Өскемен: дәрігерлер мен мұғалімдер жаңа пәтерлерден бас тартуда
Өскемендік дәрігерлер мен мұғалімдер мемлекеттік бағдарлама бойынша несиеге берілген жаңа үйлердегі пәтерлерінен бас тартуда. Олардың айтуынша, мұндай баспанада тұру мүмкін емес. Пәтер іші суық, қабырғалары көгеріп кеткен, ал құбырдағы су ішуге жарамсыз. Ашынған тұрғындар бұл жағдайға арзан құрылыс материалдарын қолданып сапасыз жұмыс жүргізген мердігер компания мен үйлерді қабылдаған арнайы комиссияны кінәлап отыр.
Автор: Элмира Ахметова
14.12.2010
Молдағұлова көшесіндегі үш үйдің тұрғындары қазір не несиелерін төлей алмай, не пәтерлерін жөндей алмай дал болуда. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, арнайы комиссия қабылдаған баспананың жағдайы сын көтермейді. Үй іші суық, құбырлардан су сорғалап, қабырғалары көгеріп кеткен.
Мұрат Дайыров, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Бұрын мен де ауылдағы құрылыста жұмыс істегем. Ауылдық жердің құрылысы мынаған қарағанда жоғарылау. Бұл құрылыстың сапасы өте төмен.
Қазір тұрғындар ауызсуды жақын маңдағы бұлақтан тасып ішеді. «Өйткені мердігер компания тартқан құбырдағы су ішпек түгілі, жуынуға жарамсыз» -дейді олар.
Салынғаннан бері басынан бәле арылмаған аталмыш үш үйдің жағдайымен қала басшылығы да жақсы таныс. Шенеуніктер қазір құрылысты жүргізген «Восток-Билдинг» компаниясымен соттасып жатыр.
Гүлфариза Рамазанова, Өскемен қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:
- Қазір бізде соттың шешімі бар. Оған сәйкес, аталмыш компания барлық олқылықтарды жоюға міндетті. Енді біз сот шешімінің орындалуын күтіп отырмыз.
Тұрғындар мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің сапасына мән бермей, оны тұруға жарамды деп қабылдаған арнайы комиссияның шешіміне таң қалып отыр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, құрылысты жүргізген мердігер компанияның кесірінен бір үйге 5 млн теңгеге жуық шығын келтірілген. Енді компания шығынның орнын толтырып, үйлерге қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!