Шығыс Қазақстан өңірінде өте сирек кездесетін тарихи ескерткіш табылды
Шығыс Қазақстан өңірінде өте сирек кездесетін тарихи ескерткіш табылды. Ғалымдардың пікірінше, бұрын-соңды Қазақстан аумағында кездесіп көрмеген тасқа қашалған бұғы мүсіні ежелгі дәуірге жатады. Бір апта бойы Тарбағатай ауданында қазба жұмыстарын жүргізген семейлік археологтарға сырт көзге елеусіз, ақ түсті бұл бұйымды жергілікті тұрғын әкелген. Ғалымдар тасқа қашалған бұғылардың жақсы сақталғанына таң қалып отыр.
Автор: Данияр Мұратбаев
05.08.2009
Тарихи деректер бойынша, ерекше ою-өрнек салынған бұл тастар біздің дәуірімізге дейінгі 8-7 ғасырға тиесілі болуы мүмкін. Ежелгі дәуірде көшпенділер мұндай белгілерді ата-бабаларының және қаза тапқан батырлардың әруағына арнап орнатқан көрінеді. Бұрын мұндай жәдігерлер тек көршілес Моңғолия мен Қытайда, сондай-ақ Ресейдің Байкал аймағында кездескен екен. Құнды тарихи затты кездейсоқ тапқан тұрғынның айтуынша, ол тасты осы уақытқа дейін сарайына тіреуіш ретінде қолданған. Кейіннен тасқа қашалған бұғының суретін байқаған азамат, оны археологтарға әкелгенді жөн санаған. «Бұның тарихи құнды зат екенін бұрын ол білмеген», - дейді археологтар.
Павел Жуков, археолог:
-Осы қалпында, тамаша сақталған, суреттері алуан түрлі тасты тұңғыш рет көріп тұрмын. Бұл мүсіннің тарихи құндылығы өте жоғары.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!