Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық бағыттағы жолдар жабылып, мектептерде сабақ тоқтатылды
Еліміздің бірқатар аймақтарында суық ауа-райының сақталуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық бағыттағы жолдар жабылып, мектептерде сабақ тоқтатылды. Бұл аймақтарда сынап бағанасы 40 градустан көтерілмей тұр. Тек соңғы бір тәулік ішінде төтенше жағдайлар қызметінің ескертуіне қарамастан жолға шығып, далада қалған ондаған адам қар құрсауынан құтқарылды.
Автор: Эльмира Ахметова
21.01.2010
Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарындағы 40 градус аязға екінші апта болды. Осыған орай, Шығыс Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Павлодар облыстарында мектептер мен жоғарғы оқу орындарында сабақ уақытша тоқтатылды.
Думанғазы Арғынғазин, ШҚО Білім беру департаментінің бастығы:
- 19-қаңтардан бастап 750 мектеп жабылды. Бүгін, 21-і күні Риддер қаласы мен Үржарда ғана сабақ болып жатыр. Қалған 17 аудан мен қалаларда 1-11 сыныптарда бүгін сабақ болған жоқ.
Суық ауа-райы еліміздің оңтүстік аймақтарын да әбігерге салды. Алматы облысында сынап бағанасы 15-17 градус суықты көрсетіп тұр. Мамандар: «Ылғалы мол болғандықтан, бұл солтүстіктің 30 градус суығымен пара-пар», - дейді. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Астана-Үрімші бағытындағы жолаушылар пойызы Алматы облысындағы Бескөл бекетінде қатты аяздың салдарынан бір тәуліктен астам уақыт бойы жүре алмай тұрып қалған. Сондай-ақ, кеше Райымбек және Алакөл аудандарында құтқарушылар жолда қалған 18 көлікті қардан аршып, 45 адамды аман алып қалса, бүгін Алакөл ауданы әкімінің орынбасары көлігімен жолда қалып, құтқарушыларды шақыртуға мәжбүр болды.
Күн райы әлі де бұзылуы мүмкін. Ал таулы аймақтарда қар көшкіні болу қаупі сейілмей тұр. Синоптиктердің болжамынша, тек қаңтардың соңында аяз басылып, сынап бағанасы жоғарылайтын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!