Ақмола облысы: Есіл қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша пайдалануға берілген баспана төңірегінде дау туды
Ақмола облысының Есіл қаласында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген баспана төңірегінде дау шығып отыр. Бірнеше жылдан бері кезекте тұрып, бұл баспанадан шет қалған есілдіктер мемлекет қаржысына салынған үйдің 44 пәтері әділетсіз бөлінді деп шағымданады. Аудан әкімінің орынбасары төрағалық ететін арнайы комиссиясы жасақтаған баспанаға мұқтаж жандардың тізімінде жергілікті билік өкілдерінен бастап, аймақтағы түрлі саланың басшылары бар болып шықты. Мәселенің мән-жайын осы өңірдегі тілшіміз Айзат Тұрғынбекқызы анықтады.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
21.01.2010
Мемлекеттік қызметте жүрген Есіл қаласының тұрғыны, 2-ші топтағы мүгедек Аслан Қожабаевтың пәтер кезегінде тұрғанына биыл 4 жыл болыпты. Тумысынан кемтар азаматқа мүгедектерді әлеуметтік оңалту бағдарламасы бойынша пәтер берілуі тиіс болғанымен, ол жаңа тұрғызылған үйден шет қалып отыр.
Аслан Қожабаев, 2-ші топтағы мүгедек, мемлекеттік қызметкер:
- Мен бала кезден мүгедекпін. Арнайы бағдарлама бойынша пәтер берілу қажет болатын. Мұғалімдер мен дәрігерлерге пәтер берілгеніне қарсылығым жоқ. Ал шенеуніктер неге баспананы өздері бөліп алады? Қазір мен туысқанымның үйінде тұрып жүрмін.
Вера Черняцкая, «Есіл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру» мемлекеттік мекемесінің бөлім бастығы:
- Әрине, баспанаға мұқтаж мүгедектер ауданда жеткілікті. Бірақ Аслан аудандағы мүгедектерді әлеуметтік жағынан оңалту бағдарламасы бойынша баспана берілуі тиіс жалғыз мүгедек. Біз комиссияға барлық құжаттарын жинап тапсырғанбыз.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша, арнайы комиссия 44 пәтерлік коммуналдық тұрғын үйді әлеуметтік жағынан қорғалмаған жандар мен баспанаға мұқтаж мемлекеттік қызметкерлерге беру керек болатын. Әйтсе де, пәтерден шет қалған тұрғындардың сөзінше, тізімге ілінгендердің басым көпшілігі аудандағы жоғары шенді қызметкерлер.
Майя Сұлтанбаева, Есіл қаласының тұрғыны:
- Тұрғын үйі бар аудан әкімі аппаратының жетекшісі, өткен жылы үйін заңдастырған Мәдениет үйінің директоры осы үйден пәтер алды. Ал ана Масловскийді аудан әкімі бізде заңгер жоқтай, өзімен алып келген. Оған да пәтер берді. Мен бұл адамдар баспанаға мұқтаж дегенге мүлдем сенбеймін.
Ал тұрғын үй комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Әділбек Смағұлов мырза бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
- Әкімсіз мен Сіздерді қабылдай алмаймын; оның бұйрығынсыз, қақым жоқ. Ана жолы қаншама таяқ жедім.
Жалпы, Есіл қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер кезегінде тұрғандардың саны 250 адамнан асады. Олардың жартысына жуығы баспанаға зәру.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!