Гаити: Порт-о-Пренстегі жағдай ушығып, бітімгершілік күштері тұрғындарға қарсы оқ атуға мәжбүр
100 мыңға жуық адамның өмірі қиылған Гаити астанасы Порт-о-Пренстегі жағдай мүлдем ушығып барады. Азық-түлік пен ішер судан тапшылық көрген тұрғындар дүкендер мен қирап қалған үйлерді тонап қана қоймай, көшеде түрлі қарақшылық әркеттерге баруда. Тіпті, әлемдік қауымдастықтан келген мыңдаған бітімгершілік күштері тұрғындарға қарсы оқ атуға мәжбүр.
Автор: Дастан Шымырбай
19.01.2010
Қаланың әр ауданында бір тілім нан мен бір жұтым суға зар болған тұрғындар наразылық шарасына шықты. БҰҰ-нан, АҚШ-тан және көршілес бірнеше елден келген бітімгерлік күштері шерушілерді күштеп таратуда. Олар ашынған тұрғындарға қарсы оқ атуға да мәжбүр болды. Қазір жергілікті билік Гаитидегі төтенше жағдайдың соңы гуманитарлық апатқа ұласты деп мәлімдеді. Ал құтқарушылар жұмыстарын әлі жалғастырып жатыр. Бір аптаға жуықтап қалса да, қирандылардың арасынан ес-түссіз жатқан бірнеше адам құтқарылды. Алайда «елдегі жағдайды қалыптастыруға күш саламыз» деп уәде берген АҚШ-тың әрекетіне күдікпен қараушылар көп. Мысалы, Франция мен Германияның ресми өкілдері Вашингтонды құтқару әрекетінен бұрын басқыншылық жұмысына кірісіп кетті деп айыптады. Себебі, Порт-о-Пренстегі әуежайды бақылауына алған АҚШ әскерилері өзге елден келген әлеуметтік көмекті қабылдаудан бас тартып жатқан көрінеді. Сарапшылардың есебінше, Гаити экономикасы зілзаладан 10 млрд. доллар көлемінде зардап шеккен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!