Үкімет осы аптадан қалмай үстіміздегі жылдың бюджетіне өзгерту енгізетін болды
Үкімет осы аптадан қалмай үстіміздегі жылдың бюджетіне өзгерту енгізетін болды. Басты қаржылық құжатты жылдамдатып қарау, бірінші кезекте елдегі жұмысыздықпен күресу үшін қажет болып отыр. Бұл мақсатқа, яғни азаматтарды жұмыспен қамту және мамандарды қайта дайындауға 193 миллиард теңге бөлу ұйғарылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында осы саланы қадағалайтын Вице-премьер Ербол Орынбаев мәлім етті.
Автор: Нұржан Сабырұлы
17.03.2009
Бітпек түгілі қарқыны күшейе түскен дағдарыстың салдарынан Үкімет 2009 жылдың басты қаржылық құжатын осымен үшінші мәрте қайта қарағалы отыр. Алайда бұл жолы тек республикалық бюджеттің бағдарламаларына ғана емес, сондай-ақ жергілікті бюджетке де қолқа салынбақ. Жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыруға қажетті қаржының 53 миллиардын дәл осы әкімдіктердің қоржынынан алу көзделген.
Осы мақсатта Вице-премьер Ербол Орынбаев барлық әкімдерге екі бағыт бойынша жылдам жұмыс істеуді тапсырды.
Ербол Орынбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары:
- Бірінші бағыт –бюджеттегі дамуға арналған қаржыны 50 пайызға қысқарту. Яғни бұл қажеттілігі шұғыл емес жаңа құрылыс нысандарын салуға, жобалау жұмыстарын жүргізуге қажетті ақша. Екіншіден барынша үнемдеу, яғни барлық сапарға бару, біліктілікті өсіру, күрделі жөндеу жүргізу секілді бағдарламалардың қаржыландырылуы да 50 пайызға қысқартылуы тиіс.
Үнемдеу мен қысқартудан жиналған қор толықтай жұмыссыздықты ауыздықтауға кетеді. Жалпы Үкімет осы бағытқа 193 млрд. теңге бөлуді көздеп отыр. Жиында жергілікті билікке тағы да бір шұғыл тапсырма берілді. Барлық облыс басшылары келесі айдың 15-не дейін жөндеуді қажет ететін мектеп, аурухана, басқа да әлеуметтік нысандардың тізімін әзірлеп, ол жерлерге қанша адамды жұмысқа тартуға болатындығы жөнінде ақпарат берулері тиіс. Үкімет осындай тәсілмен тағы 287 мың адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Демек Үкімет тарапынан жұмыссыздарды қамту не қайта оқыту әкімдіктердің берген ақпараттарына сәйкес жүргізіледі. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі дағдарыстың салдарынан қанша қазақстандықтың жұмыссыз қалуы мүмкін екендігін жария қылды.
Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Дағдарыстың салдарынан еліміздегі жұмыссыздар саны 350 мыңға жетуі мүмкін.
Ал Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов болса, антикризистік бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті қаржының неліктен банктерге өте баяу беріліп жатқанын анықтауды тапсырды. «Наурыз айынан бастап беріледі» деген студенттердің несиелері де банктерге әлі жетпеген.
Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:
- Мен цифрлық мәліметтерді естимін деп күткен едім... Қаржы банктерге әлі жетпеген болып шықты.
Сондықтан да келесі Үкімет отырысында студенттер мәселесі жіті талқыланатын болып шешілді. Ол үшін жиынға барлық Жоғарғы оқу орындарының ректорлары да шақырылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!