Еліміздегі еркектердің құқығын қорғайтын жалғыз ұйым осы айдан бастап бірнеше бағытта жұмысын бастады
Қарағанды облысындағы Сәтпаев қаласының тұрғыны біреудің баласына алимент төлеуден бас тартқаны үшін жарты жыл түрмеге отырып шықты. Ол осындай жағдайға бұрынғы әйелінің арызы бойынша тап болған. Жергілікті сот оны әкелік міндетін орындамады деп айыптап, жинақталған алиментті толықтай төлеуді міндеттеп, 6 ай жалпы тәртіптегі түзету колониясында жазасын өтеу туралы үкім шығарған. Дегенмен Сәтпаев тұрғыны бұл айыптың негізсіз екенін кейіннен дәлелдеп шықты.
Автор: Дастан Шымырбай
05.08.2009
Сәтбаев қаласының тұрғыны жарты жылды түрмеде өткізгеннен кейін сотқа қайта шағым түсірген. Содан соң арнайы генетика-молекулалық тексеру жасалып, оның бұрынғы әйелінен туған балаға ешқандай қатысы жоқ екені дәлелденді. Осыдан кейін облыстық сот бұрынғы тағылған айыпты толықтай алып тастады.
Әбу-Әли Саттар, Қарағанды облыстық прокуратурасының басқарма бастығы:
-Бұл азаматтың сотқа беруге қақысы бар. Себебі, ол заңсыз сотталған болатын. Әлі де ол бұрынғы жұбайына арыз беруі мүмкін. Себебі оған дәлелсіз жала жабылды десе болады.
Статистикаға сүйенсек, ажырасқан отбасылардың 98 пайызында балалары анасымен қалады екен. Ал әкесі тіпті баласымен кездесіп тұру құқығынан да айырылып жатады. Тіпті алимент төлемегені үшін түрмеге қамалып жататынына жоғарыда айтылған жағдай мысал. Соның бәрін ескере келіп, елімізде осыдан 4 жыл бұрын еркектердің құқын қорғау мақсатында “Ер Азамат” қоғамдық бірлестігі құрылған. Айта кетейік, ТМД-да мұндай ұйым тек біздің елімізде ғана бар.
Ләйла Ахметова, “Ер Азамат” қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
- Ұйым құрылғанда бәрі қарсы шығып, ақша шашудың тағы бір әдісі деген болатын. Алайда, арада 4 жыл өткенде еркектердің де мәселесі көп екенін көрдік. Айта кетейік, елімізде еркектер әйелдерге қарағанда 12 жыл аз өмір сүреді. Себебі, қоғамда олардың атқаратын міндеті көп.
Елдегі еркектердің құқығын қорғайтын жалғыз ұйым осы айдан бастап бірнеше бағытта жұмысын бастады. Соның бірі – шешесімен бірге әкесінің де бала күтімі үшін демалыс алуын заң жүзінде бекіту болып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!