Тұңғыш Президент - Елбасы туралы заңды Нұрсұлтан Назарбаев қабылдамай қойды
Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заңды президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдамай қойды. Яғни, аталмыш заңға Елбасы қол қоймайтындығын білдіріп, Қазақстан халқына, ел Парламентіне және «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесіне осындай Үндеу жолдады. Президенттің Үндеуін бүгін Мәжіліс және Сенат төрағалары шұғыл жиын жинап, арнайы жариялады. Алғашқылардың бірі болып Үндеуді тілшіміз Ғабит Ұзақбай да тыңдап қайтты.
Автор: Ғабит Ұзақбай
04.06.2010
Осыдан бір ай бұрын Парламент Мәжілісінің үш депутаты Әмзебек Жолшыбеков, Розақұл Халмұрадов және Светлана Ферхо Президенттің қауіпсіздігі мен беделін қорғайтын арнайы заң қабылдау қажет деп ұсыныс білдірген. Артынша көп ұзамай тиісті заң жобасы дайындалып, Мәжіліске келіп түсті. Парламенттің қос Палатасы да бұл заңды аз уақыт ішінде бірауыздан түбегейлі мақұлдап, 13-мамыр күні Президенттің қол қоюына жіберген.
Содан бері қоғамда түрлі пікірлер айтылып, әркім өз білгенінше жорыды. Бірақ Президент бұл заңды қабылдамай тастады. Осыған қатысты айтқан Елбасының Үндеуін қос Палатаның төрағалары бүгін бір уақытта қатар жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:
- "Мен қоғамдық пікірде берік қалыптасқан Елбасы мәртебесін заңдастыру туралы Парламенттің шешімін түсіністікпен қабылдаймын. Әлеуметтік зерттеулер бүгінде Қазақстан халқының басым көпшілігі осы идеяны қолдайтынын көрсетіп берді."
Орал Мұхамеджанов, Мәжіліс төрағасы:
- "Еңбегімді бағалап, қолдау білдіргендері үшін қазақстандықтарға шынайы алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, Елбасы мәртебесін тек заңдармен немесе өзге де құқықтық актілермен белгілеуге болмайды деп есептеймін."
«Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымымда қала беремін. Бірақ келешекте ел тағдырына байланысты қосымша өкілеттік сұрайтын болсам, онда халықтың қолдауына ие болатыныма күмәнім жоқ», - дейді Елбасы Үндеуінде. Депутаттар қабылдаған заңда Президенттің өзімен бірге тұратын отбасы мүшелері де жауапқа тартылмайды және мүліктері тәркіленбейді деп көрсетілген. Президент бұған қатысты өз пікірін білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:
- "Менің отбасым туралы. Олар өзге азаматтар сияқты таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуге немесе қоғамдық-саяси қызмет атқаруға және кәсіпкерлікпен айналысуға құқылы."
Орал Мұхамеджанов, Мәжіліс төрағасы:
- "Сонымен қатар барша қазақстандықтар сияқты ел азаматтарын теңестіретін бұлжымас Заңға бағынуы тиіс."
Осылайша соңғы бір ай ішінде қоғамның қызу пікірталасына түскен Елбасы мәртебесі туралы заң Президенттің қолдауына ие бола алмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:
- "Жоғарыда айтылған жайттарға байланысты, құрметті Сенат және Мәжіліс депутаттары, маған жіберілген заңдарға қол қоюдан бас тарту жөніндегі ұстанымымды дұрыс түсінулеріңізді өтінемін."
Орал Мұхамеджанов, Мәжіліс төрағасы:
- "Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 3 маусым, 2010 жыл."
Әйтсе де Парламент депутаттарында бұл заңды қабылдату үшін тағы бір мүмкіндік бар. Конституцияда белгіленген заңдарға сәйкес, құжатты Президенттің қол қоюына апармай-ақ Парламентте қайта дауысқа салуға болады. Егер депутаттардың төрттен үш бөлігі оған дауыс берсе, заң ресми түрде қабылданады.
Әмзебек Жолшыбеков, Мәжіліс депутаты:
- Ондай жолға барудың қажеті жоқ шығар. Уақыт өзі көрсетер. Біз өз халқымыздың алдында осы заң жобасын дайындаған депутаттар ешқандай ұялмаймыз, қиналмаймыз. Өйткені біз халықтың пікірін жеткізуге тырыстық.
Президенттің бұл Үндеуін ресми баспасөз де жариялайды, депутаттар болса, оны алдағы демалыстарда халықпен кездескенде жан-жақты түсіндіреміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!