{metadescription}
Семей: дүкенге қарулы шабуыл ұйымдастырған 10-сыныптың үш оқушысы тұтқындалды
Семей: дүкенге қарулы шабуыл ұйымдастырған 10-сыныптың үш оқушысы тұтқындалды

Семей: дүкенге қарулы шабуыл ұйымдастырған 10-сыныптың үш оқушысы тұтқындалды

Семейде үш мектеп оқушысы қарақшылық жасады деп айыпталып отыр. Кәмелекетке толмаған жеткіншектер қаладағы дүкендердің біріне баса-көктеп кіріп, сатушыдан кассадағы ақшаны талап еткен. Қарсылық көрсеткен сатушыға екі мәрте оқ атып, оқиға орнынан ізін суытпақшы болғанымен, көп ұзамай тәртіп сақшыларының қолына түсті.

Сатушының айтуынша, қылмыстық оқиға түнгі он екі шамасында болған. Қолдарында қаруы бар үш жігіт дүкенге баса-көктеп кірген. Түрін жасыру үшін медициналық бетперде киген олар сатушыдан кассадағы ақшаны талап етіпті.

Тілеухан Ибраев, жәбірленуші:

- Мен шыққан бетімде аяғыма екі рет оқ атты. Мен қайта кіріп, қолыма түскен орындықты лақтырдым. Сосын олар қашып кетті.

Сатушы ауыр жарақат алған. Ал полиция қызметкерлері қылмыскерлерді табу үшін біраз әуре-сарсаңға түскен көрінеді.

Болат Төлеш, Семей қалалық ІІД бөлім бастығының орынбасары:

- Соңынан олардың тағы бір көмекшілері, тағы бір кәмелетке толмаған бала ұсталды. Олардан айғақ заттар, газды пистолеттен жасалған қару тәркіленді.

Көп ұзамай қолға түскен ұйымдасқан топтың мүшелері қаладағы орта мектептің 10-шы сынып оқушылары екен. Ең қызығы, үшеуінің де отбасының жағдайы жақсы. Бұрын істі болмаған. Жеткіншектер кінәсін толық мойындағанымен, қылмысқа баруға өз себептері болғанын айтады.

Күдіктілер оқитын мектеп Семейдегі үлгілі оқу орындарының бірі саналады. Сондықтан болар, мектеп ұжымы болған жәйтке қатысты түсінік беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Кінәсі дәлелденсе, оқушылар 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде