Мысырда демалмақ болған Қазақстан азаматтары билеттерін қайта тапсыруға мәжбүр
Еліміздің туристері Мысырға барудан бас тартып жатыр. Бүгін Алматы халықаралық әуежайында үш тәуліктен бері жолға шыға алмай отырған бір топ адам туристік компаниямен келісім-шартты бұзатындарын айтып, ақшасын қайтарып беруді талап етті. Ал «ауа-райының күрт бұзылуын күтпеген едік» деген тасымалдаушы компания оларды сабыр сақтауға шақырумен шектелуде. Керісінше, Мысырдан еліне қайта алмай жатқан 400-ге жуық отандасымыз Шарм-әл-Шейх әуежайын екі тәулік бойы паналауға мәжбүр болған.
Автор: Дастан Шымырбай
20.01.2010
Шарм-әл-Шейх әуежайындағы қарбаластың ортасында біздің 400-ден астам отандасымыз қалып қойған. Бір сағат ішінде жауынның 1 жылдық көлемі жауғандықтан, әуежай ғимаратының төбесі құлап, ұшу алаңы істен шыққан. Екі тәулікті перғауындар жерінде амалсыздан өткізген жерлестеріміздің алғашқы легі бүгін елге орала бастады. Еңлік Шынбатырова да Алматыға 18-қаңтарда келуі тиіс болатын. Ол кішкентай қызы Еветпен бірге Шарм-әл-Шейхте екі күн түнеуге мәжбүр болғанымен, бүгін жанұясымен қауышты.
Еңлік Шынбатырова, тұрғын:
- Біз әуежайға келдік. Байланыс жоқ, ұялы телефон істемейді, жұрттың бәрі ешнәрсе білмейді. Әуежайдың төбесі құлап қалды. Қонақ үйдің ішіне аздаған су кіріп кетті. Жолдарының бәрі су, көл болып қалған.
Сыртқы істер министрлігі мен Мысырдағы Қазақстан елшілігі қазақстандық демалушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ деп отыр. Тек Астаналық 1 тұрғын ғана туысқаны жоғалып кеткенін айтып, СІМ-нен көмек сұрапты.
Алмас Садықов, Мысырдағы Қазақстан елшілігінің консулы:
- ІІМ-не 1 азаматты таба алмай жатырмыз деген бір арыз келіп түсті. Біз оны таптық. Ол қазір Қазақстанда.
Ілияс Омаров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз жетекшісі:
- Зардап шеккендердің ішінде қазақстандықтар жоқ. Сондай-ақ, сондағы елшілікке көмек сұрап келген ешкім жоқ. Біздегі мәліметтер бойынша, онда 160 қазақстандық туристер бар. Олар кеше кешкісін ұшып келуі тиіс болатын.
Мысырдағы су тасқыны салдарынан демалысын Қызыл теңізде өткізуді жоспарлаған жолаушылар Алматы әуежайын үш күн бойы күзетті десе де болады. Бүгін көпшілігінің төзімі таусылғандықтан, жүктерін кері қайтарып, билеттерін тапсырып жатыр.
Лия, жолаушы:
- Ол жаққа барудың еш мәні жоқ деп ойлаймын. Су тасқынын көру үшін бармаймын.
Тасқын суға қарамастан тәуекелге бел байлап отырғандар да бар. Бірнеше күннен бері оларды сабырға шақырып отырған “СКАТ” тасымалдаушы компаниясы бүгін де арнайы рейс ұйымдастыруға уәде берді.
Дегенмен, дәл қазір 3 мәрте тіркеуден өтіп жатқан жолаушылардың күткен әуе рейсі тағы да белгісіз уақытқа шегерілді. Осымен үшінші тәулік Алматы халықаралық әуежайын күзеткен олар билеттерін кері қайтарып алмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!