетақысы мен балаларға берілетін жәрдемақыны жергілікті байланыс торабының меңгерушісі жеке пайдасына жаратқан.
Автор: Бекжігіт Мәуленов
13.11.2008
Қара Бастау ауылының тұрғындары төрт айдан бері Қазпошта бөлімшесінің табалдырығын тоздырып жүр. Қарттары зейнетақысын, қалғаны әлеуметтік төлемдерін ала алмай келеді. Ал қаржыны поштаның бұрынғы меңгерушісі жымқырған.
Шәмсия Сұлтанова, Қарабастау ауылының тұрғыны:
-11 ай болды ақша алмағаныма. Сұрап едім, мені боқтап, ары қарап кетіп бара жатыр.
Несие алған ауыл азаматтары банкке берешегін осы бөлімшеде төлейді. Ол қаржы да тиісті жерге жетпеген. Соның кесірінен кейбір тұрғындардың несие ұйымының алдындағы қарызы 60 мың теңгеге жеткен.
Орынбай Әбдірахманов, Қарабастау ауылының тұрғыны:
-Құдайдан қорқа ма, қорықпай ма?! Жұрттың ақшасын жеуге оның қандай ақысы бар?
Байланыс торабының бұрынғы басшысының кесірінен 80-ге жуық тұрғындар зар илеп жүр. Олардың айтуына қарағанда, ала алмай жүрген ақшаның жалпы мөлшері - 2 млн. теңгені құрайды. Бастапқыда берер деп сенген ауыл азаматтары, ақыры қаржы полициясына шағымданыпты. Енді жұрттың ақшасын жеген жемқормен құзырлы қызмет айналысады.
Амангелді Бекжігіт, Сайрам аймақтық Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының бастығы:
-Азаматтардың орнына өзі қол қойып, сондай жолмен ақшаны бас пайдасына жаратқан.
Қазір тұрғындарға келтірілген залалдың жалпы мөлшері нақтыланып жатыр.
Қазпошта қызметкерлері халықтың ақшасын өз қалтасына басу жиі орын алып келеді. Жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысындағы байланыс торабының 20 өкілі жауапқа тартылған. Одан келген зиян 10 миллион теңгені құрайды. Бірақ соның барлығы қазынаға толық қайтарылған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!