Алқа мәжілісінде зиянды қалдықтарды жою, Ертістің өзенінің жағдайы және ауа-райын болжау қызметін жаңғырту үшін тиісті қаржының бөлінбеуі туралы мәселелер қаралды
Дарьял-У” нысанындағы улы қалдықтарды залалсыздандыру үшін тек бір мемлекеттің ғана рұқсаты жетпей отыр. Қалдықтарды вагонға тиеп Германияға жеткізу үшін Қазақстан, Германия, Польша және жуырда Ресей елі келісімдерін берді. Қазір Беларусь елімен келіссөздер жүріп жатыр. Бұл жайында бүгін Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде Үкімет басшысының қатысуымен өткен алқа мәжілісінде айтылды. Бұл жиында елдің экологиялық жағдайына қатысты басқа да өзекті мәселелер қозғалды.
Автор: Ғабит Ұзақбай
20.01.2010
“Дарьял-У” нысаны өткен жылы үлкен дауға айналып, соңында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшыларының абақтыға жабылуына себеп болған. Ол жердегі зиянды қалдықтарды жою мәселесі шешімін әлі таппай отыр. Улы заттарды Германияға жеткізу үшін Беларусь елінің келісімін күту қажет.
Нұрғали Әшімов, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі:
- Рұқсат келсе, жібереміз. Мердігерлердің айтуынша, 2 млн. евро тұрады. Бірақ ол бізге тегін; бюджеттен қаржы қажет етпейді.
Ел экологиясына қатысты тағы бір мәселе – елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік және отандық ірі компаниялардың тиісті ережелерді сақтамай, табиғатты ластауы. Ал қажетті нормаларды сақтап, тиісті төлемдерді өтеп жүрген кейбір кәсіпорындардан түскен қаржы қоршаған ортаны қорғауға жұмсалмайтын көрінеді.
Мэлс Елеусізов, “Табиғат” қозғалысының жетекшісі:
- Қазір Қазақстанда 66 млрд. теңге жиналады: әртүрлі төлем, айыппұл т.б. Оның бәрі қайда жұмсалғанын ешкім білмейді; 4-5 пайыз экологияға деп, ұсақ-түйек. Ал қалған ақша әкімшіліктің қажеттілігіне жұмсалуда. Ол дұрыс емес.
Бұл жерде табиғат жанашыры Мэлс Елеусізов: «Қазіргі қолданыстағы Экологиялық кодекс түкке тұрғысыз, оған дәл қазір өзгертулер енгізбесек, табиғатымызды қорғауға қол ұшын бергісі келетіндердің де жолын байлаймыз» - дейді.
Мэлс Елеусізов, “Табиғат” қозғалысының жетекшісі:
- Бірінші мәселе – ынталандыру, көмектесу. Жақсы істейтін компанияларға жеңілдік беру, дұрыс істемейтіндерден қатал талап ету керек.
Табиғатты қорғау мақсатында біздің еліміз үшін трансшекаралық өзендердің маңызы зор. Ал қасымыздағы Қытай батыс аймағын игеру үшін Қара Ертістің суын молынан пайдаланып, тіпті оны өздеріне бұрып алуды жоспарлап отыр. Егер шығыстағы көршіміз бұл райынан қайтпаса, еліміздегі ең ірі өзен - Ертістің суы мүлдем тартылып, қос жағалауындағы орманды алқап шөлге айналады. Қазірдің өзінде Ертістің жағдайы мәз емес. Үкімет басшысы осы мәселеге орай Қоршаған ортаны қорғау министріне көрші елмен тиімді келісімге келуді тапсырды.
Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:
- Егер ол деңгейде шешілмейтін болса, маған әкеліңіздер, одан да ешнәрсе шықпайтын болса, онда Елбасының алдына апарамыз.
Тағы бір өзекті мәселе - ауа-райын болжау қызметін жаңғырту үшін тиісті қаржының бөлінбеуі. Негізі арнайы бағдарлама бойынша үш жылға 32 млрд. теңге, жыл сайын 8 млрд. теңгеден бөліну керек болатын. Ал Қазгидромедке қазір бөлініп жатқан жыл сайынғы қаржы жарты миллиардқа жетпейтін көрінеді. Бірақ соған қарамастан, ауа-райын болжау қызметі нақты ақпарат беруге тырысуда. Олардың болжамынша, қаңтардың соңына дейін солтүстік аймақтардағы аяздың қаһары басыла қоймайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!