Есірткіге қарсы күрес комитетінің бұрынғы басшысы Асқар Исағалиев Түркияда тұтқындалды
Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің бұрынғы басшысы Асқар Исағалиев Түркияда қолға түсті. Оған өткен жылдың күзінде «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған болатын. Алайда шенеунік сол кезде елден қашып кеткендіктен, оған айып сырттай тағылып, халықаралық іздеу жарияланған. Енді Исағалиевтің осы уақытқа дейін Түркияда бой тасалап жүргені белгілі болды. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов хабарлады. Сондай-ақ, ол жаңа жыл қарсаңында Астанада екі адамды қағып кеткен...
Автор: Нұржан Сабырұлы
20.01.2010
ліктің Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне тиесілі екенін жеткізді.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетін басқарған Асқар Исағалиев Түркияның Анталия қаласында қамауға алынған. Оған өткен жылдың қазан айында «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Алайда заң саласын жетік білетін сезікті бірден шетелге қашып, ізін суытқан. Содан бері оған іздеу жарияланған. Оның осы уақытқа дейін Ресейде, Өзбекстанда, Қытайда, Гонконгта, Израильде болғаны белгілі болды.
Қуанышбек Жұманов, ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:
- 4 ай бойы Қазақстанның Интерпол ұлттық орталығы Түркияның Интерпол орталығы ҰОБ-мен бірлесе отырып, оны ұстау мақсатында Түрік Республикасының аумағында жедел іздестіру шараларын жүзеге асырды. Қазіргі уақытта түріктің құзыретті билік органдары оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесін шешуде.
Асқар Исағалиев Есірткімен күрес комитетінде «Шекара-Есірткі» бөгеу бекеттерін салу бойынша өткен тендерде заңсыздыққа жол берген. Осы байқауда Исағалиев өзінің сыбайласы басшылық еткен «Айдар құрылыс консалтинг» компаниясын жеңімпаз деп танып, бекеттерді салуға қаржы бөлген. Алайда осы Ішкі істер органына тексеру жүргізген Есеп комитеті 37 млн. теңгеге салынған бекеттердің мүлдем сын көтермейтінін, сондай-ақ, есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтуге деп бөлінген 588 млн. теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтаған.
Бүгін Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Астанада жаңа жыл қарсаңында екі адамды қағып өлтірген көліктің Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне тиесілі екенін растады. Орта жастағы екі әйелді мерт қылған “Тойота Ланд Крузердің” тізгінінде сол сәтте аталмыш Агенттік төрағасы орынбасарының жүргізушісі болған.
Қуанышбек Жұманов, ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Осы факті бойынша «Тойота» жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Астана аудандық соты оны қамауға алу туралы санкция берді; сот сараптамасы тағайындалды.
Бұл апат Астананың қақ ортасындағы Республика даңғылында осыдан бір ай бұрын орын алған. Көшені кесіп өтпек болып, жолдың ортасында тұрған әйелдерді қатты жылдамдықпен келген «Ланд Крузер» көлігі қағып кеткен. Бұл көріністер сол кезде көшедегі бейнебақылау камерасына түсірілген. Қатты соқыдан әйелдер оқиға орнында көз жұмды. Осыған дейін Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бұл көліктің өздеріне тиесілі екенін мойындамай келген.
Ал бүгін бұл көліктің агенттікке тиесілі екенін ресми түрде мәлімдеген Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жүргізушінің аты-жөнін жасырып отыр. Оның тек 1964 жылы туған азамат екені ғана белгілі. Қазір бұл дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 296-бабы бойынша іс қозғалып отыр. Онда абайсызда екі немесе одан да көп адамды қағып өлтірген жүргізушіге 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!