Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Алматыдан репортаж
Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Биылғы мектеп бітіруші түлектер 5 пән бойынша 11 жылғы білімін саралайды. Емтиханның алғашқы күні Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Алматыда болып, оқушыларға сәттілік тіледі. Ұлттық бірыңғай тест барысын біздің тілшіміз де бақылады.
Автор: Бекзат Жүсіп
04.06.2010
Биыл Республика бойынша мектеп қабырғасынан 140 мыңдай оқушы түлеп ұшқалы отыр. Олардың 110 мың 118-і Ұлттық бірыңғай тестке қатысуға ниет білдірген. Ал, сынақтың алғашқы күні ел бойынша талапкерлер 154 пунктте білімдерін сынады. Бір ғана Алматының өзінде 6 870 түлек тест тапсырды. Олардың 174-і «Алтын белгіге» үміткерлер. Қадағалау жылдағыдай қатаң тәртіппен жүріп жатыр. Аудиториялардың барлығына бейне бақылау орнатылып, ата-аналар басқа ғимараттан онлайн режимінде баласын көріп отырды.
Гүлнәр Бабашева:
- Қобалжып, тіпті жылап та жібердік. Қатты уайымдап отырмыз. Сабақ үлгерімі жақсы, Гранттан үміткерміз. Химия пәнін таңдап, медицина саласына оқуға түсем деген ниеті бар.
Ұлттық бірыңғай тесттің алғашқы күні Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Алматыдағы тестілеу орындарында болып, оқушылармен, ата-аналармен тілдесті. Министрдің айтуынша, биыл сынаққа барлығы сақадай-сай, дайындық тыңғылықты жүргізілген. Өткен жылдардағыдай қателіктерге жол бермейміз дейді.
Жансейіт Түймебаев, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Дайын жауап т.б деген сатып жүретін, заңсыз шаруалармен айналысатын адамдар болса, бірден біздің мемлекеттік органдарға хабарлау қажет. Қылмыстық жауапқа тартылады. Қазіргі таңда міне, абыр-сабыр ештеңе жоқ. Барлығы өз деңгейінде.
Биылғы сынақ былтырғыдан өзгерек. Талапкерлер жоғарғы оқу орнына түсу үшін 45 емес, кем дегенде 50 балл, ал болашақ медицина мамандары 55 балл жинауы керек. Емтихан уақыты да ата-аналардың тілегі бойынша жарты сағатқа ұзартылған.
Жансейіт Түймебаев, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Менің бағамды қосып жіберді деген боламйды, бәрін компьютер тексереді. Сканерден өткізеді. Шифры бар, баланың бет-жүзіне, жағдайына, әке-шешесіне - еш нәрсеге қарамайды.
Дәрігерлер де алғашқы көмек көрсетуге дайын отыр. Алайда былтыр есінен танып құлап, қан қысымы көтерілгендер көп болып еді, биыл ондайлар «жоқтың қасы» дейді.
Бөкен Жанкенов, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ медицина орталығының директоры:
- Жүрегінің қан қысымы көтеріліп, түні бойы ұйықтамай шаршап келгендер болады. Оларға беретін дәрілер жеткілікті.
Ал 28 мың мектеп бітіруші Ұлттық бірыңғай тестке қатысудан өз еркімен бас тартқан. Олардың дені шетелге оқуға түсуге ниеттенгендер. Қалғандары арнайы орта білім алуға бел буғандар. Алматыдағы емтиханның алғашқы күні осындай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!