Оңтүстік Қазақстан облысында қырым қанды безгегінің тағы бір оқиғасы тіркелді
Оңтүстік Қазақстан облысында қырым қанды безгегінің тағы бір оқиғасы тіркелді. Отырар ауданы Талапты ауылының 55 жастағы тұрғыны кеше кешкісін ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оны «қырым қанды безгегін жұқтырды» деп күдіктеніп отыр.
Автор: Бекжігіт Мәуленов
20.08.2009
Науқасты 16-тамыз күні егістікте жүргенде кене шағып алған. Екі күннен соң дене қызуы көтеріліп ауруханаға жеткізілді. Қазір науқастың жағдайы қалыпты. Онымен байланыста болған тағы он адам дәрігерлік бақылауға алынды. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында жаз басталғалы қырым қанды безгегін 18 адам жұқтырған. Оның 8-і қайтыс болды. Қазір облыста кенеге қарсы төрт түлік малды дәрілеу жүріп жатыр. Бұл шара соңғы жылдары мүлдем тоқтап қалған болатын. Мал басы мен қора-қопсыны дәрілеуге биыл 224 миллион теңге бөлінді. Оның 196 миллионы республикалық бюджеттен бөлінген қаражат. Мамандар тұрғындарды жеке сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Шорабек Бостанов, ОҚО Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім бастығы:
- Енді қой қырқымының уақыты келе жатыр. Жалпы шаруа қожалықтарының иелеріне, жеке адамдарға, ауыл әкімдіктеріне, жалпы халыққа айтатын ақыл- малды қырыққаннан кейін міндетті түрде арнайы дәріге шомылдыру керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!