Апатты жағдайда кеншілер өмірін аман алып қалуға арналған соңғы үлгідегі құрылғылар сынақтан өтуде.
Қарағандыда қайта қалпына келтірілген оқу полигоныңда құтқарушылар соңғы үлгідегі құрылғыларды сынақтан өткізіп жатыр. Бұл құрылғылар апатты жағдайда кеншілер өмірін аман алып қалуға септігін тигізбек. Оқу полигоныңдағы сынақтар жайлы осы өңірдегі тілшіміз Жұлдыз Ахметова әңгімелейді.
Автор: Жұлдыз Ахметова
18.11.2008
Тау –кен құрылғыларын сынақтан өткізуге арналған ТМД-дағы жалғыз тәжірибе алаңы бұған дейін қаңырап бос тұрған. Өйткені, соңғы он бес жылдың ішінде ұры-қарылар полигонның түгін қалдырмай тонап кеткен. “Арселор Миттал” компаниясына қарасты “Абай” және “Тентек” шахтыларындағы қайғылы жайттардан кейін, тәжірибе алаңын қайта қалпына келтіру үкіметтік комиссияның қойған басты талаптарының бірі болды.
Валерий Плотников, Төтенше жағдайлар министрлігінің "Көмір" ӘАҚҚ инженерлік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы:
-Біз мына полигонды қалпына келтіруге бөлінген қаржының жетіспеушілігінен құрылысқа қажет материалдарды күл- қоқыстан алуға мәжбүр болдық. Тіпті, мердігер компаниялардың қызметінен бас тартып, нысанды құтқарушылардың көмегімен тұрғызуға тура келді. Сондықтан, бұрынғы бес тәжірибе алаңының біреуі ғана іске қосылды.
Қадағалау құралдары орнатылған жүз метрлік мұнараның іші шахта іспетті. Құтқарушылар мен тау-кен ісінің мамандары арнайы жасақтаған бұл полигонда Германия мен Ресейдің кен орындарында кеңінен пайдаланатын құрылғыларды сынақтан өткізіп жатыр. Шахтаның апатқа қаупі бар бөліктерінде орнатылуы тиіс су құйылған қапшықтар, апат болған жағдайда өртті сөндіріп, жарылыс толқындарының күшін азайтуы тиіс.
Бір өкініштісі, оқу полигоныңда қазақстандық құрылғылар емес, ресейлік мамандар жетілдірген озық технологиялар сынақтан өткізілді.
Бұл жобаның құрылысына бес миллион теңге бөлген “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды жүргізуге ешқандай қаржы қарастырмаған.
Валерий Плотников, Төтенше жағдайлар министрлігінің "Көмір" ӘАҚҚ инженерлік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы:
-Бұл полигонда көптеген құрылғыларды сынақтан өткізуге болады. Қазір технологияладың үрдіс дамып отырған заманында өзімізде бар мүмкіншіліктерді пайдалана алмай отырғанымыз қынжылтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!