Қырғызстан: студенттер әскер қатарында борышын өтейтін болды
Қырғызстанда барлық жоғарғы оқу орындарындағы әскери кафедралар жабылып жатыр. Енді бұл елде студенттер де әскер қатарында борышын өтеуі тиіс. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, арнайы кафедраны бітірген запастағы офицерлер қарулы күштерде қызмет етуге бара бермейді. Айта кетейік, Қырғызстанда әскери билеттерді 12 мың сомға сатып алуға да болатыны белгілі. Бұл ресми түрде заңдастырылған.
Автор: Дастан Шымырбай
21.01.2010
Бүгінде Қырығызстанның әскери комиссариатында 50 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Дегенмен биылдан бастап, олардың қатары бірнеше есеге көбеймек. Қорғаныс министрлігіндегілер әскери кафедраны бітірген студенттердің білімі ешқандай талапқа сай емес деп мәлімдеді. Сондықтан Қырғызстанның барлық жоғарғы оқу орындарындағы кафедралар ресми түрде толықтай өз жұмысын тоқтатты.
Марат Кенжесариев, Қырғызстан Республикасы, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары:
- Бұл бастама запастағы офицерлер дайындау жүйесін толықтай тоқтату деген сөз емес. Біз осы саладағы мамандардың тәжірибесін дамыту мақсатында осындай шараға барып отырмыз.
Бір жылда 4 мыңға жуық студент әскери кафедраны бітіріп шыққанымен, олардың тек 14-і ғана Қарулы күштердің қатарына барыпты. Сондықтан бүгіннен бастап, кафедраға талапкерлерді қабылдауға шектеу қойылғанмен, қазір осында білім алып жатқан студенттер толықтай оқуын аяқтап, лейтенант шенін алады. Әділет Кокоев те осы кафедраның соңғы түлектерінің бірі.
Әділет Кокоев, Қырғыз ұлттық университетінің студенті:
- Болашақ студенттерге мүлдем қиын болды. Себебі, оқуын бітіргеннен кейін олар әскер қатарына баруы тиіс немесе әскери билет алу үшін 12 мың сом төлеуі керек.
Қырғызстанда Қарулы күштер қатарына бармау үшін 12 мың сом немесе 300 АҚШ долларын төлеу қажет. Бұл ресми түрде заңдастырылған. Ақша төлесеңіз, 1 айлық арнайы тәжірибеден өтіп, қатардағы жауынгер шенімен әскери билетке қол жеткізуге болады. Ал енді офицер дайындау ісімен тек Қырғызстандағы жалғыз әскери институт қана айналысатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!