{metadescription}
Мысыр: қазақстандық туристер толассыз нөсердің кесірінен еліне орала алмай отыр
Мысыр: қазақстандық туристер толассыз нөсердің кесірінен еліне орала алмай отыр

Мысыр: қазақстандық туристер толассыз нөсердің кесірінен еліне орала алмай отыр

Мысырға демалуға кеткен қазақстандық туристер толассыз жауған нөсердің кесірінен елге қайта алмай жатыр. Ал ол жаққа жолдама алып қойғандар Алматы әуежайында күннің ашылуын күтуге мәжбүр. Алматы – Шарм-әл-Шейх бағытындағы рейстің кейінге қалдырылғанына бүгін екінші күн. Діттеген жеріне жете алмаған жолаушылар әуе тасымалына жауапты әуе компаниясы мен туристік фирманың қол қусырып отырғанына наразы.

Алматы – Шарм-әл-Шейх бағытындағы ұшақ кеше таңертеңгі сағат 10-да ұшуға тиіс болатын. Бірақ Мысыр еліндегі табиғат жағдайына байланысты рейс белгісіз уақытқа шегерілген. «Бір тәулік өтті, әлі хабар жоқ», - дейді діттеген жеріне жете алмай наразылық білдірген жолаушылар.

Айнұр Асхатова, жолаушы:

- Ешқайсымызға нақты ақпарат берген жоқ. Ешкім ешқайда шыға алмай отыр. Қашан ұшатынымыз белгісіз. Қол жүгіміздің бәрі әуежайда. Барлығымыз жеңіл киіммен жүрміз, сіңлім ауырып қалды. Көп адамдар ауырып жатыр.

Лариса Брызгалова, жолаушы:

- Тасымалдаушы “Скат” әуе компаниясы немқұрайлылық танытып отыр. Нақты ақпарат бермейді. Бірі басқаша, екіншісі басқаша сөйлейді. Бүгін таңертең «сендерді тасымалдайтын ұшақ таппай жатырмыз» деді. Ал осыған жауапты туристік агенттіктері тіптен хабарсыз. Сонда біз не үшін ақша төледік?

Әуе компаниясындағылар рейстің кешіктірілуін Мысырдағы нөсермен байланыстырады. “Скаттың” Алматыдағы өкілі Сергей Колебаевтың айтуынша, туристер бүгіннен қалмай, яғни, сағат 3-те ұшады. Алайда 2 күннен бері құрғақ уәдеге әбден тойған жолаушылар бұған күмәнмен қарайды. Айта кету керек, осы әуе компаниясының кесірінен екі апта бұрын да 235 жолаушы Таиландқа уақытында жете алмаған болатын.

Сергей Колебаев, “СКАТ” әуе компаниясының Алматы қаласындағы өкілі:

- Мысырдағы әуежай ашылғанымен, ондағылар қону тізімін өздері жасайды. Сол себептен біз кешіктік. Ал «ұшақ жетіспейді» дегенді кімнің айтқанын білмеймін.

Біреулері кете алмай жатса, енді бірі Мысырдан еліне жете алмауда. Тілеухан Жарқынбекованың қызы Еңлік пен немересі Еветсана осыдан 10 күн бұрын перғауындар еліне саяхаттап кеткен. Енді кешеден бері Алматыға қайта алмай жатқан көрінеді. Мысырдағы Қазақстан елшілігінің мәліметіне қарағанда, Еңлік сияқты еліне орала алмай отырған 160 отандасымыз бар екен.

Тілеухан Жарқынбекова:

- Түнгі сағат 23.00-де ұшып келуі керек болатын. Түні бойы ұйықтағанымыз жоқ. Әуежайдың анықтама бөліміне телефон шалсақ, «ештеңе білмейміз» дейді.

Мысырдағы су тасқынының зардабын тартып жатқан жалғыз қазақстандықтар емес. Мұнда екі аптадан бері толассыз жауған жаңбырдың соңы су тасқынына ұласып, мыңдаған шетелдік саяхатшылар діттеген жеріне жете алмай жатыр. Тасқын су Шарм-әл-Шейх курортын ел астанасы Каирмен байланыстыратын тас жолдарды басып қалған. Сондай-ақ, нөсер салдарынан қаладағы әуежай жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр. Абырой болғанда, зардап шеккендер арасында отандастарымыз жоқ.

Алмас Садықов, Мысырдағы Қазақстан елшілігінің қызметкері:

- Ешқандай азаматармен проблема жоқ. Ешкім бізге телефон соққан жоқ. Бүгін сағат 4-те ұшады. Қазір бәрі дұрыс.

Сөйтіп, екі күн сабылған туристер ақыры бүгін түнгі сағат 3-те ұшатын болды. Енді олар 10 күн емес, 8 күн демалып қайтады. Ал қалған 2 күннің ақшасын компания басшылығы өтеп береміз деп уәде беріп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.