Шығыс Қазақстан: тәртіп сақшылары бірнеше жыл бойы құлдықта болған екі азаматты босатты
Шығыс Қазақстан облысында адам ұрлап, оларды тегін жұмыс күші ретінде пайдалану деректері жиілеп барады. Таяуда із-түссіз жоғалған бірнеше тұрғын Абай ауылындағы қыстақтардың бірінен табылды. Құлдыққа түсіп, мал баққан бейбақтардың бастан кешкенін тілшіміз әңгімелейді.
Автор: Данияр Мұратбаев
18.01.2010
55 жастағы Айман Нұрсүлейменов құлдықта болған кезін қорқынышты түстей есіне алады. Былтыр қыркүйек айында жұмыс тауып береміз деп, Абай ауданындағы қыстақтардың біріне апараған белгісіз адамдар оның құжаттарын тартып алып, мал бақтырып қойған. Туыстары іздеу салып, бұл ақпаратты теледидар арқылы хабарлаған соң ғана шаруа қожалығының иесі қорыққанынан жібере салыпты.
Айман Нұрсүлейменов, жәбірленуші:
- Олар мені аяусыз соққыға жықты. Бір рет қашпақшы болып едім: «Тағы осындай әрекет жасасаң, тірідей көмеміз» - деді.
Семейге орала салысымен полицияға шағымданған Айманның арқасында осы қыстақта құлдықта жүрген тағы бір адам құтқарылды. Кейін белгілі болғандай, көкшетаулық Светлана Попредейко екі жылдай бұрын құжатынан айрылып, Абай ауданындағы осы шаруашылықтан бір-ақ шығыпты. Қазір құзырлы органдар адамдарды құлдықта ұстап, оларды заңсыз жұмыс істеуге мәжбүрлеген азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғады.
Айдарбек Тілеубеков, Семей қаласы ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері:
- Шаруа қожалығында жұмыс істеп, жақсы ақша табасыңдар деп уәде береді де, оларды тегін жұмыс күші ретінде пайдаланады. Бұл іске кінәлі адамдар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Ең сорақысы, құлдыққа түскендер алыстағы ауылдарда ғана емес, Семей қаласының өзінде де баршылық. Тағдырдың тәлкегімен осындай жағдайға тап болған түркістандық Әбдіуәли қарияның туған үйін көрмегеніне екі жыл болыпты.
Әбдіуәли Құдайбергенов, жәбірленуші:
- Ол маған ай сайын 25 мың теңге берем деп, сол күйі төлеген жоқ. «Жұмыстың бәрін бітірген соң берем» - дейді. Әлі жүрмін.
Айта кету керек, былтырғы жылы осыған ұқсас екі қылмыстық дерек дәл осы Абай ауданында тіркеліп, екеуінде де кінәлілер тек шартты түрде жауапқа тартылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!