Запастағы офицерлер Қорғаныс министрі Даниал Ахметовтың отставкаға кетуін талап етіп отыр.
Оған пәтер мәселесінің шешілмеуі себеп. Бүгін «Бомж» одағына біріккен әскерилер Қорғаныс министрлігіне тағы бірнеше талап қойды. Үй алудың жаңа әдістерін ойлап тапқан офицерлер туралы – біздің Алматыдағы тілшіміз Айбар Олжаев.
Автор: Айбар Олжаев
18.11.2008
Бомж одағының бүгінгі жиылысы «Ахметов отставкаға кетсін!», «Сот шешімі орындалсын!» деген ұрандармен басталды. Бұдан кейін погон таққан 16 баспанасыз өз талаптарын Алматыдағы бөліп-тарату әскери бөлімшесінің бастығына тапсыруы тиіс еді. Бірақ лауазымды тұлға наразы топпен кездесуге асықпады.
Мәмбет Қойшыбаев, запастағы офицер:
-Біздің талабымыз: «Үй берілсін» деген сот шешімінің орындалуы, оған қатысты тендерді ашық түрде өткізу.
Біраз ардагердің қолына мынадай қағаз келіп түсті. Онда Президент әкімшілігі: «жағдайды бақылап отырмыз, пәтер беруге қатысты нұсқаулар берілді» - деп жазылған. Осы күзде офицерлерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қомақты қаржы бөлінген болатын, бірақ бүгін жиналғандарды «осы қаржы дұрыс игеріле ме?» деген сұрақ мазалай бастады.
Дәулет Жұмабеков, запастағы подполковник:
-Біз Қорғаныс министрлігімен арадағы сотты жеңіп алдық. Енді қарсы жақпен бітім келісімін жасасып, пәтер алуға бөлінген қаржыны әр офицердің жеке шотына аударсын деген тілегіміз бар. Ол қабылданған тәжірибе. Келісім негізінде кассалық бұйрық жазылып, ақша бөлінеді. Біз ол ақшаға өзіміз қалаған пәтерімізді ала-аламыз, тендердің қажеті жоқ. Біз сарай сұрап отырған жоқпыз, Алматыдағы пәтерлердің орташа бағасы бойынша қаржы бөлсе болғаны.
Жалпы биыл үйсіз жүрген запастағы офицерлердің белсенділігі артып келеді. Тамыз айынан бері 5-6 шара өткізілді. Өткенде қайыр сұрап, жиналған тиын-тебенді Қазпошта арқылы Қорғаныс министрлігіне жіберген болатын. «Мұнымен тоқтамаймыз» - дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!