Биологиялық зерттеу орталығының қызметкерлері Білім және ғылым министрлігінің реформаларына қарсылық білдірді
Алматыдағы Биологиялық зерттеу орталығының қызметкерлері Білім және ғылым министрлігі жүзеге асырғалы отырған реформаларға қарсылық білдіруде. Биолог ғалымдардың айтуынша, министрлік он шақты ғылыми институтты біріктіріп отырған Биологиялық зерттеулер орталығын жабуға әзірленіп жатыр.
Автор: Бекзат Жүсіп
19.01.2010
Бір топ ғалымдар осы мәселеге байланысты Үкімет басшысы мен Президент әкімшілігіне хат жіберіп үлгерді. Олардың үндеулерінде жазылған мәліметке сәйкес, министрлік ұйымдастырмақ болған қайта құрулардан кейін отандық биологиялық ғылым саласында жүргізіліп жатқан көптеген жобалар аяқсыз қалайын деп отыр. Ал министрліктегілер болса, «бұл - бюрократиялық органдарды азайту мақсатында қолға алынып жатқан шара» деп отыр.
Рақымбек Жапбасов, Жалпы генетика және цитология институтының бас қызметкері:
- Егер биологиялық ғылыми орталық жабылса, онда биологиялық ғылымдарды бір-бірімен кім сараптастырады? Мұның барлығы бір мекемеде болуы керек, атқарушы бір жүйе болуы керек. Ол жүйе менің ойымша, осы биологиялық орталық болып қалуы керек.
Алтынбек Нұқұлы, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ғылым комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Биологиялық зерттеу орталығына қарасты еншілес кәсіпорындарда 862 адам жұмыс істейді. Ал оларға жетекшілік ету мақсатында 17 штат қарастырылған. Қысқартуға ұшырайтындар - осылар. Осы бастамадан кейін жаңағы кәсіпорындар тікелей ғылым комитетіне қарайтын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!