{metadescription}
Алматы: жолды қардан тазартпағаны үшін  аудан әкімдеріне әкімшілік жаза қолданылады
Алматы: жолды қардан тазартпағаны үшін  аудан әкімдеріне әкімшілік жаза қолданылады

Алматы: жолды қардан тазартпағаны үшін аудан әкімдеріне әкімшілік жаза қолданылады

Алматыда осыдан төрт күн бұрын жауған қалың қар әлі толық тазартылып біткен жоқ. Көлік жүретін көшелер мен жүргіншілерге арналған соқпақ жолдарда көк тайғақ. Қалыптасқан жағдай қала тұрғындарын әуре-сарсаңға салып отыр. Ал бүгін Алматы қаласының әкімшілігі осы жағдайды дер кезінде реттемеген бірқатар аудан әкімдеріне әкімшілік жаза қолданатын болды.

Алматы қаңтардағы ақ қар, көк мұзға дайын болмай шықты. Бір күнде бір айдың мөлшерінде жауған қар тұрғындар үшін бірқатар қолайсыздықтар туғызды. Ең алдымен көліктердің қозғалысы қиындап, автобустар жүру кестесінен жаңылды. Екіншіден, дизель отынымен жүретін көліктер қатып қалып, жолаушылардың діттеген жеріне жетуі қиындады. Әкімшіліктегілер болса, жауын мен қарды қатар жіберген табиғаттың тосын сыйына дайын болмай шықтық деп отыр.

Гүлжазира Қажиақпарқызы, Алматы қалалық әкімдігі, Табиғи ресурстар басқармасының бас маманы:

- Аяқ асты болған жағдай, өздеріңіз білесіздер, жауын жауып, арты қарға ұласты. Күрт суып кетті. Бұған жауапты мекемелер, коммуналдық қызметтер уақытында жиюға дайын болмаған.

Бұған қоса, күндіз - көлік кептелісі, түнде - жол жиегіндегі автотұрақ тазарту жұмыстарына кедергі келтірген. Тазаланбаған қар көк мұзға айналып, жол көлік апаттарының да саны артты. Қалыптасқан осы жағдайды дер кезінде реттемеген бірқатар шенеунікке енді жаза қолданылмақ.

Гүлжазира Қажиақпарқызы, Алматы қаласы әкімдігі, Табиғи ресурстар басқармасының бас маманы:

- Көптен түсіп жатқан шағымдарға байланысты бұл мәселе жақын арада қала әкімінің орынбасары Ербол Шормановтың қарауында болды. Сондықтан кейбір аудан әкімдіктерінің осыған жауапты орынбасарларына шара қолданылатын болады.

Ал еліміздің көптеген аймақтарында ара райының қолайсыздығына байланысты жолға шығу шектелген. Мәселен, екі күн бұрын жабылған Қордай асуында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қар құрсауынан 150-ге жуық көлікті босатып, жолаушыларын қауіпсіз жерге жеткізді. Қазір мұнда бірнеше күннен бері асудан өте алмай жүргендер бар.

Әрсен Иманқұлов, жолаушы:

- Ауа райының қолайсыздығына байланысты екі күн бойы тұрмыз. Қордай асуы, қысқасы, сұмдық кептеліс.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері қар құрсауынан 400 адам құтқарылыпты. Өкінішке қарай, 8 адам құрбан болған.

Любовь Шапошникова, ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің аға инженері:

- Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарында тас жолдар жабылды. Төтенше жағдайлар қызметінің көмегімен 400 дей адам, 175 техника қар құрсауынан құтқарылды.

Үскірік аяз әлі де бірнеше күн сақталуы мүмкін. Сондықтан Төтенше жағдайлар қызметі қыс қаhарына мінген тұста алыс жолға шығуды кейінге шегере тұрған жөн дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде