Сайран автобекетінің автобус жүргізушілері наразылық шарасын ұйымдастырды.
Алматыда жолаушылар үшін талас басталды.Сайран автобекетінің автобус жүргізушілері жолды бөгеуге дайын. Бұған жол полициясы қызметкерлерінің Сайранға бет алған автобустарды тоқтатып, Үш Қоңыр автобекетіне күштеп кіргізетіні себеп болды. Қазір Алматы мен еліміздің оңтүстік аймақтары арасындағы автобус қозғалысы қиын жағдайда.
Автор: Айбар Олжаев
24.11.2008
Бақытжан Жақыпов Алматыға түнделетіп әрең жетті. Тараздан жолаушы тиеп шыққан оның автобусын Ұзынағашта жол полициясы қызметкерлері тоқтатып, құжаттарын тартып алған. «Үш Қоңыр автобекетіне тоқтасаң ғана, құжаттарыңды қайтарып береміз» дегеннен кейін, жаңа бекетке кіруден басқа амалы қалмады.
Бақытжан Жақыпов , автобус жүргізушісі:
- Енді ғана кіріп едік, құжаттарымызды алып алды. Енді мүлде тоқтамаймын. Таксистер тағы мың теңге сұрады. Ал, жолаушыларым маған ашуланып, ұрысуға дейін барды.
Сайрандағылар Самсы ауылы арқылы Үш Қоңырды айналып өтетін жаңа жолды игере бастаса, Үш Қоңырдағы жүргізушілер автобусқа жолаушы жинай алмай отыр. Бірақ Алматы облысындағы бекет басшылығы ондай ыңғайсыз құбылыстарды ескере қоймады.
АЙДОС БАЛХИН, “ҮШҚОҢЫР” АВТОБЕКЕТІ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
-Біздің маршруттардың барлығы қатынап жатыр. Таксимен кетемін деген адамды қалай маршруткаға сүйреп отырғызамын? 65 шағын автобустарымыз бар, қаптап тұр.
Жаңа бизнесті өрлетудің мұндай жолдары өзінің өміршеңдігін баяғыда байқатып үлгерген болатын. «Транзиттік емес, ішкі рейстердегі автобустарды жаңа автобекетке күштеп кіргізу қаншалықты заңды?» - деген сұраққа басқарушы органдар тарапынан қол қойылып, мөр басылған қаулы жауап беруі тиіс еді. Әзірге, жолаушыға таласқан екі жақ та, ондай құжатты көрсете алмай отыр.
Макиавеллише сөйлесек, ресми жауап жоқ кезде, бейресми әрекеттер жасалатыны заңды. Сайрандағы жүргізушілер: «Екі-үш күн күтеміз, егер мәселе шешілмесе, автобустармен Республика алаңына шығамыз», - дейді. Егер Сайрандағы 80 автобус бір сәтте алаңға шығатын болса, Алматыдағы көлік қозғалысы күрт тоқтамақ.
Алматы Әкімдігінің қаулысы тек транзитті бағыттардағы автобустардың қозғалысына қатысты. Бүгін осы мәселеге қатысты Алматы әкімінің баспасөз-хатшысы Сергей Куянов түсініктеме берді.
Сергей Куянов, Алматы Әкімінің баспасөз-хатшысы:
-Әкімдіктің қаулысы тек транзитті бағыттардағы автобустардың жүріс-тұрысын реттейді. Бірақ қаулыны әркімнің сан-саққа жүргізуі мүмкін. Үш-Қоңыр бекеті Алматы облысына жататындықтан, олар бізге есеп бермейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!