Шығыс Қазақстан: Бесқарағай жұмысшыларының қазасына жауаптылар әлі анықталған жоқ
Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданындағы жұмысшылардың қазасына жауаптылар әлі әділ жазасын алған жоқ. Марқұмдардың туыстары тергеу ісінің тым баяу жүріп жатқанына наразы. Қайғылы оқиға осыдан бір жарым ай бұрын Үлкен Владимировка ауылында, тұрғындар облыс әкімін қарсы алуға қамданып жатқан кезде орын алған. Мектептің екі жұмысшысы ғимарат сыртына тақтайша іліп жатқан кезде 2-ші қабаттан құлап кеткен.
Автор: Меруерт Бауыржанқызы
04.06.2010
Қаза болған жұмысшылардың туыстары мектепке қайғылы оқиғадан кейін алғаш келіп тұр. Сол күні бүкіл ауыл облыс әкімін қарсы алуға қамданып жатқан болатын. Болат Жармұханбетов пен оның әріптесі Ербол Смағұлов мектеп ғимаратының сыртына әкімнің сапарына арнайы дайындалған тақтайшаны ілуі тиіс еді. Екінші қабатқа көтерілу үшін олар мектеп күзетшісінің тракторын пайдаланыпты. Кенеттен трактордың ожауы сынып кетіп, оның үстінде тұрған жұмысшылар биіктен жерге құлаған. Көп ұзамай екеуі де ауруханада қайтыс болды.
Әсем Жармұханбетова , Б. Жармұханбетовтың жесірі:
- Заң түрінде жазасын алсын!Маған одан басқа ештеңе керек жоқ. Олар қазір түк болмағандай жұмыс істеп жүр.
Мектептегі оқу ісінің меңгерушісі қайғылы жағдайды өз көзімен көрмегенін айтады. Ол тек қайтыс болған электрик пен сантехниктің мектепте жұмыс істегенін және тақтайшаның оқу ғимаратына тиесілі екенін растады.
Бақытжан Сәдуақасова, Борасай мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:
- Осындай жағдай болады деп ойламадық. Бірақ тергеу жүріп жатыр. Оқиға орнында болған комиссия өз шешімін шығарып, оны тергеу орындарына тапсырған.
Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Енді еңбек қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлердің кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда тәртіп сақшылары олардың аты-жөндерін тергеу амалдары аяқталғанша айтудан бас тартып отыр.
Нұрлан Әлімханов, Бесқарағай аудандық ІІБ тергеушісі:
- Бұл жұмыс мектептің тапсырысы бойынша жүргізілген. Оған жауапты адамдар бар. Қандай жағдайда да істі сотқа жібереміз. Әлі де анық-қанығын тексеріп жатырмыз.
Ал Әсем 3 баласымен жалғыз қалды. Күйеуін жерлеу үшін жесір әйел банктен несие алыпты. Енді кінәлілерді сотқа беру үшін қорғаушы жалдамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!