Қоршаған ортаны қорғау экс-министрінің жұбайының соңына кімдер түскенін Бас прокуратура анықтап беруі тиіс
Қоршаған ортаны қорғау экс- министрінің әйелінің соңына кімдер түскенін Бас прокуратура анықтап беруі тиіс. Бүгін Қаржы полициясы осындай ұстанымда екені мәлім болды. Естеріңізге салсақ, осы аптаның дүйсенбісінде Нұрлан Ысқақовтың жұбайы Нұргүл Жандосова белгісіз біреулердің соңына түскенін айтып, біздің телеарнаға арнайы сұхбат берген болатын.
Автор: Ғабит Ұзақбай
05.08.2009
Оның айтуынша, белгісіз біреулер оны телефон арқылы қорқытқысы келген. Олар «сотқа пара ұсыныңдар», «судьяны сатып алыңдар» деп, қайта-қайта ұсыныс жасаған. Әйтпесе отбасыңдағы біреулер есірткімен ұсталады деп сес көрсетіпті. Бұл кімдердің ісі екені әзірге белгісіз. Сол себепті қаржы полициясының өкілі бұған өздерінің еш қатысы жоқтығын ресми түрде мәлімдеді. «Ол кісінің соңына түскендердің кім екенін еліміздің құзырлы органы анықтасын» - дейді.
Мұрат Жұманбай, ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі:
- Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басшыларына қатысты іс сотта қаралып жатыр. Сол себепті айыпталушылардың туған-туыстарында біздің ешқандай ісіміз жоқ.
Қаржы полициясында өткен баспасөз мәслихатында мұнымен қоса жалған банкроттыққа қатысты мәліметтер де жарияланды. Биыл өзін-өзі заңсыз тарата салатын компаниялар көбейіп кеткен. Былтыр осындай жағдайға қатысты 19 қылмыстық іс тіркелсе, биыл олардың саны 29-ға жетіп отыр. Жалған банкроттыққа мемлекет алдындағы міндеттерін орындаудан немесе салық төлеуден бас тартқандар жол береді екен. Соның салдарынан, жыл басынан бергі шығын көлемі 340 млн, теңгеге жуықтапты.
Мұрат Жұманбай, ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі:
- Ол банкрот болмаған кезде жеке заңды тұлғалардан қарызға қаржылай немесе әртүрлі мүліктер алады. Сосын өздері сол мүлікті қайтармау үшін өздерін қасақана банкрот деп жариялайды. Қарыз төлемеу үшін немесе банкрот болып жарияланған компаниядан мүлікті алып шығу үшін жасалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!