Әділет министрі орынбасарының басындағы жағдай құқық қорғау органдары арасына сызат түсіруі мүмкін
Ішкі істер министрлігі Әділет вице-министрі Марат Бекетаевқа қатысты сот үкіміне келіспеушілік білдіріп, прокуратураға шағым түсірді. Алайда прокурорлар оны «негізсіз» деп тауып, кейін қайтарған. Дегенмен, өздерінің іс-әрекеті дұрыс екеніне сенімді жол полициясының қызметкерлері бұл шешімге де бас шайқап отыр. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің баспасөз мәслихатында айтылды.
Автор: Нұржан Сабырұлы
10.08.2009
Көлікті ішімдік ішіп жүргізді деген күдікпен Әділет министрінің орынбасары Марат Бекетаевтың үстінен қозғалған әкімшілік іс тоқтатылғанымен, жағдай одан әрі ушыға түскендей. Бұған Астананың әкімшілік ауданаралық сотының Бекетаевтың көлікті мас күйінде жүргізгенін дәлелдейтін полицейлердің айғақтарына қарамастан, ақтап шыққаны түрткі болды. Вице-министрді «кінәсіз» деп тапқан сот өкілінің «жол полицейлерінің сауаты шамалы, тәжірибесіз» дегені де жауапсыз қалмады.
Қуанышбек Жұманов, ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот төрағасының жол полицейлері жұмысына қатысты көпшілік алдында айтқан пікірі орынсыз. Әкімшілік кодекске сәйкес, сот органдары хаттамада немесе іске басқа да материалдар жетпейтіні анықталса, кемшілікті түзету үшін кейін қайтару керек. Олар бұлай істемеді.
Ішкі істер министрлігің өкілі Бекетаев ісі жол полицейлері тарапынан сотқа жіберіліп отырған бірінші іс еместігін айтады. Яғни қызметкерлерінің тәжірибелері жеткілікті дейді. Жарты жылдан бері осындай мазмұндағы 3 мыңнан аса іс сотқа жіберіліпті. Мұндай істердің 99 пайызы – Жол полициясының жеңісімен аяқталатын көрінеді.
Осыдан екі апта бұрын Алматы маңындағы жолда көлігімен адамды қағып кеткен Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Евгений Жовтистің ісіне қатысты мәліметтер де жария болды. Көлік апатынан оқиға орнында қайтыс болып кеткен Қанат Молдыбаев есімді жолаушының сау болғаны анықталды. Евгений Жовтистің рөлге ішімдік ішпей отырғаны бұдан бұрын хабарланды.
Қуанышбек Жұманов, ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Жүргізілген сот химиялық сараптама анықтағандай, жәбірленуші Молдыбаевтың қанынан алкоголь табылмаған. Яғни ол сау болған.
Ішкі істер министрлігі бұл іс бойынша айыпталушының лауазымына қарамастан, сот әділ шешім шығаратын болады деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!