Павлодарда Ұлы Отан соғысының ардагері соққыға жығылды
Павлодарда қарт жауынгерге қиянат жасалды. Ішімідікке тойып алған ер адам 88 жастағы Ұлы Отан соғысы ардагерін аяусыз соққыға жыққан. Күдікті қазір қолға түсті, бірақ кінәсін мойындамай отыр. Айжан Әлібек әңгімелейді.
Автор: Айжан Әлібек
21.12.2010
Украина мен Кавказды неміс басқыншыларынан азат етуге қатысқан Илья Верник тоқсанды алқымдап қалса да, бүгінге дейін денсаулығы сыр беріп көрмепті. Сұрапыл соғыстан аман қайтқан ол бейбіт күнде дәл үйінің іргесінде мас бұзақының қолынан ажал құша жаздады. Қария: «Күшім жеткенде, мұндай қаскөйлерді майдандағыдай жазалар едім», - дейді.
Илья Верник, Ұлы Отан соғысының ардагері:
- Маған ерік берсе, оны өз қолыммен атып тастар едім. Бұл ұры емес, бұл - нағыз қаныпезер. Менің онсыз да аз өмірім қалды. «Жіберші» деп жалынғаныма қарамай, одан сайын аяғымен соққылай берді.
Илья Верниктің миы шайқалып, қабырғалары сынған. Ақсақалдың айтуынша, ішімдік ішкен белгісіз біреу оған үйдің кіреберіс есігін ашып беруді сұрапты. Ардагер бас тартқан кезде, 40 жастағы ер адам оны соққыға жыққан. Бірақ көп ұзамай қолға түскен күдікті оқиғаның мүлде басқаша болғанын айтыпты.
Динара Балғина, Павлодар облысы ІІД баспасөз қызметінің инспекторы:
- Бастапқы түсініктемесінде күдікті өз кінәсін мойындамай, Ұлы Отан соғысы ардагерімен бірге ішімдік ішкенін және соңынан өзі құлап қалғанын түсіндірді. Бірақ тексеріс барысында оның осы қылмысқа қатысы бары анықталды және куәгерлер табылды.
Күдікті бұдан бұрын да істі болған екен. Енді оған қатысты орташа дене жарақатын келтірді деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Сотта кінәсі дәлелденсе, ол 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!