150-ден астам алматылық үлескер облыс әкімдігі алдында наразылық шарасын өткізді
“Қазақстан 2012” қозғалысының 150-ге тарта мүшесі Алматы облысының әкіміне жолығу үшін Талдықорған қаласына аттанды. Мақсаты - Серік Үмбетовке үлескерлер мен борышкерлердің мәселесін жазбаша түрде жеткізу. Мұндағылардың көбісі Алматы маңында салынып жатқан үлестік құрылысқа қаржысын құйғандар.
Автор: Асқар Махмұтұлы
20.08.2009
Алматының үлескерлері жолға таңғы сағат 6-дан бастап жиналды. Олар Талдықорғанға жету үшін 60 мың теңгеге 2 автобус жалдапты. Әйтсе де, Қапшағай қаласындағы жол полициясы бекетінде ұзақ аялдауға тура келді. Өйткен тізбек-тізбегімен шұбырған автобустар мен жеңіл көліктерді көрген жол полициясы қызметкерлері сақтық үшін бәрінің құжаттарын тексеруді жөн санапты.
Тек бір сағатқа жуық уақыттан кейін ғана көліктер қайта жолға шықты. Әрқайсысы әкімге айтатын сөздерін пысықтап жатыр.
Тәңірберген Бесбаев, үлескер:
- Әрине біз мұндай сұрақтардың болмағанын қалар едік. Біз бейбіт мақсатта бара жатырмыз, құзырхат тапсыруға.
Константин Тритенко, “Қазақстан 2012” қозғалысы үйлестіру кеңесінің мүшесі:
- Егер осыдан кейін бізге көмек көрсетілмесе, онда Астанаға барамыз. Мүмкін дәл осылай автобуспен немесе пойызбен көрерміз.
Сапарға шыққан үлескерлер бұл шараның тек ескерту ретінде екенін, күзде, қыста өтетін шаралардың дайындығы дегенді айтады. Бұл жолы әкімнің өзі болмаса да, орынбасарларымен тілдесудің сәті түсті.
Болат Төкенов, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
- Мен әр дүйсенбіде үлескерлер мәселесі бойынша есеп беремін, маған тапсырылған. Иә, кейде іске асады, кейде болмайды. Бұл мәселе жоғары деңгейде, Үкіметте қаралып жатыр.
Болат Төкеновтің айтуынша, ең бастысы “Ақ Ауыл” мен “Казкомерцинжиниринг” компанияларымен мәселелерді шешу керек. Әкімшіліктегілер ертеңнен бастап облыс аумағындағы барлық құрылыс компанияларына рейд жүргізбекші. Ал Алматыдан ат арылтып жеткен наразы топты әкімнің орынбасары ұстамды болуға шақырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!