Арқалықтағы психоневрологиялық интернаттағы жағдай түзеліп келеді
Арқалықтағы психоневрологиялық интернаттағы жағдай түзеліп келеді. Аталмыш мекемедегі ахуал туралы біздің арнамызда бір ай бойы үздіксіз көрсетілген репортаждың нәтижесінде құзырлы органдардың оларға назары ауды. Енді интернаттың бұрынғы басшысы жұмыстан кетіп, орнына жаңа директор тағайындалды. Облыстан жіберілген жаңа басшының айтуынша, тәрбиеленушілердің «тамақтары тоқ, киімдері көк».
Автор: Әйгерім Асқарқызы
20.08.2009
Арқалықтағы психоневрологиялық интернат бокситті таулардың бөктерінде, қирандылардың қақ ортасында орналасқан. Аталмыш мекемеде орын алған жағдайды осыдан бір ай бұрын арнамызда көрсетілген бейнематериал өз нәтижесін берді.
Қазір бұл жерде облыстық басқармадан келген комиссия тексеру жүргізуде. Комиссия келісімен, интернат басшылығы да ауысыпты.
Алайда бүгіндері интернат есігі өткендегідей айқара ашық емес. Тәрбиеленушілер қалаған уақыттарында мекеме сыртына шығып, тиын-тебен іздеп, кезіп кеткенді тоқтатқан. Қақпаға құлып ілініп, жұмысқа күзетші алынғалы интернат жабық режимді нысанға айналғандай. Дегенмен жаңа директор да, облыстан келген комиссия да тәрбиеленушілерді бізге көрсеткілері жоқ.
Ұзақ келіссөздерден кейін телеоператорға ғана кіруге рұқсат берілді. Алайда «көз тиеді» деді ме, қазір онда орнаған тазалық пен тәртіпті таспаға түсіруге мүмкіндік бермеді. Әзірге тексеру жүргізген комиссия: «Интернаттың бұрынғы басшысының жұмысынан аса ірі заңбұзушылық әрекеттерді анықтамадық» - деп отыр. Балалардың біздің телекамераға айтқандарын және көрсеткендерін мұндағылар қабылдағысы келмейді. Естеріңізде болса, сол жолы біз мүгедек жасөспірімдердің адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқанын көрсеткенбіз.
Зәйни Тәуекелқызы, Қостанай облысы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы:
- Бұзылып кеткен жеміс.... ондайлар болмады. Ас мәзірінде де болған жоқ. бәрін тексеріп, комиссия мүшелері өздері анықтады. Ал психотропты дәрілер берілген жоқ. Лицензиясыз ондай дәрілер берілмейді. Ол заңға сәйкес келмейді.
Дегенмен қуантарлығы, қазір жағдай біршама түзелгенге ұқсайды. Балаларды қамайтын оқшаулау болмесінің торы алынып тасталған. Яғни тәрбиеленушілерді бөлек жерге қамап қою тыйылды. Жағдайлары түзелгелі интернаттың кішкене тұрғындары Лидия әжейлерінен тіске басар іздеп келуді де доғарған. Керісінше, интернатта жеген шұжықтары мен ірімшіктерінің дәмі туралы жарыса айтып жүр.
Лидия Айвазян, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Балалар енді ғана жөнді тамақтана бастадық дейді. Дастархандарында ірімшік те, шұжық та бар екен. Осыдан кейін іштері де ауырыпты. Байғұстар, бұрын жеп көрмеген тамақтары ғой!
Сол сияқты, тексерушілердің сөзіне сенсек, мекеменің бұрынғы басшысы Жұпар Сағындықова жіберген қателіктері үшін емес, зейнетке шығатын кезі келгендіктен, санаулы күн бұрын ғана жұмыстан өз еркімен кетіпті. Ал облыс тағайындаған интернаттың жаңа директоры Наталья Доценко істі соңына дейін тарқататынын айтты.
Наталья Доценко, Арқалық қаласындағы психоневрологиялық диспансері директорының міндетін атқарушы:
- Біздің тексерулер түбі бір қорытынды береді. Шынымен заңбұзушылық болды ма, жоқ па? Мен жаңа басшы ретінде екі күн бойы құжаттар мен мүлікті қабылдап алумен айналысып жатырмын. Сонда бірдеңе шығуы мүмкін.
Біздің алғашқы бейнематериалымызда көрген қорлықтары жайлы сыр бөліскен интернат тәрбиеленушілері Махмұт Ертаев пен Салтанат Өтебаевалар туыстарының қамқорлығына алыныпты. Ал Қаржы полициясы кеше ғана интернаттан екі бума қағазды тексеруге алып кеткен екен. Сондықтан алдағы уақытта тамақ пен киім ұрлау сияқты майда-шүйде емес, одан да зор былықтардың беті әлі де ашылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары