Спорт
Алматыда қол добынан әйелдер арасында Азия чемпионаты жалғасуда. Алғашқы күні Қытай құрамасын тізе бүктірген Қазақстан гандболшылары бүгін Иран командасынан басым түсті. Есеп - 35:13 Ал ертең жерлестеріміз Солтүстік Корея құрамасымен күш байқасады.
Автор: Төлеген Жұмабек
21.12.2010
Алматыда волейболдан еліміздің ұлттық лигасында өнер көрсететін әйелдер командалары арасындағы бірінші турдың ойындары мәресіне жетті. Алғашқы турды біркелкі өткізген Алматы облысының “Жетісуы” барлық кездесулерін жеңіспен аяқтады.
Соңғы турда 3:0 есебімен “Жетісудан” ұтылған “Қарағанды” бірінші турды екінші , ал екі матчта жеңіліс тапқан Павлодардың “Ертіс-Қазхромы” әзірге турнир кестесінде үшінші сатыға жайғасты. Өз алаңында өткен турда бары-жоғы 7 ұпай еншілген “Алматы” төртінші орынға табан тіресе, олардан бір ұпайы кем “Астана” бесінші орында. Ал, ұлттық лиганы құрайтын ерлер командалары биылғы маусымды Хромтаудағы ойындарымен бастады. Алғашқы жарыс күні Петропавлдың “Есілі” 3:1 есебімен Өскеменнің “Шығысын” қапы қалдырса, атыраулық волейболшылар Теміртаудың “Конденсатына” қарсылық көрсетіп жарытпады. Есеп - 0:3. Турнир қожайыны “ТНК Казхром” да бұл күні жеңіске жете алған жоқ. Олар 2:3 есебімен “Алматы” клубына жол берді.
Футболдан грек елі суперлигасында Пирей қаласының “Олимпиакос” клубы басқаларға дес бермей тұр. 46 жастағы испаниялық маман Эрнесто Вальверде баптап жүрген команда 15 турда биылғы маусымның аутсайдері “Лариссадан” басым түсті.
Ларисса қаласындағы өткен матч тағдырын алаң иелерінің қорғаушысы Панайотис Кациарос соққан автогол шешіп берді. Жергілікті жанкүйерлерді дүр сілкіндірген бұл эпизод кездесудің 35-минутында орын алды. Қақпаға бағытталған допты кері қайтармақ болған Кациарос, қапелімде өзі сан-соғып қалды. Бұдан әрі есе қайтаруға талпынған алаң иелері бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, таблодағы нәтиже өзгеріссіз қалды. Бүгінгі жеңістен кейін есебіне 36 ұпай жазған пирейлік футболшылар көш тізгінін мықтап қолға ұстаса, соңғы бес тур бойы жеңілістен көз аша алмай жүрген “Ларисса” жағдайын тым нашарлатып алды.
“Ираклис”осы турда 2:0 есебімен “АЕКты” ұтты. Салоникиде өткен кездесудегі алғашқы голды жергілікті клуб сапындағы, португалиялық легионер Рикардо Дани соқты.
Қақпа алдындағы қарбалас кезінде ептілік танытқан Дани алаң иелерін алға шығарса, үзілістен кейін Эммануэль Папастерианос, орындалуы жағынан кермет шыққан голдың авторы атанды. Алаңның ортасынан басталған комбинацияны іліп ала жөнелген Папастерианостың алыстан шірене текен добы тоғыздықтан табылды. “АЕК” бүгінгі бәсекеден ұпайсыз қалғанымен, турнир кестесіндегі позициясын жоғалата қойған жоқ. Олар әзірге үшінші орында келеді. Ал, қоржынға үш ұпай салған “Ираклис” турнир кестесінде 10-сатыға көтерілді.
Шайбалы хоккейден ұлттық лиганың кезекті ойын күні “Детройт” өз алаңында “Далласқа” жол берді. Шиеленісті өткен матчтың негізгі уақыты 3:3 есебімен аяқталып, бәсекенің мәселесі овертаймның үлесінде қалды.
“Джо Луис Арена” мұз айдынындағы кездесу алаң иелері үшін сәтті-ақ басталған. Алдымен Павел Дацюк есеп ашса, іле-шала Патрик Ивз есепті еселей түсті. Бірақ олардың қуанышы көп ұзамай, су сепкендей басылды. Өз мүмкіндігін бос жібермеген Брэд Ричардс есепті қысқартса, Бренден Мороу таразы басын теңестіріп үлгерді. Кездесудің екінші бөлігінде Йохан Францен “Детройтты” тағы да алға шығарғанымен, олардан қалыспаған қонақтар сол мезетте-ақ жауап қайтара білді. Кезек овертаймға ауғанда да, Джейми Беннен жеткен шайбаны торға дөп түсірген Луи Эрикссон бүгінгі ойындағы шешуші голдың авторы атанды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!