Азиада: Елбасы дайындықты бақылап, спортшылармен кездесті
Астана Азия ойындарына әзірленуде. Халықаралық дәрежедегі елеулі шараға орай спорттық нысандарды ретке келтіру бірініші орында. Бүгін дайындық барысын Елбасының өзі бақылап, ел намысын қорғайтын спортшылармен кездесті.
Автор: Әлия Нұрлан
13.12.2010
Хоккей шеберлері Нұрсұлтан Назарбаевты осылайша қарсы алды. Олар күні-түні мұзайдыннан шықпайтын көрінеді. Жауапты сын қарсаңында жаттығу тәртібі бұрынғыдан да күшейе түскендей. Ересек командалардың ойынына қарап жас буын үйренуде. Болашақ спорт жұлдыздары Президенттің өзінен де ақыл-кеңес алыпты. Топтың қатарында есімдері әлемге танылған майталмандар баршылық. “Астана” велокомандасы мемлекет басшысы келгенше жылынумен әлек. Жаңадан ашылған велотрек ішінде температура төмен, өйткені мұнда жарыс жолдарымен бірге мұз алаңы да салынған. Нысан құрылысына 20 млрд. теңге жұмсалыпты. Көбіне шет жақта жаттығатын велоспортшылар үшін енді Қазақстанда да жағдай жасалған. Олар өз кезегінде Елбасына велосипед сыйлап, алғыстарын білдірді.
Дархан Қалетаев, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры:
- Спортшылар трекке жоғары баға беріп отыр. Бұл тек қана Қазақстанда емес, бүкіл кеңістікте, дүниежүзілік деңгейдегі трек деп айтуға болады. Қазір велоспорт қоғамдастығының комиссиясы келеді. Халықаралық деңгейде орын береді, сонда көре жатармыз. Бірақ, қазірдің өзінде беріп жатқан бағалары өте жоғары.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!