Австралия оупеннің ширек финалында өнер көрсететін теннисшілер. Африка кубогі жолындағы футбол мерекесі
Австралия оупеннің ширек финалында өнер көрсететін теннисшілердің алды белгілі болды. Алғашқы екі айналымнан сүрінбей өткен жерлесіміз Евгений Королев үшінші турда Чили теннисінің үздігі Фернандо Гонсалестен ұтылып қалды.
Автор: Төлеген Жұмабек
22.01.2010
Жеке сында ең алысқа шапқан соңғы үмітіміз Евгений Кололев те жарыс жолынан шығып қалды. Есесіне, теннис әлемінің үздіктері әзірге қарсы келгендерді шыдатар емес. Әлемнің бірінші ракеткасы Роджер Федерер екінші айналымда румын Виктор Ханнескуден мерейін асырды. Үш сеттегі бәсекені 6:2, 6:3, 6:2 есебімен өз пайдасына шешкен швейцариялық шебер келесі ойында испандық Альберт Монтаньес пен күш сынасады. Осыдан бір ай бұрын жылдың қорытынды додасында топ жарған ресейлік теннисші Николай Давыденко 6:3, 6:3 және 6:0 есебімен украиналық Илья Марченкодан басым түсті.
Апалы-сіңлілі Венус пен Серена Уильямстердің аяқ-алысы жаман емес. Чехиялық құрбысы Петра Квитовамен күш сынасып көрген әлемнің бірінші ракеткасы 6:2 және 6:1 есебімен жеңіске жетті. Осы күні австриялық Сибиль Баммермен кездескен Уильямстің үлкені Венус те әлемдік рейтингте көш бастап тұрған сіңлісінен қалыса қойған жоқ. Ол екі сеттегі бәсекенің нәтижесі бойынша, қарсыласын басып озды. Германия теннисінің өкілі Юию Гергесті ұтқан даниялық Каролин Возняцки де жарыстың келесі сатысынан орын алды.
Анголада өтіп жатқан Африка кубогі жолындағы футбол мерекесі мәресіне таяп қалды.
Топтық раундтың қорытындысы бойынша өз тобында алғашқы екі орынды иеленген командалар қаңтардың 24-25 күндері ширек финалдық бәсекелердің көрігін қыздырады. “В” тобында екінші орын алған Гана құрамасына алдағы жексенбіге жоспарланған ширек финалдық матч оңай тимесе керек. Өйткені , олар “А” тобында алдына жан салмаған алаң иелері Анголамен бәсекеге түседі. Аты әлемге әйгілі футбол баһадүрі Самуэль ЭТО О бастаған Камерун құрамасы ширек финалға әрең жетті. Соңғы турда Туниспен тең ойнаған камерундік футболшылар ширек сында Египетпен күш байқасады. Жартылай сынға жол ашатын қалған екі жұптағы матчтар да Кот-д Ивуар-Алжир және Замбия мен Нигерия жолығады.
Осы жазда Әлем чемпионатын қабылдайтын Оңтүстік Африка республикасына аты аңызға айналған Диего Марадонаның жолы түсті.
Бұрынғы футболшы, ал бұл күндері Аргентина құрама командасының тізгінін ұстаған Марадона Йоханнесбургтегі орталық стадионға бас сұғып шықты. Ұйымдастыру комитетінің басшысы Дэнни Джорданмен футбол жейдесін алмасқан Аргентина футболының жұлдызы һәм мақтанышы “Соккер Сити” жасыл алаңында өзіндік “мастер-класс” көрсетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!