Биылғы жазда республика бойынша сынап бағамы +38 ден аспай, күздің алғашқы айы салқын болмақ
Биылғы жаз республикамыздың барлық өңірлеріне оңай тимеді. Солтүстік Қазақстанда толасыз жауған жаңбырдың соңы көптеген қиындық туғызса, Көкшетауда жаңа тұрғызылған мектеп топан судың астында қала жаздады. Тіпті оңтүстік өңірлер мен Алматының өзінде жаңбыр өткен аптадан бері толастамай тұр. Ауа-райы тағы қандай тосын сый жасамақ?
Автор: Әйгерім Асқарқызы
05.08.2009
Алматының ауа-райы бүгін де жаңбырлы. Сынап бағаны өңірдегі тамыз айы үшін төмен градусты көрсетіп тұр. Дегенмен құбылмалы Алматының ауа-райына үйреніп қалған жергілікті тұрғындар үшін де бұл күтпеген жәйт болды.
Синоптиктердің болжамдары да көңіл көншітпейді. Алматыда өткен жұмада басталған жауын келесі аптаның соңына дейін жалғаспақ.
Гүлмира Бабаханова, “Қазгидромет” РМК инженер-синоптигі:
- Алматы қаласында жаңбыр, найзағай болып, желдің күшеюі байқалады. Бұл күндері ауаның температурасы түнде - 10-18, күндіз - 20-28 градусқа дейін төмендейді.
Күн күрт суытады. Оңтүстік өңірлерде ауа температурасы түнде - +10+18, солтүстікте - +7+12 градусқа дейін төмендемек. Жауын жаздың соңына дейін толастамайды. Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жауын-шашынның жылдық мөлшері түсті. Ол өңірлерде мұндай жағдай соңғы рет 1982 жылдары тіркеліпті.
Гүлмира Бабаханова, “Қазгидромет” РМК инженер-синоптигі:
- Алдағы күндері және айдың ортасына қарай осындай қолайсыз ауа райы сақталады. Бұл кезде солтүстік аймақтарда ауаның температурасы түнде 7-12, 18-25 градусқа дейін төмендейді. Ауаның температуарсы айдың басынан соңына дейін төмендейді. Солтүстік аймақтарда түнде 0+5 аязға дейін, ал күндіз 10+18 градус сақталады.
Биылғы жазда республика бойынша сынап бағамы +38 ден аспайды. Күздің алғашқы айы да жылдағыдан салқын болмақ. Ал қыркүйектің соңында алғашқы ызғар сезілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!