Өнер жанашырлары дәстүрлі музыканы қорғау үшін ұлттық қор құрды.
Қазақ халқының ән өнері әлемдік деңгейдегі опера мен драмадан еш кем емес.Сондықтан, осы сала мамандары бізге дәстүрлі музыка театры қажеттігін айтады. Бірақ билік басындағылар бұл мәселеге мойын бұрар емес.Қол қусырып отырудан жалыққан көпшілік дәстүрлі музыка орталығын құрып, оның негізінде дәстүрлі музыканы қолдау қорын ашып жатыр.Олар бүгінге дейін белгісіз болып келген күйшілер мен әншілердің шығармаларын халыққа жеткізумен айналысады.
Автор: Жадыра Сейдешева
24.11.2008
Әр заманның ағымына сай көріністер алдымен халықтың өнерінен байқалып жатады. Соңғы жылдары сәнге айналған эстрада жанрында айтылып жүрген әндердің қазақи қалпы бұзылып жатыр. «Жаһандану дәуірінде қазақтың ұлттық бай қазынасы жұтылып кетпеу керек»,- дейді мамандар.Өкінішке орай, біздің бүгінгі музыкамыз қазаққа емес, Батысқа қызмет етуде.Осыны билік басындағыларға жеткізіп,оларды дәстүрлі өнерге деген өгей көзқарастан айнытуымыз керек,-дейді ән өнерінің өкілдері.
Сәуле Жанпейіс, дәстүрлі әнші:
-Халықтың өз дүниесі өз қазанында қайнап жата береді.Біздің халқымыз құдайға шүкір, әлі дәстүрлі өнерін жоғалтқан жоқ. Ұлттық музыкасын сүйеді.Бірақ өкінішке орай, бұған мемлекет белгілі дәрежеде әлі көңіл бөліп отырған жоқ.
Шенеуніктерден қайыр болмағасын, өнердің шын жанашырларының қолдауымен құрылып жатқан қордың мақсаты - өзіміздің әніміз бен күйімізді жинақтау және жариялау.Бүгінгі күні дәстүрлі музыканы насихаттаумен ішінара әркім өз бетінше айналысып жүр. Ендігі міндет - сол бағытта атқарылып жатқан жұмысты жүйелі түрде жүргізу. Қазір елімізде 140-қа жуық радио жұмыс жасайды. Бірақ оның бәрінде бірдей қазақ әні қалықтап жатқан жоқ.
Жүрсін Ерман, ақын:
-Радионың қуаты күшті, мұның бармайтын жері жоқ. Қазір біз интернет арқылы әлемге хабар таратып жатырмыз. Сонда қазақтың әні,күйі орындалып жатса, қазақ дейтін ел бар екенін, халық бар екенін, оның сондай асыл қазына иесі екенін бүкіл дүние мойындар еді ғой.
Батысқа еліктеген бүгінгі буын, қазақ әнінің құдіретіне әлі бас иетін болады.Бұл қадам ұлттық өнеріміздің тамырына балта шаппау үшін жасалып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!