Отандық кинопрокатта көп қаржы жинаған «Адмирал» фильмі жайында арнайы репортаж.
Елімізде кино импортына бақылау жоқ. Яғни сырттан келетін кейбір мазмұны кедей картиналар ұлттық мәртебемізге келтіретін зияндығына қарамастан, көрермендерге ұсыныла береді. Соңғы уақытта отандық кинотеатрларда көрсетіліп жатқан «Адмирал» фильмін барша жұрт тамсанып көруде. Картинадағы басты кейіпкер - ол адмирал Александр Колчак ресейліктер үшін халық қаһарманына айналса, тарихтағы Колчактың шынайы бейнесі – қазақ зиялылары мен бейбіт халқын қынадай қырған қолбасшы.
Автор: Ғабит Ұзақбай
19.11.2008
Фильмде бастан-аяқ Колчактың жасаған ерліктері көрсетіліп, соңында ол Иркутск қаласының түбінде қызылдардың қолына түсіп, өлтірілгендігі бейнеленеді. Кинода негізінен лирикалық-драма жанры басым. Сол себепті лентаны тамашалаған адамның бойында басты кейіпкерге деген жанашырлық сезім пайда болады.
Жалпы режиссерлер тарихи оқиғаларды кинода бейнелегенде көркемдік жағынан әсірелеу үшін тарихты бұрмалап жібереді. Режиссер Андрей Кравчуктің “Адмирал” фильмінде де Александр Колчактың тарихтағы нағыз келбеті көрсетілмеген. Шындығында ол патшалық империяның тұтастығы үшін жолына қарсы келгендерді қырып, әсіресе қазақ даласын қанға бояп, ойран салған адам. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының өмірін зерттеуші ғалым Тұрсын Жұртбай Колчакка қатысты біраз деректерге қанық.
Тұрсын Жұртбай, жазушы-ғалым:
-Сол тұста сөйлеген сөзінде хаттамада Алаш Үкіметінің шарттары мен бағдарламалары ұсынылған кезде, мынадай сөз айтқан: “Маған салса, қазақтарды бағындыру қиынға соқпас еді. Халыққа сөзі өтетін, халық сенетін 500 зиялысының көзін жойса жетіп жатыр. Қазақтар тағзым етті деп есептеу керек”. Бұл - Колчактың Алаштың тәуелсіздік автономиясы туралы кеңесінде берген бұйрығы.
Дәл осы бұйрығын Колчак асырып орындады десек, артық айтпаймыз. Оған кешегі тарих куә. Тіпті ел аузында “Кәлшәктің кесапатынан сақта” деген сөз бар. Осындай адамды кинода басқаша етіп түсіргендіктен, оны тамашалаған жас ұрпақтың пікірі де өзгеше.
Жастардан алынған сұхбат:
- «Адмирал» деген киноны көрдіңдер ме?
- Көрдік, жақсы түсірілген.
- Ал, сондағы Колчактың кім екенін білесіздер ма?
- Колчак, ол не ғой, адмирал ғой.
- Одан басқасын білмейсіңдер ме?
- Одан басқа білмейміз.
- Жақында ғана жарық көрген «Адмирал» фильмін көрдің бе?
- Көрдім, өте жақсы фильм. Күшті түсірілген.
- Ал ондағы Колчактың кім екенін білесің бе?
- Ол «ақтарға» жақтасқан ба....?
- Нақты кім екенін білесің бе?
- Нақты Колчак.....ы-ы-ы (нақты білмейді)
Ресейлік киногерлердің “Адмирал” фильмі қазіргі киноға қатысты барлық талаптарды озық орындап шыққан. Оған сөз жоқ. Кинода қазақтарды қынадай қырғаны туралы кадрлар кездеспейді. Онысына «шүкір» дейік. Ал бар айтпағымыз: «киноны тамашалаған жұрт, ата-бабасын қырған адамды халық батырына балап, табынып кетіп жүрмесін» - дейміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!